ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты үлкен жаңалық – 105 компания қатысқан халықаралық байқауда АҚШ сәулетшілері ұсынған жоба ең үздік болып танылды. Көрме кешенінің ең үздік эскиз-идеясына арналған байқаудың жеңімпазы - Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясы.
ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты үлкен жаңалық – 105 компания қатысқан халықаралық байқауда АҚШ сәулетшілері ұсынған жоба ең үздік болып танылды. Көрме кешенінің ең үздік эскиз-идеясына арналған байқаудың жеңімпазы - Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясы.
Америкалық сәулетшілердің жобалауынша, көрмелік ғимараттар әлемдегі ең үздік футуристік пішінмен салынбақ. Ал, ЭКСПО-қалашықтың дәл ортасындағы павильонды «Елбасы» деп атауға болады. «Бұл биосфераны мен «Назарбаевтың ғылыми зерттеулері» деп атауға ұсыныс жасадым. Сіздерде «Елбасы» деген термин бар екен, бұл сфераны Елбасының құрметіне осылай атауға болады. Ол бүкіл адамзатты бір қауымдастыққа біріктіретін жаңа адамзат нәсілінің символына айналуы мүмкін. Себебі, біз бәріміз осы ғаламшарда бір-бірімізбен татулық пен үйлесімділікте өмір сүреміз. Бұл – келешекке жасалатын керемет саяхат болмақ», деді байқаудың қорытындысына орай өткен жиында белгілі экономист, «Үшінші өнеркәсіптік төңкеріс» атты еңбектің авторы Джереми Рифкин.
Америкалықтардың жобасы несімен үздік шықты?
Астанадағы «Риксос» қонақ үйіндегі басқосуда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Талғат Ермегияев жеңімпаз компанияның жобасында ұйымдастырушылар қойған барлық негізгі талаптар ескерілгенін атап өтті. Олар: тұрақты даму, сыртқы көрінісі, қала сәулетімен органикалық жағынан үйлесімі және үшінші индустриялдық төңкерістің бес элементі.
Ал, америкалық сәулетшілердің жобасы қай жағынан үздік шықты? Біріншіден, жаңашылдығы. Бір қарағанда сызбадағыдай ғимараттарды Голливудтың қиял-ғажайып фильмдерінен ғана көруге болады. Адам таңғаларлықтай нысандарды бейнебір жат ғаламшарлықтарды қарсы алуға салатын сияқтымыз. Өйткені, футуристік формадағы мұндай павильондар әлемнің ешбір елінде жоқ, тіпті болмауы да мүмкін. Екіншіден, ЭКСПО-қалашық тұтастай өзін-өзі жарықпен, жылумен қамтамасыз етеді. Ол үшін сәулетшілер жобалағандай, ғимараттардың шатырына Күн батареялары қойылады. Орталық кешеннің алдына да, қалашықтың аумағын бойлай да жел турбиналары орнатылады. Сонымен қатар, ғимараттар да, инфрақұрылым айналасындағы нысандар да энергия тиімділігі тұжырымдамасына сәйкес етіп салынады. «ЭКСПО-кешеннің көшелері желден, Күннен қуат алатындай пішінде жобаланған. Біздің ойымызша, өте тиімді электр қуатына қол жеткізуге болады», деп ой бөлісті жобаның құпиясымен Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясының өкілі Роберт Форест. Оның айтуынша, қалашықта «ақылды» көлік жүйесі іске қосылып, электромобильдер қайта қалпына келетін энергиямен қоректенеді. Бұл – ауаны, табиғатты ластайтын ешқандай да қалдықтар, зиянды өндірістер болмайды деген сөз.
Америкалықтардың жобасының үшінші артықшылығы – көрмеден кейін барлық нысандарды өзгертуге, толықтай пайдалануға болатындығы. «ЭКСПО-қалашықтың Назарбаев университеті мен медициналық кластерге жақын орналасқанын ескере отырып, біз нысандарды басқа мақсаттарға пайдалана аламыз. Мәселен, бұл аумақ балабақша, мектеп, зертханалар, студенттер мен оқытушылардың тұрғын-жайлары орналасатын студенттер қалашығына айналуы мүмкін. Сонымен бірге, бірқатар ғимараттар Мәдениет және ақпарат министрлігіне беріледі», деді аталған басқосуда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың бас сәулетшісі Айдар Марат. Көрме-кешеннен бөлек, бұл аумақта саябақтар, тұрғын үйлер, бизнес орталықтары, 10 мың автокөлік сыятын алып автотұрақ салынбақшы.
Жеңімпаздың жобалары және Астанадағы ЭКСПО-қалашық
ЭКСПО-қалашық жобаларының байқауында басқаларды шаң қаптырған жеңімпаз жөнінде бірер сөз. Adrian Smith+Gordon Gill Architecture – әлемдік деңгейдегі жетекші, танымал және тәжірибелі сәулеттік компаниялардың бірі. Ол Дубайдағы (БАӘ) «Бурдж Халифа», Джиддағы (Сауд Арабиясы) әлемдегі ең биік ғимарат – «Кингдом Тауэрді» жобалаған. Компанияның портфолиосында қалпына келетін энергия және «жасыл құрылыс» технологияларын қолдану бағытында бірқатар жобалар бар. Оған мысал, Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Pearl River – энергияны тұтынудан гөрі көбірек өндіретін әлемдегі тұңғыш энергиялық көк тіреген ғимарат, Дубайдағы Verde резиденциясы (бұл өзін-өзі 90 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз ететін орнықты ауданды дамытудың алғашқы тұжырымдамасы), АҚШ-тағы Чикаго қаласының орталық бөлігін де карбонизациялау жоспары, Мубадала компаниясының белгілі тұрақты қала жобасы – Масдар Сити компаниясының штаб-пәтері ғимараты. Сондай-ақ, Adrian Smith+Gordon Gill Architecture ірі қала құрылысы бағытында Қытайдағы Тьянфу және Ченгду экологиялық қалаларын тұрғызып жатыр.
Астанадағы көрмеге қайта оралайық. Алып құрылыстың ауқымды көлемін көзге елестету үшін америкалық сәулетшілердің жобасына тереңірек үңілейік. ЭКСПО-қалашықтың жалпы ауданы – 173,4 гектарды құрайды. Соның ішіндегі 25 гектары – көрме кешенінің өзіне тиесілі, ал 148 гектарына тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, желекжолдар салынады. ЭКСПО-қалашық Есіл ауданындағы Қабанбай батыр, Хусеин бен Талал, Орынбор және Рысқұлов көшелерінің шаршысында бой көтереді. ЭКСПО-қалашықтың «жүрегі», көрменің символы «Бәйтерек» монументімен және Назарбаев университетімен тікелей байланысқан «Қазақстан» павильоны болмақ. Шетелдік сәулетшілердің жобалауынша, жалпы диаметрі 150 метрді құрайтын сфера 3 қабаттан тұрады. Жалпы ауданы 24 мың шаршы метрге салынатын ғимараттың өзі электр қуатын өте тиімді пайдалануды паш етеді. ЭКСПО-ның «жүрегін» жан-жағынан халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар қоршап тұрмақ.
«Энергия әлемі», «Тіршілікке арналған энергия», «Баршаға арналған энергия», «Менің болашақ энергиям» атты тақырыптық павильондарының әрбіреуі шамамен 4 мың шаршы метрге орналасады, олардың жалпы ауданы 16 мың шаршы метрді құрайды. Халықаралық павильондардың үлесіне 95 мың шаршы метр жер бөлінген. Яғни, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын 100-ден астам мемлекеттер өз павильондарын ұсына алады. Сондай-ақ, 9 мың шаршы метрді иеленетін корпоративтік павильондарда көрменің демеушілері мен серіктестерінің коммерциялық ұсыныстары қойылады. 14 мың шаршы метр Өнер орталығына бөлінген. Бұл – ЭКСПО-2017-нің мәдени, ойын-сауық бағдарламасына арналған алаң. Сонымен бірге, баламалы энергияның үздік тәжірибелерін жұртқа көрсететін Үздік тәжірибелер аймағы мен жиындар өтетін Конгресс-орталыққа да арнайы жер бөлінген.
«Таңдап алынған форманың өзі бұл ғимараттардың тиімділігінен хабар беріп тұр, – дейді Роберт Форест. – Көрме-кешеннің өзі қозғалыстағы судың, желдің, Күннің бейнесін береді. Біз бұл жобаның бірегей болуына ерекше назар аудардық. Мәселен, ғимараттардың өзі энергия мен жылуды өндіріп, бір жерге жинақтайды. Жылуды жер астында сақтайтын арнайы бөлмелер болады. Сол бөлмелердегі жылуды қажетті жерлерге жіберетін жүйе іске қосылады». Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясының өкілінің айтуынша, ЭКСПО-қалашықтың көшелері Астанадағыдай параллель орналаспаған. Яғни, Күн сәулесінен электр қуатын өндіретін ғимараттардың шатыры оңтүстікке, ал желдің күшінен энергия өндіретін қондырғылар солтүстікке қаратып орнатылады. Ең бастысы, электр энергиясын жинақтайтын жүйе үздіксіз жұмыс істейді.
Айта кетелік, ЭКСПО-2017 көрме кешенінің құрылысы 2014 жылдың II тоқсанында басталады да, 2016 жылы толықтай аяқталады. «Бүгінгі күні біз көрме кешеннің тіркеу құжаттарын құзырлы мемлекеттік органдарға жібердік. Маған жеткен ақпарат бойынша, ол қазір ҚР Президенті Әкімшілігінің қарауында көрінеді. Одан әрі, ол 29-шы қазанда мемлекеттік комиссияның мақұлдауына жолданады. Содан соң, біз бұл жобаны Халықаралық көрме бюросының назарына ұсынамыз», деді Талғат Ермегияев.
ЭКСПО-2017 көрмесі индустрияны өркендетеді
ЭКСПО-2017-нің елімізге әкелетін пайдасы көп. Соның бірі – отандық құрылыс индустриясы қарқын алады. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басшылығының пайымдауынша, ЭКСПО-2017 жобасы отандық өнеркәсіптің жаңа салаларын дамытатын катализатордың рөлін атқарады. Ең бастысы, көрме кешенін салуда әлемдік сәулетшілердің тәжірибесін үйреніп, жаңа жұмыс орындарын ашамыз. Бұл құрылыстың негізгі пайдасы – отандық құрылыс материалдарын қолданамыз. Егер де оған қажетті материалдар Қазақстанда шығарылмайтын болса, онда тиісті өндіріс орындары ашылады, яғни, еліміздің құрылыс индустриясы одан әрі дамиды. «Құрылысты тиімді жолмен жүргізу үшін жергілікті жерде шығарылған материалдарды қолданғанымыз жөн. Сондықтан, мүмкіндігінше біз қазақстандық материалдарды пайдаланамыз, ал қандай да бір қажетті компонент болмай қалса, онда оны импорттаймыз. Бірақ, көрменің мақсаттарының бірі – өнеркәсіптің, соның ішінде құрылыс индустриясының жаңа салаларын дамытуға серпін беру. Сондықтан, Қазақстанда шығаруға болатын материалдардың өндірісін жергілікті жерден ашамыз», деді Р.Форест.
Мәселен, ғимараттарға қажетті материалдың бірі – шыны. Ал, Сарыарқаның 40 градус аязына шыдайтын шыныны қайдан аламыз? Роберт Форестің айтуынша, жобалаушы компания мұндай аса маңызды мәселеге ерекше көңіл бөлген. «Мұндай температураға шыдайтын шыныны жергілікті зауыттардың біріне тапсырыспен жасатамыз. Ол әрі қатты аязға сынбайтын, әрі Күннің сәулесін жақсы өткізетін болуы керек», дейді америкалық сәулетші. Алайда, біздің құрылысқа қажетті өндірістерімізді дамытуға азғантай уақыт қалғаны рас. Сондықтан, шетелдік мамандар уақыттың тығыздығын ескере отырып, құрастыратын өндірісті қолға алмақшы. Яғни, құрылысқа қажетті материалдар өндірілетін жерінде (шетелде) өңделіп, Қазақстанда құрастырылады.
ЭКСПО бізге не береді?
Америкалық экономист, Экономикалық үрдістерді зерттеу қорының жетекшісі Джереми Рифкиннің пікірінше, әлемде алғаш рет үшінші индустриялық төңкерістің тұжырымдамасы Қазақстанда іске асырылады. Оның айтуынша, ЭКСПО-2017, бұл ойын-сауыққа арналған жоба емес, керісінше, Назарбаев университетімен біріктірілетін үшінші индустриялық төңкерістің бір бөлшегі.
