• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 22 Қыркүйек, 2020

Құстар неден қырылды?

797 рет
көрсетілді

Бір аптаға жетпейтін уақытта елі­міздің бес облысында 54 мыңнан астам құс қырылып қалды. Өлген құстардың 41 мыңы Солтүстік Қазақстан облысының «Бескөл» құс фабрикасына тиесілі.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның мәліметінше, құс­тардың қы­ры­луы Солтүстік Қазақстан, Ақ­мо­ла, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарында тірке­ліп отыр. Дәлірек айтсақ, осы об­лыстардағы 26 ауданның 47 елді мекенінде келеңсіз жағдай орын алған. Оның ішінде жеке ауладағы қырылған құстардың нақты саны – 12 926.

Жалпы, мұндай жағдай Сол­түстік Қазақ­стан облысының 11 ауданындағы 27 елді мекенде орын алды. Бұл ретте 8 ауданның 23 елді мекенінде құс тұмауы расталды. 17 қыркүйектен бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өңірдің 7 ау­даны – Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов және Мағжан Жұмабаев аудандарынан, сон­дай-ақ Айыртау ауданының бір ауылдық округінен құс және құс өнімдерін шығаруға уақытша шектеулер қойды.

– Ақмола облысына қа­рас­ты бес аудан­ның 9 елді меке­нінде 286 құс өлген. 19 қыр­күйектен бас­тап Жарқайың ауда­нында шектеулер енгізілді. Сон­дай-ақ Қостанай облысының 6 ау­да­нында 505 құс өлгені анық­­талды. Бұдан бөлек Павло­дар облысының үш ауданында 1463 құстың қырылу фактісі тіркелді. Сонымен қатар Қарағанды облысы Нұра ауданы­ның бір елді мекенінде 43 құс­тың өлуіне байланыс­ты зертханалық жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Орталық коммуни­ка­циялар қызметіндегі брифингке қатысқан Гүлмира Исаева.

Осы орайда Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті биыл 4 тамыздан бастап Ресеймен шекаралас өңірлерден тірі құс пен құс өнімдерін әкелуге шектеу қойғанын атап өткен жөн. Себебі көрші елде құс тұмауының таралуы осы кезеңмен тұспа-тұс ке­леді. Іле-шала шекаралас аймақтардағы эпи­зоотикалық жағдайды бақы­лап, қадағалау үшін облыс әкім­діктері жанынан жедел штабтар құрылды.

– Дәл қазір құстар жылы жақ­қа ауып жатыр. Солтүстіктен оң­түстікке бағыт алған құстар Қазақ­стан аумағынан да өтеді. Олар жолай суқоймаларға аялдайды. Осылайша құс тұмауын үй құстарына да жұқтырған. Алдымен даладағы жабайы құстар өле бастады. Кейін жеке ауладағы құстар қырылды, – деді вице-министр.

Денсаулық сақтау министрлігі Тауар­лар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, Қазақстанда таралған құс тұмауы (Н5N8) Ресей Федерациясындағы вирус­пен бірдей. Тұмаудың тек Н5N1 түрі ғана адамға жұғады.

– Бұл адам денсаулығына қауіпті емес. Адамнан адамға жұқпайды, таралмайды. Оны коронавирус инфекциясымен байланыстырудың да қажеті жоқ. Аталған вирустың адамға жұғуы сирек кездеседі. Оның өзі індетті жұқтырған тірі немесе өлі құспен қауіпсіздік шараларын сақтамай, тікелей байланысқа түскенде ғана жұғады. Тиісінше, қазір адамдар арасында құс тұмауын жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Санитарлық-эпи­демиялық бақылау қызметі індет ошағы ретінде тіркелген құс фабрикасында жұмыс істеген 400 адамды анықтады. Медициналық бақылауға алынды. Олар­дың жағдайы – қанағаттанарлық деңгейде. Қазір елдегі жағдайға байланысты құс өнімдерін бақылау жұмыстары күшейді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Гүлмира Исаева шектеу шаралары індетті өзге өңірлердегі құстарға жұқ­тырмау мақсатында қолға алынып отыр­ғанын жеткізді.

