• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Қараша, 2013

Ауыл инфрақұрылымы дамитын кез келе ме?

450 рет
көрсетілді

Депутаттар министрге осы сұрақты көлденең тартты

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетек­ші­лігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көр­ме­сіне қатысты заң жобасы заңнамалық айналымға алынды. Сондай-ақ, депутаттар назарына агроөнеркәсіп кешені мен мемлекеттік органдардың құзыретін заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері ұсынылды.

 Депутаттар министрге осы сұрақты көлденең тартты

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетек­ші­лігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көр­ме­сіне қатысты заң жобасы заңнамалық айналымға алынды. Сондай-ақ, депутаттар назарына агроөнеркәсіп кешені мен мемлекеттік органдардың құзыретін заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері ұсынылды.

Күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешені мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Мәжілістің бір топ депутаты бастамашы болыпты. Қысқаша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Роман Ким 12 заңнамалық актіге, соның ішінде 4 кодекс пен 8 заңға өзгерістер көзделіп отырғандығымен бөлісті.

Атап айтқанда, заң жобасы агроөнеркәсіп кешені мен ветеринария саласын жетілдіруге бағытталған. Жалпы, заң жобасы Мемлекет басшысының заемдарды мемлекеттік сақтандыру мен кепілдендірудің жүйесін ендіру туралы тапсырмасына сәйкес әзірленіп отыр екен. Бұл жеке инвесторлардың агроөндірістік кешендегі орын алуы мүмкін тәуекелдерін төмендетуі тиіс. Сонымен қатар, жаңа өндіріс қуатын құрған немесе барын жаңғыртуға жіберген шығынның бір бөлігін өтеп беру көзделеді. Бұдан басқа, қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау қарастырылған.

Әсіресе, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды саналатын қант қызылшасы мен сүтті сатып алуды субсидиялау басты назарда болмақ. Баяндамашының сөзіне қарағанда, осының өзі түпкі өнімнің бағасына, оның нарықтағы бәсекелестігіне әсер етеді. Түптеп келгенде, мұндай тетік ішкі нарықта тұтынылатын отандық өнімнің үлесін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға өзіндік ықпалын тигізетін болады.

Р.Ким, сонымен қатар, заң жобасымен ветеринарлық-санитарлық қағидаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты қатайту ұсынылып отырғандығын да жеткізді. Және де ауыл тұрғындарын қолдаудың жаңа шаралары да қарастырылып, агроөндірістік кешенге барушыларды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен қолдау болары айтылмай қалмады. Ауыл шаруашылығы малдарына қажетті бұйымдар мен ветеринарлық анықтамаларды және паспорттарды тегін беру назардан тыс қалмаған.

Депутаттар залда отырған Ауыл шаруашылығы министрі Асылбек Мамытбековке бірқатар сұрақтар қойып үлгерді. Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов өз сауалында аталған сала жұмысына көңілі толмайтындығын ашық білдірді. Депутат Үкімет Президенттің ауыл инфрақұрылымын дамытуға қатысты тапсырмасын қашан, қалай жүзеге асырмақшы? деген сұрақты төтесінен қойды. Заң жобасымен ауылда өскен жастардың ауыл шаруашылығы мамандығын алғандарын ауылға қайтару үшін мемлекеттен қаржы бөлу қарастырылып отырғандығын көлденең тартқан депутат оны былайша түйіндеді: «Негізгі себеп – ауылда тұрмыс-тіршілік үшін қажетті инфрақұрылымның жоқтығы. Қалада қалай өмір сүріп жатса, ауылда сондай өмір сүретін болса, мұндай шараның керегі жоқ еді».

Етке қатысты қойған Владислав Косаревтің сұрағына орай жауабында министр қара малдың аналық басын ұстауға 18,5 мың теңге субсидиялау нәтижесінде Қазақстан алғаш рет сыртқа сиыр етін шығара бастағандығын жеткізді. Осылайша, талқыдан өткен заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Отырыста бұдан басқа «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мем­ле­кеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қолдау тауып, Сенатқа жолданды. Заң жобасымен мемлекеттік органдардың құзыреті ел Конституциясында, конс­­титуциялық заңдарда, сон­дай-ақ, заңға тәуелді актілер­де де белгіленуі мүмкіндігі қарас­тырылады. Осы ретте қол­даныстағы заңнамалық актілерден мемлекеттік орган­дардың ма­ңызды қоғамдық қатынастарды реттемейтін функцияларын алып тастау ұсынылып отыр. Сөйтіп, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру үшін құқықтық саланы жетілдіруге мүмкіндік беру көзделген.

Жалпы отырыс соңынан депутаттар әдеттегідей сауалдарын жолдады. Мәселен, депутат Ирина Аронова Үкімет басшысына жолдаған сауалында былай дейді: «Қашан Үкімет Президенттің ескертпелеріне құлақ асады? Әзірге ешқандай нақты қадам көріп тұрған жоқпыз! Ал еңбекті қорғау және қауіпсіздік ережелерін бұзу қапаландырады. Үстіміздегі жылдың 9 айында еліміздің өндіріс орындарында 1200 қайғылы оқиғаларға жол берілген». Әріптесі Егор Каппель Өңірлік даму министрлігі Ауылдық жерлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды атқаруға асығар емес деген тұрғыдағы ренішін жасырмады. Депутаттың сөзіне қарағанда, аталған бағдарлама қазіргі таңда тек 30 пайызға ғана орындалуда екен.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар