Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне қатысты өз ой-пікірі мен «Ақ жол» партиясының ұстанымын Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Азат Перуашев та жеткізді.
Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне қатысты өз ой-пікірі мен «Ақ жол» партиясының ұстанымын Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Азат Перуашев та жеткізді.
Мемлекет басшысының биылғы жылдың 11 қазанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ешкімнің бет-жүзіне қарамай, бұдан әрі жол беруге болмайтын кемшіліктерді атап көрсетіп, Үкіметтің жұмысын өткір сынға алуы біз үшін тосын жағдай болған жоқ. Біздің партия мемлекеттік органдардағы көптеген жағымсыз деректердің бетін ашу арқылы Президент мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететінін және өзінің қарапайым азаматтардың жағында екенін тағы бір көрсетті деп есептейді», деп бастады өз сөзін Азат Тұрлыбекұлы.
Ол сондай-ақ Президент кеңейтілген отырыста қарапайым адамдардың және кәсіпкерлердің басында кездесіп жүрген күнделікті проблемалары турасында Үкіметке қатаң түрде ескерткенін атап өтті. «Мен бұл сын-ескертпелердің біз үшін тосын болмағанына бірнеше мысал келтіре аламын. Мәселен, «Ақ жол» партиясының фракциясы еліміздегі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» орын алған сорақы жағдайлар туралы Үкіметке және Бас Прокуратураға биылғы жылдың 11 ақпанында және 19 маусымында депутаттық сауалдармен екі мәрте шыққан болатын. Сол кезде бұл мәселе көптеген БАҚ-тарда жарияланып, ал мен банк басшылығының жұмысына көңіліміздің толмайтыны жөнінде бірнеше рет түсініктеме берген едім. Алайда, біз Өңірлік даму министрлігінің, министрдің міндетін атқарушы Нокиннің атынан: «Ақ жолдың» депутаттары келтірген деректер дәлелденген жоқ. Ал банк басшылығы мен олардың туған-туыстары пәтерлерді «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша заңды түрде алған. Бәрі дұрыс», деген сыңайдағы сыңаржақ жауап қана алдық. Ал егер де бұл мәліметтер Елбасына жетпегенде ешкім мұндай заңсыздықтарды дәлелдей алмас еді. Себебі, бүгінгі күнге дейін бір шенеунік басқа шенеуніктердің заңға қайшы әрекеттерін жамап-жасқап, бүркемелеп келген», деді депутат бұл орайда.
А.Перуашевті облыстық әкімдердің жанындағы өңірлік кеңестерде мақұлданып қойған жобалардың тиісті мөлшерде мемлекеттік қолдау ала алмайтын жағдайға жеткені де қынжылтады екен. «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша қолға алынған жобаларды қаржыландырудағы кемшіліктер турасында 1 қазанда депутаттық сауал жариялаған еді. Сол депутаттық сауалымызда: «Бағдарламаға қаражат бөлінбеген күннің өзінде кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы барлық мемлекеттік бағдарламаларға тексеріс жүргізіп, олардың ішіндегі ең табысты және көп сұранысқа ие бағдарламаларға қайта қаражат бөлу қажеттігін» ескерткен едік. Бірақ, ол іс жүзіне аспады», деді депутат. Бұл орайда, «Ақ жол» фракциясы қажетті қаражатты табу үшін басқаша жол қарастыруды ұсынған. «Мәселен, біз жұмыс тетігінің іске қосылғанына 3 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін бір де бір жеңіл ұшақ шығармаған Қарағандыдағы «ҚазАвиаСпектр» зауытын сынға алдық. Ал елімізде қазірдің өзінде өнім шығарып, бірақ уәде етілген қаржыны ала алмай отырған басқа да кәсіпорындар бар емес пе? Олар бұл жағдай туралы не ойлайды? Сондықтан, жүзеге асырылмаған жобаларды қысқартып, оларға бөлінген қаржыны жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға аударуымыз керек», деді А. Перуашев.
Депутат Мемлекет басшысының Кеден одағы аясындағы келіссөздердің нәтижелі жүргізілмей отырғанына қатысты сыны да дер кезінде айтылғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, «Ақ жол» партиясы Үкіметтің кеңейтілген отырысынан 2 күн бұрын, яғни 9 қазанда қазақстандық шенеуніктердің Кеден одағы аясындағы келіссөздер үдерісіне енжарлықпен қарайтыны турасында, ал мұндай жағдай отандық бизнеске және экономикаға айтарлықтай деңгейде нұқсан келтіріп отырғаны жөнінде депутаттық сауал көтерген екен.
«Мен кемшілік атаулыны тізіп қана қойғым келмейді. «Қазір кемшіліктер қалай түзетілуде? Олар жалпы түзетіліп жатыр ма?» деген сауалдарға назар аударсақ деймін. Бүгінде біз заң шығарушы және атқарушы билік органдары арасындағы өкілеттіліктердің үйлесімсіздігі мен теңгерімсіздігіне куә болып отырмыз. Сондықтан, Үкіметтің депутаттардың кейбір соққан дабылдарына сырғытпа сөздермен ғана жауап беретіні біз үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мәселен, Президенттің келтірген сындарына қатысты: «Кінәлілер бар шығар. Бірақ, мен емес, басқа біреу» деген сияқты көзқараспен қарайтын жағдайлар орын алуда. Қарапайым ғана мысал. Осы жағдайдан кейін Премьер-Министр екі вице-министрді қызметінен кетірді, вице-премьер облыстық әкімдік қызметкерлерін жұмыстан шығаруды талап етті, ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бағдарламалардың жүйелі орындалмағаны үшін кәсіпкерлердің өзіне кінә тақты. Ал сырт көзге бұл: «Айран ішкен құтылатын, шелек жалаған тұтылатын» жағдай болып көрінетінін неге қаперлеріне алмайды? Біз үшін шенеуніктің өз лауазымдық міндеттерін және Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын тап-тұйнақтай орындауы маңызды», деді депутат.
Сонымен қатар, А.Перуашев, Елбасының елді индустрияландыруды тиісті мөлшерде қаржыландыру, отандық өндірушілерге қолдау көрсету, өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы кәсіпорындар үшін қолайлы салықтық режім енгізу секілді басқа да көптеген мәселелерге қатысты айтқан пікірлерін де толықтай қолдайтынын жеткізді. «Сондықтан, Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы алдағы уақытта Үкімет пен парламенттік фракциялар өзара тығыз байланыста жұмыс істеп қана қоймай, заң шығарушы және атқарушы билік тармақтары арасындағы теңгерімділік тетігін нығайту қажеттігін тағы бір дәйектеп бергендей болды», деді А.Перуашев.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».