Былтыр Президенттің пәрменімен 507 мың адамның несиесі кешірілді. Оған республикалық бюджет пен Проблемалық кредиттер қорынан 105 млрд теңге жұмсалды. Кейінгі кезде ел ішінде несие рақымшылығын қайта жалғастыру жайы жиі айтыла бастады. Осы орайда біз тараптардың пікірін саралап көрдік.
Бір жол бар – байларды бүру
Жуырда Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров несие рақымшылығына қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдады. Ол өз сөзінде кредитті кешіруге қажетті қаржыны қайдан алуға болатынын атап көрсетті.
Депутаттың дерегінше, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнеске берілген микронесие көлемі 850 пайызға артқан. Ал мерзімі өткен берешек 283 пайызға жетіпті. Бұған қоса жеке тұлғалардың микронесиесі 145 пайызға, ал мерзімі өткен берешегі 332 пайызға өскен екен.
– Елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себептерге байланысты несиені өтей алмай күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет. Олар өмір сүруге қаражат таппай, қаржы институттарының қысымына ұшырауы мүмкін, – деді А.Қоңыров.
Оның айтуынша, Қазақстанда дағдарысқа қарсы жоспар шеңберінде жұмыспен қамтуды және экономикалық белсенділікті қолдауды ынталандыратын шараларға айтарлықтай қаражат бөлінеді. Алайда қаржы әдеттегідей коммерциялық банктер мен квазимемлекеттік институттар арқылы жіберіледі. Демек, оларға тағы да қолдау көрсетіледі де, халыққа түк бұйырмайды.
– Қаржы институттары қарыз алушыларға төлемді кейінге қалдырып төлеуді ұсынды. Бірақ Президент жариялаған мораторий мерзімі қыркүйекте аяқталады. Межелі мерзімге дейін қарыз алушылар төлем қабілетін қалпына келтіріп үлгерді дегенге сену қиын. Мәселені шешу үшін барлық мүдделі тараптың өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік комиссия құру, несие аудитін жүргізу, қаржыландыру көздері мен рақымшылыққа қатысушылар үшін критерийлерді анықтау қажет, – делінген депутаттық сауалда.
А.Қоңыров қаржыландыру көзі ретінде мемлекеттік шығыстарды оңтайландырып, несие рақымшылығын сән-салтанат салығын енгізу арқылы жүзеге асыруға болатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, ол азаматтардың мұрасына және үстеме кірістеріне салық салуды Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің деңгейіне жеткізуді, яғни 30 пайызға арттыруды ұсынды. Сондай-ақ жеке тұлғалардың ақша аударымдарына салық салу керектігін алға тартты. Бұдан бөлек, басында бірнеше үйі бар тұлғалардың салығын арттыру керегін айтты.
Осы орайда, кейбір қоғам белсенділері несие амнистиясын жариялауды талап етіп отырғанын білеміз. Олар екінші деңгейлі банктерге қолдау ретінде берілген Үкімет қаржысын дәл осындай жолмен қайтарып алуға болады деп есептейді.
Бір реттік акция – қол емес
А.Қоңыровтың жоғарыда келтірген депутаттық сауалына байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков жауап берді. Оның айтуынша, несие рақымшылығы секілді бір реттік шараларды қолға алу – тығырықтан шығарар жол емес.
– Біздің ұстаным – тұтынушыларды несиелеуге байланысты тәуекелдерді реттеу керек. Биыл онсыз да қарыз алушының жүктемесіне қатысты көп нәрсе қабылданды. Бір реттік акцияларды қолданғаннан гөрі несиелеудің тәуекелдерін реттеген дұрыс. Оның үстіне былтыр несие алғандарға белгілі бір көлемде өтемақы берілді, – деді О.Смоляков журналистерге берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, өткен жылы негізінен әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға рақымшылық жасалды. Дәлірек айтсақ, кредиті кешірілгендердің қатарында көпбалалы, асыраушысынан айырылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан мүгедек жандарды асырап отырған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар және жетім балалар болды.
Жоғарыда айтылғандай, былтыр қазақстандықтардың несиесін кешіруге жұмсалған қаржының бір бөлігі Проблемалық кредиттер қорынан алынды. Қор төрағасының орынбасары Іңкәр Төреқожаеваның айтуынша, былтырғы амнистия елдің экономикасына оң серпін берді, тұрғындарға да тиімді болды. Алайда мұндай шараға иек арта беруге болмайды.