– Құс тұмауы анықталғаннан кейін республикалық қордан 1,4 млн доза вакцина бөлінді. Ол 4,7 млн құсты егуге жетеді. Сондай-ақ бүгін тағы қосымша 1 млн доза вакцина жеткізіледі. Бұған 3,5 млн құсты егуге мүмкіндік бар. Жалпы, жыл басынан бері комитет өңірлерге құс тұмауына қарсы 3,4 млн доза вакцина үлестірген. Соның нәтижесінде жеке ауладағы 11,8 млн құс уақтылы егілді. Статистика бойынша Қазақстанда 46,7 млн құс тіркелген. Оның 14,7 млн-ы жеке аулаға тиесілі. Яғни, бөлінген вакцина үй құстарын егуге толық жетіп тұр, – деді Г.Исаева

Уақытша шектеулер қойылып, ка­рантин енгізілген елді мекендерде респуб­ликалық эпизоотияға қарсы отряд жұмыс істеуде. Аталған мамандандырылған ұйым аса қауіпті аурулардың ошағын оқшау­лаумен және жоюмен шұғылданады. Бүгінде 220 адам осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Арнайы техникалар да жұ­мыл­дырылған. Олар өлген құстарды жою­мен, дезинфекция жұмыстарымен айналысуда. Сондай-ақ қырылған құстар бойынша өтемақы төлеу де дәл осы отряд­қа жүктелген.

– Әкімдіктерде арнайы құрылған ко­­­мис­сиялар жұмыс істейді. Олар әр өңір­­­дегі құстардың нарықтағы орташа бағасын анықтайды. Ветеринарлық қыз­меттер жіберген материалдарды рес­пуб­ликалық отряд қабылдайды. Өтем­ақы құс иесінің жеке шотына аударылады. Егер құжаттардың бәрі дұрыс ресімделсе, үш жұмыс күні ішінде төлем жасала­ды. Қазір республикалық отрядта шама­мен 390 млн теңге жинақталған. Оның бәрі өтемақы төлеуге жұмсалады, – деді вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтің дерегінше, Қазақстанда жылына 5 млрд 400 мыңнан астам жұмыртқа және 223 мың тонна құс еті өндіріледі. Жұмыртқа өндірісі бо­йынша Қазақстан ішкі нарықты 106 па­йызға қамтып отыр. Бұдан бөлек 500 млн жұмыртқа шетелге экспортталады. Ол Солтүстік Қазақстан облысының құс фабрикаларында тіркелген жағдай ішкі нарықтағы өнім бағасына әсер етпейді деп сендірді. Онсыз да жыл басынан бері құс етінің бағасы 5 пайызға төмендеді.

– Қазақстанда жұмыртқа өндіретін 35 құс фабрикасы бар. Оның бесеуі Солтүстік Қазақстан облысында орна­ласқан. Мұндағы «Якорская», «Адель Кус», «Тайынша» құс фабрикалары вакцинаны уақтылы жүргізудің нәти­жесінде құс қырғынынан аман қалды. Ал қалған екеуінде келеңсіз жағдай тіркелді. Қалыпты режімде жұмыс істеп тұрған үш фабрика өңірді қажетті өніммен жет­кілікті көлемде қамти алады. Өзге өңір­лерге саудалауға да мүмкіндік бар, – деді Еркебұлан Ахметов.

Белгілі болғандай, құс тұмауы алғаш болып анықталған Солтүстік Қазақстан облысының фабрикалары жыл сайын 650 млн жұмыртқа өндіреді екен. Оны негізінен жергілікті халық тұтынады. Сондай-ақ  басым бөлігі Қостанай, Ақмола облыстарына, Нұр-Сұлтан қаласына да жеткізіледі. Өңірде жұмыртқа өндіретін 5 фабрикадан бөлек, құс етін шығара­тын бір фаб­рика жұмыс істейді. Агро­өнер­кәсіпті да­мыту бағдарламасына сәйкес, құс фаб­рика­ларына өндірілген өнім үшін субсидия қарастырылған. Жыл сайын бұл мақсат­қа бюджеттен 15 млрд теңгеден астам қара­жат бөлінеді.