Соңғы төрт жылда Қазақмыс компаниясы Шығыс Қазақстан облысындағы ірі спорт нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 1,65 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлді
Соңғы төрт жылда Қазақмыс компаниясы Шығыс Қазақстан облысындағы ірі спорт нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 1,65 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлді
Айталық, 2012 жылы компания тарапынан Өскемен қаласындағы Жекпе-жек сарайының (Бокс және күрес сарайы) құрылысына 366 млн. теңге бөлінді. Ғимараттың жалпы аумағы 5700 шаршы метрді құрайды. Мұнда көрермендер үшін орындар, бірнеше жаттығу залы және киіну жайлары, төрешілер мен жаттықтырушыларға да бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар, медициналық пункт, баспасөз мәслихаттары мен брифингтер өткізетін зал жұмыс істейді. Жекпе-жек сарайының құрылысы 2012 жылдың қыркүйек айында басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Жақын уақытта Өскемен қаласында спорттағы дарынды балаларға арналған 200 орындық мектеп-интернаты бой көтереді. Құрылыс жұмыстарына бағытталған 300 млн. теңге көлеміндегі қаражатты Қазақмыс тобы бірлесіп қаржыландыру негізінде бөлді. Қазақмыс компаниясы бөлген жалпы сомасы 500 млн. теңгеден астам қаражаттың арқасында облыс орталығында екі хоккей модулі жұмыс істеп тұр. 2010 жылы компания жұмсаған 600 млн. теңгеге «Восток» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Оны жүзеге асыру аясында мінберлерге гидрооқшалау жасалды, инженерлік жүйелер, оңтүстік, шығыс және солтүстік мінберлердің еден жабыны ауыстырылды. Сондай-ақ, стадионның ғимараты FIFA талаптарына сай жаңғыртылды. Батыс мінберлердің үстіне шатыр орнатылып, стадионның 8500 орындығы толықтай пластик орындықтарға ауыстырылды. «Восток» стадионы 1963 жылы салынған, сыйымдылығы 8 500 орын.
Аталған қаражат 2010-2013 жылдар аралығында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен Шығыс Қазақстан облысы басшылығының арасындағы жасалған меморандумдар және әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі кешенді жоспарлар аясында бөлінген. Жомарттық жоралғысын жасаған кәсіпорын бұдан былай да ізгілікті ісін жалғастыра бермек.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».