• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Қыркүйек, 2020

Алматы облысында әмбебап денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды

582 рет
көрсетілді

Бүгін Алматы облысында 180 орынға арналған жекпе-жек пен күш қолданылатын спорт түрлерінің әмбебап денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Кешен Елбасының 100 ДСК салу туралы тапсырмасына орай Қарасай ауданы, Райымбек ауылында салынды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске асырылған жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңге, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Президенттің Жолдауында халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға көп көңіл бөлінген. Бүгін біз сондай пайдалы да маңызды нысанды елдің игілігіне пайдалануға бергелі тұрмыз. Биыл облыста 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізсек, өткен жылы 5-еуін салып, іске қостық", дейді А.Баталов.

ДСК негізгі 3 бөліктен тұрады.

Бірінші блокта күреспен және бокспен айналысатын залдар, сол сияқты тренажерлық жаттығу жасайтын орын (еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, самбо, қазақша күрес, бокс, тай боксы/муайтай, бодибилдинг, кроссфит) бар.

Екінші блокта тілек білдірушілер шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисін ойнап үйрене алады, сонымен бірге бимен және түрлі сауықтыру гимнастикаларымен айналысуға мүмкіндік жасалған.

Үшінші блокта тағы бір әмбебап зал бар, мұнда мүмкіндігі шектеулі 6 адамға арналған орынды қоса алғанда 325 көрерменге арналған орны бар трибуналы әмбебап зал минифутбол, волейбол, гандбол ойындарына арналған. Сонымен қатар ДСК-ның қоршалған аумағында күндіз және түнгі уақытта футбол ойнауға арналып жасанды жабын төселген футбол алаңы, сол сияқты балалар ойын алаңы мен тренажерлық алаң орналасқан. 

Атап өтсек, Алматы облысында 3 мыңнан астам спорттық нысандар, 37 спорт мектебі бар. 500-ден астам жетісулық спортпен тұрақты айналысады. Биыл спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген.