Биыл Алматы облысында «2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасының аясында жалпы сомасы 104,1млрд теңге болатын 12 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2400 адамға жұмыс орны ашылмақ. Ал жыл басынан бері құны 14,1 млрд теңге болатын 3 жоба пайдалануға беріліп, 578 тұрғын жұмыспен қамтылған.
Мұнан бөлек, жыл соңына дейін осы бағдарлама аясында 1800 адамды қамтитын жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп, бұған жалпы құны 90 млрд теңгені құрайтын 9 жоба енгізіледі. Индустрияландыру жобалары бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде қажетті инфрақұрылымды қорытындылау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты негізде жүзеге асырылады. Осы мақсатқа 1,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал «2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша жақында жүзеге асатын бірнеше ірі жоба бар. Атап айтқанда, Кербұлақ ауданында «Alacem» зауыты іске қосылмақ. Бұл өндірістің қуаты жылына 1,2 млн тоннаға дейін цемент өндіруге жетеді. Жалпы құны 47 млн теңге инвестиция жұмсалған зауыт 400 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Ал Панфилов ауданындағы «SSA Feed Mills серіктестігі іске қосатын зауыт құрама жем дайындамақ. Қазірге дейін 5 800 млн теңге қаржы құйылып, 87 адамды тұрақты жұмысқа қабылдаған өндірістің қуаты жылына 60 мың тоннаға дейін дайын мал азығын шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ «OTAN GreenFood» ЖШС Ұйғыр ауданындағы құс фабрикасына инвестиция салып, өндірісті қайта аяғынан тұрғызуды мақсат етіп отыр. Жоба іске қосылғанда 500 адамға жұмыс бермек. Қазір бұл іске 10 496,5 млн теңге қаржы салынған.
Бұл бағыт бойынша Талдықорған қаласында жылына 82 мың тоннаға дейін өсімдік майын шығаратын зауыттың екінші кезеңі де іске қосылмақ. Бұған 8 млрд 600 млн теңге инвестиция құйылған, қосымша 110 адам жұмыспен қамтылмақ. Негізінде, Талдықорғандағы зауыттың бірінші кезеңін іске қосу үшін 4,4 млрд теңге жұмсалған болатын. Қазір жұмыс істеп тұрған зауытта 50 адам өз нәпақасын тауып жүр. Өндіріс ыстықтай сығымдау тәсілімен өсімдік майын шығарады. Тәулігіне 500 тонна рапс және 400 тонна күнбағыс өңдейді, соның нәтижесінде өсімдік майы мен жом өндіріледі. Өндіріс шикізатпен 100 пайыз қамтылған. Дайын өнім жергілікті нарыққа шығарылуда. Қытайға экспорттау мәселесі де шешімін тапқан көрінеді.
Жалпы, елімізде жаңа индустрияландыру бағдарламасы бастау алған жылдар аралығында жемісті нәтижеге қол жеткізген аймақтардың көш басында Алматы облысы тұр деп айтуға әбден болады. Мәселен, 2010 жыл мен 2019 жыл аралығында Жетісуда жалпы құны 344,2 млрд теңгені құрайтын 64 нысан пайдалануға берілген. Бұл дегеніңіз 10 мыңға жуық адамның тұрақты жұмыспен қамтылғанын білдіреді. Ал іске қосылған өндіріс орындарында 307,6 млрд теңгенің өнімі дайындалған. Нақты тауардың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 9,1 пайызды құрайды.
Айтпақшы, Индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған өндірістің бірі – 2014 жылы іргесі бекіген «Kelun-Kazpharm» фармацевтика зауыты болатын. Өндіріс Қарасай ауданындағы Елтай ауылында орналасқан. Жобаға 7,5 млрд теңге инвестиция салынған. Қазір «Kelun-Kazpharm» фармацевтикалық зауыты өз өндірісін екі бағытта дамытып отыр. Бұл зауыт дүние жүзіндегі медициналық препараттар өндірісінің сапасын қадағалайтын GMP талабына толықтай сай келетін Қазақстандағы алғашқы кәсіпорынның бірі.
Жалпы, өңір экономикасының дамуына Индустрияландыру бағдарламасының игі әсері тиіп отырғанын мақтанышпен айту керек. Әсіресе аймақтың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағдарламаның септігі молынан тигені анық. Мәселен, биылғы 6 айда ғана Алматы облысында қаржылай құны 89,3 млрд теңге болатын азық-түлік өнімі өндіріліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіммен салыстырғанда 114,2 пайызға артық. Ал жалпы, өнеркәсіптегі өңдеу секторындағы үлес 86,6 пайызға жетіп, республика бойынша үздік көрсеткішке қол жетті. Яғни бұл тұтас Қазақстан аумағында шығарылған азық-түліктің 40 пайыздан астамы Жетісуда дайындалған деген сөз. Ал өңірдің өнеркәсіп саласында мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда 70 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде экспортқа өнім жөнелтуге де кеңінен жол ашып отыр. Атап айтқанда, ет өңдейтін «Империя Фуд» кәсіпорны Қытай, Иран еліне дайын өнім жөнелтсе, «АзияАгроФуд» серіктестігі Қырғызстан мен Өзбекстанды сапалы ұнмен қамтуда. Ал Жаркент крахмал-сірне зауытының дайын өніміне Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей елінің нарығы тәуелді бола бастады. Кондитерлік өнім шығаратын «Хамле компании ЛТД» серіктестігі де Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан тұтынушыларына дайын өнім экспорттап отыр. Яғни, Индустрияландыру бағдарламасының Жетісудағы жемісті нәтижесі дегенде осы мысалдарға жүгінген жөн.
Осы тұста мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі болуы аймақтың экономикасын өркендетіп қана қоймай, шетел инвесторларының назарын аударып отырғанын айтуымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда да Алматы облысының инвестициялық тартымдылығы жоғары деңгейде. Қазір облыстың инвестициялық портфелінде 2029 жылға дейін жүзеге асатын 469 жоба бар екен. Нәтижесінде 4,9 трлн теңге шамасындағы қаржы Қазақстан нарығын дамытуға бағытталып, жергілікті өндірістің кеңеюіне ықпал ететіні аян. Қазірдің өзінде Қазақстанға қаржы салған 19 трансұлттық компанияның 9-ы Жетісу төрінде жұмыс істеп жатыр.
Алматы облысы