Президент тапсырмаларының орындалу барысын талқылау кеше Орталық Коммуникациялар қызметінде жалғасын тапты. Бұл жолы Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен оның орынбасарлары шақырылған екен. Брифингте еліміздің индустриялық даму бағыты баяндалды.
Президент тапсырмаларының орындалу барысын талқылау кеше Орталық Коммуникациялар қызметінде жалғасын тапты. Бұл жолы Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен оның орынбасарлары шақырылған екен. Брифингте еліміздің индустриялық даму бағыты баяндалды.
Үкімет отырысында Елбасы ерекше тоқталған мәселенің бірі өңірлік даму міндеттері аясында индустриялық саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету болатын. Онда Мемлекет басшысы индустрияландырудың бірінші «бесжылдығының» нәтижесі жаман болмағанын айтып, алайда көптеген жобалар тоқырауға ұшырағанын да ескертіп өткен. Тіпті, Елбасының «Индустрияландыру жұмыстарын қадағалауды тоқтатып едім, бәрі де тоқырауға айналғанын байқаймын. Енді қайтадан бақылап отыратын боламын, әрбір тоқсан сайын бақылаймын, деген сөзі де есімізде. Осыдан соң Үкімет те бұл мәселені жедел қолға алып, саладағы жұмыстарды пысықтауға кірісті. Үкімет басшысы барлық министрлер мен әкімдерге жобалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мен олардың жоспарлы қуатына шығару бойынша шаралар қабылдауды жүктеді. Міне, көп ұзамай, Премьер-Министр – Индустрия және жаңа технологиялар министрі журналистер алдына шақырылып, атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде жан-жақты есеп беріп отыр.
Ә.Исекешев тұралап қалған және қалыпты жұмыс режіміне шыға алмай жатқан проблемалық жобалар туралы айтты. Олардың саны 35 болатын. Қазір 13-ке дейін қысқарды, қалған 21-і іске қосылды. Қайта жабдықтау, қаржыландыру көздерін табу бойынша мәселелер өңірлермен бірлесіп шешілді. Қалған жобаларды жандандырып, өндіріс орындарын іске қосу үшін біз әкімдіктермен арнайы жоспар әзірледік, деді ол. Осы уақыттың ішінде тиісті зерделеу жұмыстары жүргізіліп, шешімнің тетіктері мен алгоритмі даярланғанын, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың, оның ішінде өңірлік билік органдарының, ұлттық компаниялардағы, холдингтердегі лауазым иелерінің жауапкершілігі бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын атап өтті. Министрдің сөзіне сүйенсек, ол олқылықтардың негізгі себебі бағдарламалардың бастапқы кезеңі дағдарыспен дөп келіп, алғашқы толқын тетіктерінің кейбір асығыс әрекеттерінен болды дегенге саятындай.
Ә.Исекешев Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде экономикада оңтайлы ілгерілеу болғанын сөз етті. 2011 жылдың аяғында жобалар үшін жауапкершілікті өңірлер мен Үкіметтің арасында бөліскен болатын. «Үкімет 43 жобаны іске асыру бойынша жауапкершілікті өз мойнына алды. Қалған жобалар, негізінен шағын және орта бизнеске қатысты жобалар, Өңірлік карталардың қарамағына берілді және олар үшін өңірлік билік тұтқалары жауапты. Біз ол жобаларға мониторинг жүргізіп, қолдау көрсетіп отырмыз», деді Ә.Исекешев.
Бұдан әрі ҮИИД бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы айтылды. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде 50 заңнамалық акті, 23 салалық бағдарлама, 16 өңірлік бағдарлама әзірленді және мүлдем жаңа индикаторлар енгізілді, олар – еңбек өнімділігі, шикізат емес өнімдер экспорты, энергия тиімділігі және тағы басқа көрсеткіштер. «Бұл жүйелі мәселелердің бәрін өте маңызды деп есептейміз және біз олардың бәрін шеше алмадық, ол рас. Бәсекелестікті дамыту, ШОБ-ты дамыту, инфрақұрылым, кадрларды даярлау сияқты мәселелердің әлі де болса толық үдесінен шыға алмай отырмыз, бұл туралы Мемлекет басшысы да айтты. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында ҮИИД бағдарламасының 2013 жылғы қорытындысы шығарылады, біз ол туралы егжей-тегжей есеп беруге дайынбыз», деді министр.
Ә.Исекешев, сонымен қатар, Индустрияландыру картасының жобаларының көп бөлігі жеке инвесторлар қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын жеткізді. Инвестициялардың 75 пайызы бұл мемлекеттің емес, бизнесмендердің инвестициялары екендігін, жеке инвесторлардың көбісі пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау түрінде мемлекет тарапынан қолдау табатынын баса айтты. Оған қоса, бюджеттік инвестициялар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы сияқты аумақты жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.
«Жалпы алғанда, барлық жобалар бойынша 1,5 трлн. теңге құрайтын инвестицияларды күтудеміз», деді Ә.Исекешев. Оның айтуынша, Картаның жобаларын салуға 78 мың адам жұмылдырылады. Бұдан өзге ол ағымдағы жылы шамамен 500 млрд. теңге сомасындағы Картаның 140 жобасын енгізу жоспарланғанын атап өтті. Нәтижесiнде 13 мың тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ, осы жылдың желтоқсан айында Индустрияландыру картасының 7 iрi жобасы iске қосылады деп жоспарлануда.
Кеңейтілген кеңесте Елбасы көтерген мәселенің бірі жер қойнауын пайдалану саласын жандандыру болатын. Ә.Исекешев бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстар жайымен бөлісті. «Жер қойнауын пайдаланудың геологиясына қатысты бiрқатар проблемалар қордаланып қалды. Бiз геология жүйесiнiң дағдарысы жайында айттық. Мемлекет басшысы осы жұмысты жандандыру бойынша тапсырма берген болатын. Сол себептi, осы жылы Геология комитетi, Қазгеологияның командасы жаңартылды, сарапшы мамандар мен шетелде бiлiм алған бiздiң геолог мамандарымыз тартылды. Бiздің геологиядағы әлеуетiмiз өте үлкен. Кеңес өкiметi кезiнде аз ғана тереңдiк, шамамен 100-200 метр тереңдіктегі жер қойнауы зерттелген болатын. Бiзде не технология, не маман болмағандықтан, одан әрі тереңдікте зерттеу жүргiзе алған жоқпыз. Осыған байланысты Геологияны дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасын әзiрледiк. Президент жеке инвестициялардың геологиялық барлау жүргiзуiн оңтайландыратын заң жобасын жыл соңына дейiн Парламентке жолдауды тапсырғандықтан, бiз қазiр заңнамалық базаны толық өзгертудемiз», дедi Ә.Исекешев.
Әрине, брифингте министрдің журналистермен бөліскен мәліметі аз болған жоқ. Оның бәрін тізіп жазу бір мақаланың аясында мүмкін болмас, әрі мақсат та емес. Ең бастысы – сол ұзын-сонар есептің бәрі нақты іс жүзіне асса деген тілектеміз.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».