«Антиковид» акциясы аясында бірнеше қостанайлық кәсіпкер бірлесіп, облыстық балалар ауруханасына 20 пульсоксиметр әкеліп тапсырды. Жүректегі қан қысымын өлшеп, қан құрамындағы оттегі мөлшерін дәл анықтайтын шағын құрылғының бағасы соңғы уақытта бірнеше есе қымбаттап, қат дүниеге айналып кетті. Сондықтан қазіргі нарықта ақылға сыйымды бағаға сапалы пульсоксиметр табу қиын.
Серік Ыбырай, Валерий Степаненко, Талғат Рахметов, Сергей Миролюбов сынды жергілікті кәсіпкерлер сапасы жоғары қат құрылғыны табудың жолдарын іздестіріп, ақыры АҚШ-қа тапсырыс жіберіпті. Көп кешікпей Қостанайға мұхит асып пульсоксиметр жетті. Кәсіпкерлер шағын құрылғыларды бірден облыстық балалар ауруханасына жеткізіп, бас дәрігер Ұлықбек Асылбековтың қолына табыс етті.
– Бұл құрылғылар пандемия жағдайында қос өкпесі қабынған науқастарға аса қажет. Биылғы бюджетте пульсоксиметр алуға қаржы қарастырылмаған. Оның үстіне қазір мұның бағасы да шарықтап кетті. Бұрын біреуін 5 мың-7 мың теңгеге сатып алуға болатын. Ал қазір әр құрылғы үшін 150 мың теңге сұрайды. Емдеу мекемелерінде қажет нәрсені сатып алудың өзі баяу жүреді ғой. Бұл үшін мемлекеттік сатып алудың сатыларынан өту керек. Осылайша уақыттан ұтылуға тура келеді. Сіздер нағыз сауапты істі қолға алыпсыздар, бүгінгідей сындарлы кезеңде қол ұшын созып, қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін рахмет! Бұл өлшегіш құралдарды аурухана бөлімдеріне таратып береміз, – деді Ұ.Асылбеков.
Бас дәрігердің айтуынша, пандемия басталғалы балалар ауруханасына ірілі-ұсақты кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерден көптеп көмек түсе бастапты. Мысалы, жергілікті «Олжа-Агро» серіктестігі аурухананың бейімдеу бөліміне екі гидромассаж джакузиін алып берген.
– Көп кәсіпкерлер өздері қоңырау шалып, бізге қол ұшын созғысы келетінін айтып, түрлі ұсыныс білдіріп жатыр. Бұл бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді, – дейді бас дәрігер.
Қостанай облысы