Біз жолсапармен өңірдегі Ертіс, Ақтоғай аудандарына барған едік. Маңдай тердің төгілгені – өз несібесін беруде. Астық мол, дастархан толы. Ел-ішінің жағдайы жақсы. Бірақ, диқандар мен фермерлер ауылға, шаруашылықтарға интернет желісі, ұялы байланыс жетсе екен дейді. Ауыл шаруашылығында еңбек ететін жас мамандардың қатары көбейгенін күтеді.
2 млн тоннадан асты
Екі ауданның диқандары да, картоп өсірушілері де биыл жаңбыр аз, қуаңшылық жылы болса да күзгі жиын-терін кезінде мол өнім алуда. Ертіс ауданының егіс алқабы биыл 267,6 мың гектар, оның 219 мың гектары дәнді дақылдар. Биыл міне, 11 центнерден орташа өнімділікпен 156 мың гектар егін жиналды.
Ал жыл сайын алқапқа сыймайтын ағыл-тегіл егін егіп, мол өнімнің несібелі ырзығын көретін Николай Миллер басқаратын Абай атындағы серіктестік табиғаттың да, ауа райының да құбылмалы мінезіне әбден үйренген. Қандай тосын жағдай болсын, серіктестік диқандары алқапты алақандағыдай күтіп баптайды.
Николай Александрович өзі ауылда өскен неміс ұлтының баласы, жердің сырын білетін кәдімгі даланың адамы. Ұзақ жылғы тәжірибесі де жеткілікті. Ертістіктер Миллер деп атап кеткен. Қазір 70 мың гектардай астық егетін алқабы бар. Осы күнге дейін 2 млн тоннадан аса астық алып, қамба толтырған жер иесі.
– Жауын-шашын аз болған биылғы жаздан біз мол өнім аламыз деп күткен жоқ едік, – дейді Николай Александрович. – Осы жылы ерте дән беретін астық тұқымдарын ектік. Өнім мол. Сапасы да жақсы болып шықты. Диқандарымыз қазан айының соңына дейін жиын-терінді аяқтамақ.
Шаруашылықта өнімді сақтауда жаңа технологиялар пайдаланылуда. Сыйымдылығы 200 тонна болатын қапшыққа кептіріліп салынған дәнді бір жылға дейін сақтайды. Диқандарға, жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған. Миллер ауылдық аумақты түгел жұмыспен қамтып отыр. Тұрақты жалақымен бірге әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына да көмек беруде.
Жердің болашақ иелері
Ал біз барған келесі астықты алқап «Оразбаев» шаруашылығына тиесілі. Алқап толы бірінен соң бірі тізілген комбайндар қызу жұмыста, шетелдік технология егінді лезде орып, келіп тұрған машиналарға төгуде. Кең дала, астықты алқап, ауасын жұтып, кеткің келмейді.
Қасымызда алқаптың иесі Сайлау Оразбаевтың ұлы Әлібек бірге жүр. Барнаулда жоғары оқу орнын бітірген, мамандығы – агроном. Әке жолын жалғастыратын ұл осы алқаптың, осы жердің болашақ иесі.
– Жалпы, егіс алқабы 12 846 мың гектарды құрайды, бидай 7 892 мың гектар жерге егіледі. Міне, қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, алқапта соңғы жиын-терін жұмыстары жүргізілуде. Шаруашылықта шетелдік бірнеше комбайн, басқа да кешендік қондырғыларды қосқанда, 36 бірлік техника бар. Жердің құнарлығын сақтау да маңызды.Мысалы, бір жыл демалатын жер міндетті түрде бес жыл мол өнім береді. Сапалы тұқым – мол өнім негізі, – дейді Әлібек Сайлауұлы.
Сонымен бірге Оразбаевтардың кәсіпорнында тәулігіне 45 тоннаға дейін астық өңдейтін диірмен кешені жұмыс істейді. Қазір инвестиция көлемі шамамен 1,7 млрд теңгені құрайтын 620 бас малға арналған тауарлы сүт фермасын салу жобасы басталған.
– Жермен жұмыс істеуге келіп жатқан жастардың барлығы қуантады. Мына Ағашорын ауылында тұратын «Замандас» шаруа қожалығының басшысы Балғабай Бәкішовтің ұлдары Дәурен мен Дәулет те әке жолын жалғастырып, егін даласында еңбек етуде, бірі – бас агроном, бірі «Нива» шаруа қожалығын басқаруда. Ерболат әкесі Данат Сейдахметовпен бірге «Данат» шаруа қожалығында осы ауылда еңбек етуде, – деді бізге аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Серік Нұркин.
Соңғы жылдары әкелі-балалы астық өсіруші осындай шаруашылықтар көбейген. Бұл тізімінің қатарында «Солтанбет» шаруа қожалығының басшысы Ермек Әтімов ұлы Жандоспен, «Еділ» шаруа қожалығында анасы Алтыншаш пен баласы Еділ, «Байкал» шаруашылығында әкесі Василий мен баласы Артем, «Ерлан» шаруашылығында Барлыбай Бекболатов пен ұлы Ерлан, Николай Миллер мен ұлы Владимир еңбек етуде.
Суармалы алқапта өнім мол
Аудандағы Нұрлан Баймағанбетов басқаратын «Дан-Агро» шаруашылығы да 10 мың гектар жерге бидай егіпті. Алдағы жылы өнімділікті арттыру мақсатында Ликамеро, Омбылық атты таңдаулы сұрыптағы тұқымдарды себу жоспарланған.
– Өткен жылы астық кептіргіш кешен салдық. Кептіргіш арнайы қондырғы құрал арқылы бір сағатта 27 мың тонна астықты тазалайды. Жиналған бидай қалдықтардан химиялық және механикалық әдіс арқылы өңделіп, тазартылады. Содан соң барып, қоймаға жіберіледі, – дейді шаруашылық басшысы.
Яғни жиналған өнім ысырапсыз жиналып, шығынсыз пайдаланылады. Келесі жылы кәсіпорында жарма өнімдерін өндіретін цех ашылады. Құрылыс жұмыстарына шаруашалықтың қаражаты жұмсалып, ал қажетті құрал-жабдықтар мен техника қаржылық институттардың көмегімен және қарыз қаражаты арқылы сатып алыныпты. Серіктестік алдағы жылдары суармалы алқап көлемін ұлғайтып, қосымша қоймалар салуды жоспарлауда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, жалпы ауданда суармалы егістік алқабы 1 мың гектардан асқан. Алдағы екі жылда қосымша 7,5 мың гектар жерді іске қосу жоспары бар. Жерден өсіп шыққан өнімдерді өңдейтін 22 өңдеу нысаны болса, 18-і астық өнімдерін өңдейді, 4-уі мал шаруашылығы өнімін өңдеумен айналысады. Ауа райы мен климаттық жағдайға байланысты аудандағы егістік алқаптарының 60 пайызына егілген астық комбайндармен орылады. Ал 40 пайыз астық бөлек жиналады. Аудандағы орақ науқанына астық жинау техникасының 555 бірлігі жұмылдырылды. Комбайндардың 386 бірлігі жаңа үлгіде, 149 дестелегіш бар.
Сонымен бірге ауданда 5 сүт дайындау кешені жұмыс істейді. Биыл ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын 5 жоба жүзеге асырылды. Жыл сайын машина-трактор паркі жаңартылуда.
– Ауданның экономикалық дамуының негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы. Егін алқабы 255,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 218,9 мың гектар. Алқаптарда арпа, бидай, сұлы, тары, майлы дақылдардан күнбағыс, зығыр, мал азығына арналған жем-шөп түрлері өсіріледі. Қазір майлы дақылдарды жинау жалғасуда. Ауданда өндірістік қуаты тәулігіне 7 655 тонна 15 астық кептіргіш, өндірістік қуаты тәулігіне 534 тонна 34 механикаландырылған кешен, өндірістік қуаты 315 мың тонна 132 астық қоймасы жұмыс істеп тұр, – деді аудан әкімі Аян Бейсекин.
Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері машина-тракторлық паркін жыл сайын жаңартады. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы заманауи техника сатып алуда. Жаңартылған ауыл шаруашылық техникалары жоғары өнімділікке жеткізеді, алқаптардағы жұмыс күндерін қысқартады және жанар-жағармайды үнемдейді.
Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері астықты қабылдауға және сақтауға дайын, бұл үшін 256 қойма әзірленген. Картоп пен көкөніс өнімдерін сақтау үшін сыйымдылығы 398 мың тонна болатын 137 көкөніс қоймасы бар, оның 77 пайызы заманауи технологиялық жабдықтармен қамтылған. Мысалы, Қызылжар ауылында орналасқан «Ертіс» тәжірибе шаруашылығында 173 мың гектар алқапқа егін егіледі. Қыр жерлер де суарыла бастады. Биыл бидай, қарақұмық, соя және жүгері өсірілетін 1 мың гектар жер суарылыпты. Бұл Ертіс өзенінің суын пайдалану арқылы суармалы алқаптарда өнімділікті арттыруға және жем-шөп қорын молайтудың мол мүмкіндігі.
Яғни агроөнеркәсіптік кешенде жаңа өндіріс құру және қайта өңдеуді жолға қою үшін жер пайдаланушылар инфрақұрылым құрылысымен қатар өздерінің инвестициялық бағдарламаларын жасауы керек. Ауданның және жалпы өңірдің экономикасы үшін жұмыс істейтін жер учаскелері игерілуі керек.
Жергілікті «Ұлан», «Дан-Агро», «Абай», «Сағынбай», «Тоқтаул», «Еңбек», «Нұрас», «Дауыл», «Нива», «Марал», «Битас Орда» сияқты шаруашылықтар «John Deere», «Class», «Essil» және «Vector» маркалы жаңа үлгідегі жалпы саны 386 комбайн сатып алған.
Бос жатқан жер игерілуде
Қайтарда Ақтоғай ауданының диқандарына, картоп өсіруші көкөнісшілерге бардық. Ақтоғайлық шаруашылықтар «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету жөнінде келісімшарттар жасауда екен. Кәсіпкер Сергей Тереньтев басқаратын «Ақтоғай Агро» ЖШС тұрақтандыру қорына 1,2 мың тонна көкөніс жеткізу міндетін алыпты. Серіктестік наубайханасында нан-тоқаш өнімдері пісіріледі. Кәсіпорын бір ауысымда 500 бөлкеге дейін нан пісіріп, өнімділікті кемінде екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Жол бойында «Ақтоғай Агро» ЖШС-ның ауылшаруашылық кешендерінің құрылыс жұмыстары басталған. Бос жатқан жерді игеру үшін келген серіктестікте қызу жұмыс.
Павлодар облысы,
Ертіс ауданы