Әйгерім Берекешева Талдықорған қаласында орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыдағы Қазақ-Америка университетіне оқуға түседі. Білімін Колумбия университетінде жалғастырған жас түлек 2011 жылы оқуын аяқтап, Нью-Йорктегі Ernst Young’s офисінде тағылымдамадан өтеді. Шетелде алған білімі мен тәжірибесін Отанында жалғастыруды мақсат еткен Әйгерім өз компаниясының негізін қалап, бүгінде көптеген шетелдік компаниялармен әріптестікте жұмыс істеп келеді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Нью-Йорк адвокаттар коллегиясының мүшесі, 2017 жылы Еуропа банктері бастамасымен құрылған әрі қазақстандық жобаларды қаржыландырумен айналысатын COCAD заңды тұлғалар қауымдастығы құрылтайшыларының бірі Әйгерім Берекешева заң компаниясының бағыт-бағдары туралы әңгімелеген еді.
– Әйгерім, көптеген жас мамандар білім алғаннан кейін шетелдерде қалуға тырысатыны белгілі. Дегенмен, сіз елге оралып, жеке компанияңызды ашуыңыздың өзі үлкен жетістік. Adilet & Alem компаниясы туралы айтып өтсеңіз?
– Шетелде алған білімімді, тәжірибемді өз елімде жүзеге асыру азаматтық парызым деп білемін. Елге оралғаннан кейін «Розенблатт» халықаралық заң компаниясына жұмысқа тұрдым. Біраз уақыт өткеннен кейін серіктестерім мені адвокат ретінде емес, клиенттермен жұмыс істейтін бақылаушы ретінде көргісі келетінін айтты. Нәтижесінде, 2012 жылы 12 желтоқсанда Adilet & Alem компаниясының негізі қаланды.
– Компания қандай бағытта жұмыс істейді?
– Компанияның негізгі мақсаты – халықаралық заңдар бойынша және корпоративтік кеңестер беру, инвестициялармен жұмыс істеу. Тікелей инвесторлар табуға қолдау көрсету, Еуропалық банктермен жұмыс істеу де компанияның негізігі бағыттарының бірі саналады. Бүгінде компания көптеген шетелдік әріптестермен жұмыс істеуді жолға қойған. Әрине, компанияны алғаш ашқан кезде әріптестер іздеумен, әлеуетті клиенттерге коммерциялық ұсыныстар жіберуде көптеген жұмыс жолға қойылды. Нәтижесінде, «Арселор Миттал» металлургиялық компаниясы және «Промстрой келісімшарт» құрылыс тобы Adilet & Alem компаниясының алғашқы ірі клиенттерінің қатарына кірді. Бірте-бірте олардың қатары ұлғайып, компаниямыз туралы жағымды пікірлер қалыптаса бастады. Бүгінде Adilet & Alem компанияларының клиенттері арасында «Қазпошта», OTIS, Viled Group, PetroChina, Prada Group Kazakhstan, тағы басқа компаниялар бар. Компания тек мүддені ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы келісімшартқа жұмыс істеуді мақсат етеді. Adilet & Alem халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалармен меморандумға қол қойған бірден-бір заң компаниясы. Компания ресми түрде Қазақстанда шетелдік инвесторлармен барлық жобаларды жүзеге асырады. 2014 жылдан бастап Италиямен жұмыстарымызды жолға қойып, Милан қаласында офисімізді аштық. Пандемияға байланысты бірқатар жоспарларымыз кешеуілдеп қалды. Дегенмен, Мәскеуде, келесі жылы Қытайда офистерімізді ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде Baker McKenzie сияқты халықаралық, сонымен қатар Грато, Калибри, Sayat Zholshy & Partners, тағы басқа қазақстандық компаниялармен де жұмыс істеп келеміз.
– Жоғарыда инвестор тартуға қолдау көрсету жайында айтып өттіңіз. Қазақстан жағдайында инвесторлар қандай салаларға көп көңіл бөледі?
– Бүгінде елімізде инвесторлар барлық салаларға қызығушылық танытуда деуге негіз бар. Бірақ барлық салаға бірден келе қояды деп айта алмаймыз. Себебі еліміз оған мәдени, географиялық тұрғыдан дайын емес. Сонымен бірге заңнамалық жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Мысалы, Америкада, Еуропаның сауда-экономикалық заңнамалық жүйесінің бес жүз жылдық тарихы бар десек, кеңестік жүйенің құрамынан шыққан жас мемлекеттің заңнамалық тұрғыдан дамуы ұзақ жылдарды қажет етеді. Алдағы уақытта жаңа міндеттер мен талаптар қоя отырып, әртүрлі салада дамуды жүзеге асыруға тиіспіз. Заңнамалық тұрғыда шетелдік компаниялармен жұмыс істеу қажеттілігі басым.
– Еліміздің заңнамалық жүйесінің әлі де дамытатын тұстары жеткілікті дейсіз. Ал саланы дамыту үшін маман мәселесі қаншалықты жолға қойылған?
– Отандық компанияларды дамыту үшін міндетті түрде шетелдерде білім алу маңызды емес. Біздің компания өз елімізде бітірген түлектерді жұмысқа қабылдайды. Бүгінде шетелдердегі офистерімізде Қазақстанның жоғары оқу орындарын бітірген түлектер еңбек етуде. Әрине, білім сапасы аса жоғары деңгейде деп айта алмағаныммен, ең бастысы тәжірибеге назар аудару. Маман үшін жұмыс барысын игеруге кем дегенде жарты жылдан астам уақыт кетеді. Ал өз ісінің кәсіби шебері болғысы келетін маман үшін кез келген межеден өту қиындық туғызбайды.
– Adilet & Alem компаниясының бағалы қағаздар нарығында да жұмыс тәжірибесі бар екені белгілі. Әйтсе де Қазақстанда бағалы қағаздар нарығы әлі халықаралық дәрежеге көтеріле қоймағаны белгілі.
– Әрине, компанияның бағалы қағаздар нарығында да жұмыс тәжірибесі бар. Дегенмен еліміздің бағалы қағаздар нарығының дами қоймағаны мәлім. Ал саланы дамыту үшін нарыққа тек қазақстандық емес, ТМД елдеріндегі барлық компаниялармен жұмыс істеу қажет. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысын дамытудың да маңызы зор.
– Ал шетелдік компаниялардың заңнамасында мемлекеттік басқару жүйесі қалай жолға қойылған?
– Біздің елімізде дәл шетелдегідей еркіндік жоқ. Мысалы, шетелдерде компаниялардың заңнамасында мемлекеттік басқару жүйесі толыққанды жолға қойылған. Қарапайым мысал, электронды үкімет жүйесін Америка, Швейцариямен салыстыруға келмейді. Осы тұрғыдан алғанда бізге мықты сарапшылар, ісімен, тәжірибесімен үлгі болатын мамандар керек. Оларды даярлау үшін әрі жұмысты жақсарту үшін шетелдерден көшіру міндетті емес. Даму үшін еліміздің географиялық ерекшеліктері мен менталитетін негізге ала отырып, бизнестің бағасын, басқару құрылымын өзгертетін мүмкіндіктер керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира Серікқызы,
«Egemen Qazaqstan»