• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 23 Қыркүйек, 2020

Оқушыларға компьютер сыйлады

604 рет
көрсетілді

Пандемия оқу жүйесіне ғана өзгеріс енгізіп қоймай, волонтерлік мәдениетін тағы бір сатыға көтергендей. Өйткені төтенше жағдай жарияланғалы ақ жүрек азаматтарымыздың ізгі істеріне талай мақала арналды. Жаңа оқу жылына «Ұлттық волонтерлік желі» де өздерінше қамданды. Бірі мектепке оралса да, рес­публика оқушыларының жартысынан көбі қашықтан оқып жатқаны белгілі. Осы орайда ұйым аз қамтылған отбасыларға қашықтан оқуға мүмкіндік жасап, компьютерлер сыйлады.

«Осы уақытта көптеген отбасы қиын жағдайға тап болды. Әлбетте, ешкім пандемия боларын алдын ала білген жоқ, дегенмен елімізде балаларын қажетті тех­никамен қамтамасыз ете ал­май­тын отбасылардың бары анық. Ал компьютер қазіргі кезде оқушылар үшін маңызды құ­рыл­ғыға айналып отыр. Осы орайда біздің «Ұлттық во­лон­тер­лік желі» «Best for kids» қо­ғамдық қорымен бірлесіп көп­балалы отбасыларға компьютерлер сыйлады. Он моноблокты «Kaspi Bank» АҚ сатып алып берді, бір компьютерді волонтер берді. Компьютерлер толығымен диагностикадан өткізілді, пайдалануға дайын», дейді республикалық фронт-офис менеджері Құралай Жарқымбаева.

«Ұлттық волонтерлік желі­ге» бұл істе қолғабыс еткен «Best For Kids» қоғамдық қоры балалар үйлеріндегі жеткіншектері әлеуметтендірумен айналыса­ды. Отбасыларды Ұлттық волон­тер­лік желі іріктеді. Оларға бұған дейін де волонтерлерден азық-түлік себеттері түрінде көмек көрсетілген-ді.

Ұлттық волонтерлік желі­нің еліміздегі волонтерлік мәдение­тін арттыруға, балалар­ды әлеу­мет­тендіруге бағытталған шаралары осымен тоқтаған жоқ. Ұйым ЮНИСЕФ-пен бірлесіп инклюзивті қоғам балаларының құқықтары туралы волонтерлер үшін онлайн-оқытуды қолға алды.

«Әр баланың білім алуға құ­­қылы және мүмкіндігі шек­теулі балалар да осы қатар­да. Өкініштісі, біздің ел­де инклюзивті қоғам өкілдері дис­криминацияға жиі ұшы­рай­ды.  Олардың әлеу­мет­те­н­уіне, білім алуына жағдай жет­­кіліксіз», дейді Құралай Жар­қым­баева.

Волонтерлерге БҰҰ Бала­лар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы тұрақты өкілі Артур ван Дизен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері коми­те­тінің төрағасы Мадияр Қожах­мет, ЮНИСЕФ-тің Нью-Йорктегі өкілі Элеанор Зейтлин, ЮНИСЕФ ізгі ниет елшісі, белгілі шахматшы Динара Сәдуақасова, «Ұлттық волонтерлік желі» қоғамдық қорының атқарушы директоры, «Birgemiz» республикалық волонтерлер Фронт-офисінің басшысы Татьяна Миронюк, «Балалар құқығы» бағытының үйлестірушісі Александра Краши­нина, «Инклюзивті қоғам» бағытының үйлестірушісі Әліби Қарамурзин дәріс оқиды. 

«Балалар үшін тең мүмкін­дік­тер қамтамасыз ету – ЮНИСЕФ үшін Қазақстанда да, бүкіл әлемд­е де маңызды міндеттердің бірі. Бұл шара Қазақстан 1994 жылы қосылған Бала құқықтары туралы Конвенцияға сәйкес балалардың өмір сүру, даму және әлеуетін толық іске асыру құқығын қорғауды білдіреді. Біз тек онымен шектеліп қалмай, «Бапкерлерге арналған тренинг» республикалық мектебінің жұ­мы­­сын қолға алдық. «Birgemiz» республикалық волон­терлер фронт-офисінің ұйым­дас­ты­руы­мен іске қосыл­ған жоба үйлестірушісі – «Ұлт­тық волонтерлер желісі» қоры», дейді Қ.Жақсымбаева. 

28 тамызда жұмысын бас­та­ған республикалық мектепке республика бойынша 43 адам іріктеліп алынған. Олар сөйлеу мәнерінен бастап бапкерлерге қажет басқа да дағдыларын арттырады. Оқу бағдарламасын талдау, бапкерлерге қойылатын талап-міндеттерге қатысты тал­қы­лаулар, балалармен жұмыс негіздерінен бөлек практикалық сабақтар да өткізіледі. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүр­гі­зіліп жатыр.

Ұйымдастырушылардың ай­­туын­­ша, мектеп жұмысы аяқ­тал­­ғаннан кейін бапкерлер ақ­па­­ратты дұрыс жеткізу, балалар­мен сөйлесу, олармен қарым-қа­ты­нас құру, көпшілік алдында сөйлеу, жеке оқу бағдарламасын құру сияқты дағдыларды мең­геріп шығады. Сонымен қа­тар алғашқы 43 қатысушы үйрен­ген­дерін өз өңірлеріндегі бапкерлерге де үйретеді деген жос­пар бар.