Өңір экономикасының дамуына серпін беретін жаңадан ашылған кәсіпорындардың жобалық қуатына шығуы басты назарда ұсталуда.
Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұханов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген кездесуде кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, облыс бойынша жалпы сомасы 517,2 миллиард теңге тұратын 74 инвестициялық жоба Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген. Бұл жобалар жүзеге асқанда 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 2011-2012 жылдары 188,3 миллиард теңге болатын 64 жоба пайдалануға беріліп, жаңадан 5 мың жұмыс орны ашылған. Биыл индустрияландыру картасы аясында 118,2 миллиард теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылуы тиіс, бір мың жаңа жұмыс орны ашылуы қажет болатын. Бүгінгі күнге дейін 1,5 миллиард теңгенің 6 нысаны іске қосылып, 240 адам еңбекке тартылды. Олардың арасында «Стройдеталь» ЖШС-нің қуыс плиталар шығаратын өндірістік кешені мен «Қазхром» АҚ жаңа ферроқорытпа зауыты аса маңызды да ірі кәсіпорындар болып табылады.

«СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ №3 Жаңажол газ өңдеу зауытының екінші және үшінші кезегі іске қосылғанда көгілдір отын тек біздің облыстың аудандарына ғана емес, Қазақстанның оңтүстігін де газбен қамтамасыз ететін болады. Газ турбиналық стансаның қуаты 160 МВт-қа дейін артады, бұл облыс экономикасын өз электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нысанды 2014 жылы іске қосу көзделген.
«Қазақстан теміржолы» АҚ қолдауымен салынып жатқан рельс зауытының болашағы зор. Алдағы уақытта электрлі болат балқыту зауыты және алғашқыда қуаты 40 МВт болатын, кейін 150 МВт-қа дейін кеңейтілетін газ турбина электр стансасын салу жоспарлануда. Бұл жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 115 миллиард теңгені құрайды.
– ҮИИДБ-ның екінші бесжылдық жоспары жасалуда. Онда еліміздің әр өңірінің 2020 жылға дейінгі экономикалық мамандануы қарастырылатын болады. Біздің облыстың перспективалық бағыттары – мұнай мен газ, темір кендерін өндіру мен өңдеу, металлургия және химия өнеркәсібі, сондай-ақ, құрылыс индустриясы болып табылады, – дейді Марат Балмұханов.
– Оның мәлімдеуінше, 2020 жылға қарай өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемі 1,7 триллион теңгеге жетеді. Ал, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 300 миллиард теңге болады, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 600 миллиард теңгені құрайды.
Қазір Қазақстанның индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған нысандардың арасынан 42 кәсіпорын толық қуатына шықса, 6 жоба 70 пайыз шамасында жұмыс істеп тұр. Ал, 19 кәсіпорын өндірістік қуатының 30 пайызын ғана пайдалануда көрінеді.
– Олардың барлығына ортақ кемшілік, өнімдерін өткізу рыногының болмауы дер едім. Өкінішке қарай, Индустрия және жаңа технология министрлігінің бұл талаптарын жобалардың бастамашылары түбегейлі ойластырмағаны аңғарылады, – деді ол.
Басқарма басшысы объективті себептермен кенжелеу қалған нысандарды мысалға келтірді. «Анди» ЖШС сүт фермасын іске қосу кезінде мал дәрігерлік қызмет таңдалған елден ірі қара әкелуге рұқсат бермеген. Қазір бәрі қалпына келген, үстіміздегі жылғы қараша айында бұл серіктестіктің сүтінің дәмін ақтөбеліктер тататын болады.
Ал, «Ақтөберентген» АҚ жағдайының күрделілігі өзгеше сипатта болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі осы кәсіпорын шығаратын отандық рентген аппараттарын сатып алуға келісімшарты болғанымен, оларды шетелдерден сатып ала бастады. Жағдай облыстық әкімдіктің бақылауында. Денсаулық сақтау министрлігінде өзекті мәселені оң шешудің жолдары қарастырылуда.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.