Түрмеде той болушы ма еді? Мұнда да үйлену тойын өткізуге болады екен. Жақында Атыраудағы УГ-157/1 мекемесінде екі жастың некесі қиылды.
– Бізде де үйлену тойы өтеді, – дейді сотталғандар арасында тәрбие жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Қаламқас Әшірхан. – Әрине, әдеттегідей аққайнар атылмайды. Би де болмайды. Бірақ тағдырын тоғыстырған жастардың бұл күнді есте сақтауына ықпал етуді ойладық.
Бірнеше ай бұрын 37 жастағы Денис тергеу изоляторына Қылмыстық кодекстің 188-бабымен (ұрлық) түскен екен. Жақында №2 Атырау қалалық сотының үкімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қатаң режімдегі колонияда өтеуі тиіс. Өзге облыстағы түрмеге жеткізетін этапты күтіп отыр. Атыраудан кетер алдында Ксенияға үйленуді жөн санапты.
– Ксениямен ортақ достарымыз арқылы танысқан едім. Содан бері бірнеше жыл өтті. Бірақ алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің ғой. Биыл өкінішке ұрындырған жағдай орын алып, бас бостандығымнан айырылдым, – дейді Денис. – Некемізді қидыру – екеуміздің ортақ шешіміміз. Өйткені баламыздың заңды әкесі болғанын қаладық.
Түрменің торына түскен Дениспен некесі қиылған Ксенияның өмірге сәби әкелер күні жақын. Ол екі айдан соң баласын қолына алып, күйеуі бостандыққа шыққанға дейін оны енесімен бірге тәрбиелеуге бекініп отыр.
– Бала тәрбиесінде әкенің орны бөлек болары даусыз. Сол себептен Денистің тезірек бостандыққа шығуын күтеміз. Баламыздың болашақта жақсы азамат болып өсеріне сенемін, – дейді Ксения.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, былтыр мұнда 10 күдікті мен сотталушының некесі қиылыпты.
Атырау облысы