«ЭКСПО-ның идеясын жүзеге асыру Астанада «биосфера жазығын» қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Астанадағы басқосуда Үшінші индустриялық төңкеріс тұжырымдамасының авторы. – Әйгілі силикон жазығы – бұл ғылыми және кәсіпкерлік машықтардың жиынтығы, жаңалық енгізудің алаңы, бірақ ол да үшінші индустриялық төңкерістің бір бөлшегі. Адамзат баласы енді «биосфера жазығын» құруды ойластыруы керек. Ал, биосфералық зерттеулер – ғылымдағы тың бағыттың бірі. Қазақстан осы биосфералық зерттеулерді жүргізетін халықаралық орталыққа айнала алады. Біз қазір Қазақстанда қолға алып жатқан шаруалардың барлығы бүкіл ғаламшардың жол картасы болуы мүмкін. Сөздің тоқ-етері, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі Үшінші индустриялық төңкерістің барлық негіздерін қалыптастыратынына сенімдімін».
Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясының өкілі Роберт Форестің пайымдауынша, ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанда алып инновациялық ортаны қалыптастырады.
«Атап айтарлығы, көрмеден кейін Қазақстанның бас қаласына көзге көрінерлік алып сәулет кешенімен қатар, жаңа инновациялық әлеует мұраға қалады. Яғни, Астана қоршаған ортаға қауіпсіз тұрақты энергетиканы дамытудағы әлемдік көшбасшы қалаға айналады. Бұл жетістік қарқынды түрде дамып келе жатқан Қазақстанды әлемдегі «жасыл» бағытта жылжитын бірден-бір мемлекет ретінде көрсетеді», дейді ол.
Ал, қазақстандықтардың ЭКСПО-2017-ге артатын үміті, сенімі бұдан да зор. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров бұл ұлттық жоба барлық жағынан да тиімді болады деген ұстанымда. «ЭКСПО-қалашық өзіне қажетті мөлшерден көбірек электр қуатын өндіріп, оның артығын қалалық электр желісіне береді, – дейді Нұрлан Жамбылұлы. – Егер де белгіленген киловатт қуаттың қаржылық шығындарына қарасақ, баламалы энергия дәстүрлі энергиядан қымбатырақ. Жел энергиясы көмірмен шамалас, ал Күн энергиясы біржарым есеге қымбат. Бірақ, жоба өзіне жұмсалған шығынды өтегеннен кейін энергияның құны қандай болады? Мысалы, көмір стансасы мен жел қондырғысын салыстырайық. Әрине, баламалы энергия іс жүзінде тегін болады. Егер алдағы 30 жылдық кезеңді алатын болсақ, онда қайта қалпына келетін энергия көздері газ және көмір стансаларына қарағанда өте арзан энергия беретіні сөзсіз. Мысалы, көмір, газ, атомнан энергия өндіру үшін қаншама шығын кетеді: қаржылық шығын, отынның құны, оны тасымалдау, электр қуатын тасымалдау, ауаға таралған зиянды заттарға төлем төлеу және т.б. Ал, қалпына келетін энергияның бір ғана компоненті бар. Ол – қаржылық шығындар. 100 мегаваттық Күн энергиясын өндіретін ферманы 5-ақ адам ұстай алады».
«Егер де қандай бір тиімділігі болмаса, ЭКСПО-ны өткізуге әлемдегі мемлекеттер бекер таласпайды ғой, – дейді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың басқарма төрағасы Талғат Ермегияев. – Біріншіден, бұл шара біздің экономикалық-әлеуметтік жағдайымызға үлкен серпіліс береді. Қалайша? Мәселен, шағын және орта бизнес өкілдері миллиондаған қонақтарға қызмет көрсетеді. Біреулер дәмді ас пісірсе, екінші біреулер киім-кешек тігеді. Сондай-ақ, алып құрылысқа қаншама адам жұмысқа тартылады. Менің ойымша, кем дегенде 10 мың адамға жаңа жұмыс орындары пайда болады. Туризмнен түсетін табыс өз алдына. Әрі көрмені тамашалауға, әрі демалысқа келген шетелдік туристер біраз ақшасын қалдырып кетеді. Сондай-ақ, көрме аяқталған соң, бірқатар тұрғын үйлерді, кеңселерді сататын боламыз. Тізбелей бірсек, бұл көрменің тиімді тұстары өте көп».
«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі – Қазақстанды күллі әлемге қарқынды дамуға ұмтылған қазіргі заманғы мемлекет ретінде танытады. Назарбаев университетімен біртұтас тұжырыммен салынатын ЭКСПО-қалашық Астанада әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталықтарын ашуға зор мүмкіндіктер береді», дейді Германияның Қазақстандағы елшісі, доктор Гидо Херц.
Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.
АСТАНА.