Ғалымдар коронавирус инфекциясы таралмай жатып-ақ індет ошағына айналуы мүмкін жерді Google арқылы анықтауға болады деген пікірде. Бұл туралы зерттеу нәтижелері Massachusets General Hospital-дың ресми сайтында жарияланды.
Бүгінгі таңда адамдар өзін алаңдатқан кез келген сауалдың жауабын интернеттен іздеуді әдетке айналдырғаны белгілі. Инфекцияның ошағын алдын ала анықтауға да сол әдеті көмектеседі. Айталық, Google-дің іздеу жүйесінде ең көп сұрау салынған сөздерді зерттей келе ғалымдар «дәм сезу қабілетінің төмендеуі», «тәбеттің азаюы», «іш ауыру» деген сынды тіркестердің коронавируспен байланысты екендігін анықтаған.
АҚШ-тың Нью-Йорк, Нью-Джерси, Калифорния, Массачусетс және Иллинойс штаттарында Covid-19 вирусы қатты таралғаны белгілі. Осы 5 шатта пандемия етек алардан 2-3 апта бұрын жоғарыда аталған тіркестерді интернеттен іздеушілердің қатары көп болыпты.
– Біз жинаған және саралаған деректерге сүйенсек, адамдардың өз ағзасына қатысты сауалдары Covid-19 вирусының таралу қаупінен хабар береді. Яғни Google trends пандемияға қатысты болжам жасайтын бағалы құралдың рөлін атқара алады, – делінген сайтта.
Жалпы, Google пандемияға қарсы әлемдік күреске маңызды үлес қосып жатқанын айта кету керек. Айталық, ол Apple-мен бірлесіп коронавирус жұқтырған адамдарды тез табуға, олардың кіммен байланысқа түскенін анықтауға көмектесетін технология жасап шығарды.
Коронавирус туралы жалған ақпарат таратушылардың жолын кесуге де Google корпорациясы белсене атсалысты. Індетті емдеуге көмектеседі деген жалған препараттардың жарнамасына да тыйым салды.