– Қор бір жыл бұрын Президент Жарлығына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы 716 519 займды өтеу үшін 120,5 млрд теңге аударды. Бұдан бөлек кепілсіз алынған 1,4 млн тұтынушылық несиенің өсімпұлы мен айыппұлын өтеу үшін 10,1 млрд теңге бөлді. Осының бәрі қиын жағдайға тап болған тұрғындарды қолдауға жұмсалды. Мемлекет басшысы сол кезде-ақ мұның бір реттік акция екенін, одан әрі қайталанбайтынын атап өткен еді, – дейді І.Төреқожаева.
Оның пікірінше, банктер қарыз алушының төлем қабілетін өздері анықтайды әрі несие беру туралы шешімді де өздері қабылдайды. Бұл – дұрыс емес.
– Қазір халықтың қаржылық сауатының төмендігі өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан банктер мен микроқаржы ұйымдарына несие беру туралы шешім қабылдар кезде қатаң талаптар қойылуы керек. Несие рақымшылығын қайталаудың да қажеті жоқ. Адамдар отбасылық шығынды дұрыс есептеуді үйренуі тиіс, – дейді ол.
Рақымшылық һәм масылдық
Экономист Әсет Наурызбаевтың пікірінше, жыл сайын несие рақымшылығын өткізу қоғам үшін қауіпті. Себебі қоғам қақ жарылуы мүмкін.
– Салық төлеушілер неліктен банк алдындағы міндетін өтемейтіндер үшін шығындалуы керек? Біреу жағдайын жақсартуға кредит алады екен, ал ол үшін салық төлеушілер неге қаржы жұмсауы қажет? Амнистия салықтың есебінен жүргізіледі. Салық сіз бен бізді полиция қорғап, ауруханаларда емделу үшін төленеді емес пе?! Халықтың ақшасы қайырлы істерге жұмсалуы керек. Ал аз қамтылғандарды қолдау үшін атаулы әлеуметтік көмек тетігі қарастырылған. Сондықтан несие рақымшылығы туралы әңгіме мүлдем қозғалмауы керек, – дейді Ә.Наурызбаев.
Экономист Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, несие рақымшылығын қазіргідей пандемия кезінде халықты әлеуметтік қолдаудың бір құралы ретінде пайдалануға болады. Алайда мұның соңы масылдыққа ұласып кетпеуі керек.
– Кредитін өтей алмағандарды «қара тізімге» енгізудің өзі жағдайды реттей алмайды. Өйткені адамдар өзгелер арқылы несие рәсімдейді. Біреуі туысына, біреуі танысына өтініш білдіреді. Бұл жерде тепе-теңдікті сақтау керек. Егер амнистия қолданылса, онда қандай қағида бойынша және нендей жағдайда жүргізілетінін нақты көрсету маңызды. Рақымшылық бір реттік қана акция болуы керек. Адамдар әрдайым мемлекетке иек арта бермегені абзал, – дейді Қ.Қаппаров.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов несие рақымшылығына бас қатырғанша, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау туралы ойланып көрген жөн дейді.
– Кредитті кешіруге қатысты екі дүниені айтуға болады. Біріншіден, банктер несиені кешіре алады. Тек ол үшін депозит иелерінен салымның пайыздарынан бас тарту туралы жазбаша келісім алуы керек. Яғни амнистия үшін салымшылар ақшасынан айырылуы қажет. Әйтпесе, банктер кредитті өз бетінше кешіре алмайды. Оларда онсыз да ақша аз. Мемлекет қаласа, бәрін де реттейді, әрине. Бірақ бұл банктердің мүддесіне жұмыс істеу болмақ. Қаржы институттары үшінші бір тарап арқылы проблемалық қарыздардан тазарады. Екіншіден, бізде осыған дейін берешегі жеке тұлғалардікімен салыстырғанда әлдеқайда көп ірі компаниялар мен банктердің қарызы кешірілді. Ендеше бұл жерде «Байлардың қарызы кешірілді, кедейлерге де рақым жасалсын» деген ұранды алға тартуға болады, – дейді Р.Рысмамбетов.
Байқағандарыңыздай, әзірше тараптардың үні әр тұстан естеліп тұр. Демек, ортадан ортақ үн шықпайынша, несие рақымшылығына қатысты әңгіменің әлі біразға созылатын түрі бар.