Бүгінде елімізде Nur Otan партиясының бұрын-соңды болмаған партияішілік іріктеу іс-шарасы – праймериз белсенді жүргізілуде. Праймериз әлемде демократиялық жолмен партияішілік іріктеу жүргізудің тиімді тәсілі ретінде әбден мойындалып, кеңінен танылған.
Алғаш рет праймериз өткізу туралы Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылдың 21 тамызында партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бастама көтерген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев праймериздің басталуы қарсаңында жасаған Үндеуінде: «Партия билікке жаңа адамдарды – өз ісінің нағыз мамандарын, беделді көшбасшыларды, еліміздің тағдырына жаны ашитын, тиімді шешімдер қабылдап, сындарлы ұсыныстар енгізуге қабілетті адамдарды жылжытулары тиіс», – деді.
Еліміздің саяси жүйесінде алғаш рет жаңаша форматта қолданысқа енген праймериз көпшіліктің ерекше ықыласы мен қызу қолдауына ие болып отыр. Өйткені ол барша қазақстандықтарға, оның ішінде әйел азаматтар мен креативті жастарға елді дамыту жөніндегі жаңаша идеяларымен және тың бастамаларымен бөлісуге, өз қабілеттері мен әлеуеттерін кеңінен танытуға, сол арқылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне, барлық деңгейдегі мәслихаттарға, мемлекеттік органдарға өтуге «әлеуметтік лифт» қызметін атқаратын болады. Праймериздің тағы бір жағымды тұсы – партиялық тізімдегі әйел азаматтар үлесінің 30 пайыздан, ал жастар үлесінің 20 пайыздан кем болмауы. Халқымыздың «Ана разы болмай, Алла разы болмайды» деген дана сөзі бар. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп те дөп басып айтқан. Бүгінгі қазақ әйелі отбасы қамын ғана ойлап қоймай, шаруашылықтың түрлі салаларында тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, еліміздің өсіп-өркендеуіне едәуір үлес қосуда. Праймериз ерлермен қатар әйел азаматтардың да мемлекеттік саясатқа ықпалдасуы үшін тең мүмкіндіктер туғызуда. Сонымен қатар Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының мүшесі, жас кәсіпкер ретінде праймериздің бізге – жастарға беріп отырған осы мүмкіндігі үшін дән ризашылығымды білдіремін. Себебі, бүгінгі күннің жастары экономиканың түрлі салаларында аянбай еңбек етіп, еліміздің саяси өміріне белсенді қатысуда және олардың арасында нағыз көшбасшылар айқындалуда.
Бүкілхалықтық партиямыздың бізге беріп отырған осы мүмкіндігін пайдаланып, мен де праймеризге қатысуға бел будым. Себебі Nur Otan партиясының экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға ықпал етуге, қоғамды одан әрі демократияландыруға, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған идеологиялық бағдарлары менің осы тұрғыдағы көзқарастарыммен толық үйлесім табады. Праймеризге байланысты үгіт-насихат жұмыстарына, дебаттарға қатысып жүріп, өзім туып өскен Шымкент қаласында талантты жастардың, өршіл азаматтар мен білікті басқарушылардың көптігіне көзім жетті. Ақтық сынға білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және өзге де салалардың мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері түсіп отыр. Праймеризге қатысушы үміткерлердің әрқайсысының өзіндік ой-пікірі, қалыптасқан ұстанымы мен тәжірибесі бар. Ең ұтымдысы сол, праймериз атты саяси дода алаңы озық ой-пікірлер мен инновациялық идеялардың генераторына айнала отырып, үміткерлер арасында сындарлы бәсекелестік ахуал қалыптастырды.
Бүгінде әлемді әбігерге салған коронавирус індеті ел экономикасына айтарлықтай нұқсан келтіріп отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында: «Болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс», деп мәлімдеді. Ендеше праймеризге қатысушы үміткерлердің де діттегені – Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын биіктету, оның әлем елдері арасындағы тауашасын бекемдей түсу. Додалы бәйгеде Қазақстанның қарыштап дамуына өзінің креативті идеяларымен, жаңаша бастамаларымен нақты үлес қос алатын, жүзден жүйрік, мыңнан мықты азаматтардың жеңіп шығатыны даусыз.
Нұрсұлтан БАЛАБИЕВ,
Праймеризге қатысушы үміткер, Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының мүшесі, кәсіпкер
Түркістан облысы