• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Қараша, 2013

Баға неге себепсіз өседі?

410 рет
көрсетілді

Үкімет басшысы осы мәселеге байланысты тиісті орындар жұмысын сынға алды

Үкімет үйінде Премьер-Министр Серік Ахметов азық-түліктің және жанар-жағармайдың негізгі түрлерінің бағалары жөнінде селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

 Үкімет басшысы осы мәселеге байланысты тиісті орындар жұмысын сынға алды

Үкімет үйінде Премьер-Министр Серік Ахметов азық-түліктің және жанар-жағармайдың негізгі түрлерінің бағалары жөнінде селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Кеңесті ашқан Премьер-Ми­нистр 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының тұрақтандыру қорларының қызметіне қарамастан бірқатар әлеуметтік маңыздағы өнімдер бағаларының айтарлықтай өскеніне назар аударғанын басып айтты.

Статистика агенттігінің төр­ағасы Әлихан Смайылов хабар­лағандай, ағымдағы жылдың 10 айында елдегі инфляция 3,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5,5 пайыздан аспайды деп күтілуде.

«Жалпы алғанда, өткен 10 айдағы инфляция көлемі жоғары емес және жылдың қорытындысы бойынша болжанған мәннен ас­пайды. Дегенмен, елдегі инфля­цияның осындай төмен деңгейіне қарамастан, бірқатар өңірлерде әлеуметтік маңызы бар жекелеген азық-түлік бағалары өсіп отыр. Мәселен, жыл басынан бері сүт тауарлары және жарма өнімдері бағаларының елеулі өсуі байқалуда», – деді Ә.Смайылов.

Пастерленген сүт бағасы Ақмола, Батыс Қазақстан облыс­тарында және Алматы қаласында 6-9 пайызға, айран бағасы Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында 6-11 пайызға өскен. Тауық жұмыртқасы Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында 7-ден 23 пайызға дейін қымбаттаған. Сондай-ақ, бірқатар өңірлерде сарымай, жармалар, сүзбе және нан қымбаттаған.

Ә.Смайыловтың айтуынша, баға­лардың өсуіне азық-түлік тауарларының импорты себеп болған, оның үстіне импорт көлемдері өсу үстінде.

Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің төрағасы Болатбек Қуандықов әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағаларын талдау нәтижелерімен таныстырды, онда жарма мен макарон өнімдеріне бағалар өскені көрсетілген.

«Жұмыртқа бағаларының өсу фак­тілері бойынша Павлодар және Сол­түстік Қазақстан облыстарының нарық субъектілеріне қатысты бәсе­ке­ге қарсы жасырын келісілген іс-қи­­мыл әрекеттерінің болған немесе бол­­мағандығын тексеруді бастадық. Тамыз­дан бастап қазанға дейінгі ара­лықта көтерме сауда бағасы бұл өңір­лер­де 60 пайыздан астамға артты. Алдын ала талдау көрсеткендей, бағалардың кенеттен ар­туына себеп жоқ. Демек, жұмыртқа бағасы алыпсатарлық түрдегі келісім шеңберінде арттырылды деген болжам бар», – деп хабарлады Б.Қуандықов.

2013 жылы ол басқаратын агенттік азық-түлік нарығы субъектілеріне қатысты 7 тексеру жүргізіпті. Соның нәтижесінде 10 нарық субъектісінің антимонополиялық заңнаманы бұзуы фактілері анықталған. Басқа да бірқатар тексерулер жүргізілуде.

«Бағаның артуына не себеп? Доми­нант­тардың келісімі қай жерде жүр­гізіледі? Дәлелдер мен нақты себептерсіз баға неге өседі? Осыған тұрақты түрде талдау жүргізулеріңіз керек», – деп талап етті Үкімет басшысы Б.Қуандықовтан.

«Әлеуметтік нанға қатысты. Облыс әкімі бірінші сұрыптағы нанға бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай ма? Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерді ұнмен қамтамасыз ету мәселе­сін неге шешпейді? Кез келген өңір Тұрақтандыру қорларынан ұн ала алады. Нанға қатысты осы мәселелерді шешуіміз керек. Жер-жерлердегі әкімдер осымен айналысуы тиіс», – деп тапсырды С.Ахметов бұдан кейінгі сөзінде.

Кеңес барысында ТМРА басшысы Мұрат Оспанов ағымдағы жылдың соңына дейін АИ-92/93 маркалы бензин­нің бағасы шекті мөлшерден артпайтынын мәлімдеді.

«Қазір мониторинг жүргізіліп жатыр және Мұнай және газ министрлігінің мәліметінше, баррель құны төмендеуде. Егер 30 күн бойы төмендеу мөлшері 5 АҚШ доллары көлемінде сақталса, нақты алғанда 92/93 бензинге баға 5 теңгеге төмендейді», – деп сендірді ол.

Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин де жылдың соңына дейін АИ-92/93 маркалы бензин бағаларының артуына себеп жоқтығын алға тартты.

«Жанар-жағармай бағасының тұрақ­тылығы өте маңызды мәселе. Сіздер жаңа ағымдағы жылдың соңына дейін АИ 92/93 маркалы бензинге баға өспейтіндігін айттыңыздар. Сонымен бірге, келесі, 2014 жылы жанар-жағармай бағасы қандай болатынын нақты болжауымыз керек», – деп басып айтты С.Ахметов.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ақтөбе, Қостанай, Алматы, Қарағанды, Ақмола облыстарының әкімдері сөз сөйледі.

Үкімет басшысы бағалардың өзге­руіне «жасырын келісу» секілді әре­кеттердің әсер ететіндігін атап өтті. Осыған байланысты, Экономика ми­нистр­лігіне Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі және Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып өңірлерге қатысты азық-түліктің негізгі түрлеріне бағаларды болжау әдістемесін жасауды тапсырды.

«Әлеуметтік маңызы зор болған­дықтан бағалардың тұрақтылық мәселесі министрлердің де, әкімдердің де ерекше бақылауында болуы тиіс. Әкімдерге нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыру бойынша қосымша шаралар қолдануды және бағаларды бақылауды күшейтуді тапсырамын», – деп қорытындылады отырысты Серік Ахметов.

Соңғы жаңалықтар