• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қыркүйек, 2020

Балаларға базарлық көбейді

278 рет
көрсетілді

Індеттің таралуына орай елімізде жасалған шектеу шараларына байланысты жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы биыл жаңа форматта өтіп жатқаны белгілі. Яғни қашықтан оқуға арналған арнайы қажетті техникалық құралдары жоқ оқушыларға көмек берілмек. Мысалы, Екібастұзда өткен іс-шара барысында қала және қала аумағына қарасты 28 ауылда тұратын әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген 1 686 отбасының тізімі жасалып, балаларына көмек көрсетілді.

Қалалық оқу бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаеваның мәліметінше, осы мақсатта барлық кәсіпорын басшыларына, жеке кәсіпкерлерге, банктерге, басқа да ұйымдарға «Мектепке жол» шарасына қатысуға шақырған хаттар жолданды. Алдымен МАЭС-1 кәсіпорны шақыруға үн қосып, қаладағы №11, №9 мектептердің 100 оқушысына сабаққа қажетті дәптерлер, басқа да қажетті заттар мен сөмкелер сыйлады. Мектептерге интернет желісін қосып берді. Екібастұздың екінші стансасы МАЭС-2 де шақыруға үн қосып, №28 мектептің 15 оқушысын оқу жылына керекті заттармен қамтамасыз етті.

Ал «Халық банкі» АҚ қалалық бөлімшесі қалаға қарасты ауыл мектептерінің 1-сыныбына барған 25 оқушыға кеңсе тауарлары, сөмкелер табыс етті.

Өңірдегі алып өндірістер орна­ласқан Ақсу қаласы мен қа­лаға қарасты 32-ауылға да қайырымдылық шарасының шарапаты жетті. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, былтыр осы уақытта әлеуметтік тұрмыс деңгейі төмен отбасылардың 2 531 баласы «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы барысында көмек алса, биыл да қала мен қала аумағында тұратын 2 мың оқушыға демеушілік көмек көрсету жалғасуда. Бұл шақыруға қаладағы «Ақсу ферроқорытпа зауыты» АҚ, «Еуразиялық энер­гетикалық корпорациясы» АҚ сияқты алып кәсіпорындар жыл­дағыдай үлес қосуда.

Сонымен бірге Майқайың кентінде орналасқан «Майқайың алтын» АҚ кәсіпорны да кенттегі №2 мектептің оқушыларына 10 ноутбук алып берді. Мектеп басшылығы кәсіпорын көмегіне жүгініп, тағы 19 планшетке өтініш беріпті.

Облыс орталығына қарасты Кенжекөл аулындағы «Отба­сылық үлгідегі балалар ау­лы­ның» тәрбиеленушілеріне «Үміт үзбеу» қоғамдық қорының мүшелері «Жетекші» жобасы аясында 10 ноутбук, 6 смартфон алып берді. Телефон нөмірлерін, интернеттік айлық тарифін балалар аулындағы жетекшілер төлейді.

Демеушілер, жеке кәсіпкерлер, басқа да қайырымдылық жасаушы жандар қадағалаушы орындардан балаларға берілетін ноутбуктер, смартфондар, планшеттер, дәптер, қалам, сөмке, басқа да құралдар толы өздері сыйлаған базарлықтың жол ортада жоғалып кетпей, арнайы тізім бойынша әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың ұл-қыздарына, жетім балаларға ғана берілуін сұрайды. Өйткені облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл қашықтан оқыту форматын ұйымдастыру үшін демеушілерден басқа, республикалық бюджеттен 15 923 компьютерлік техника (компьютер – 1 657, ноутбук – 12 119, планшет – 2 147) сатып алуға 2,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Сондықтан қаптаған ноут­бук, компьютерлік техника, планшеттердің сайда саны, құмда ізі жоғалып кетпесін деген күдік де мазаламай қоймайды. Бұл ретте техникаларды сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін басқарма «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Р.Исабековтің басшылығымен мони­торингтік жұмыс тобын құрды.

Компьютерлік жабдық өнім берушілерін таңдау осы жұ­мыс тобының ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылып, өңірге 1 657 бірлік дербес компьютер жеткізілді. Бұған дейін өңірде тұратын 12 304 оқушының үйінде компьютерлік техника болмағаны анықталды. Енді 10 қазанға дейін тағы 14 266 техника (12 119 ноутбук, 2 147 планшет) жеткізілмек. Барлық сатып алынатын компьютерлік техника мұқтаж отбасыларға тек уақытша пайдалануға беріледі.

Әрине, келген базарлықтың барлығы орын-орнымен игі­лік­ке жұмсалса қуаныш. Бәрі де балалардың болашағы, қуа­нышы үшін ғой. Тағы да бір жағымды жаңалық: Екібастұзда ANSA SILICON компаниясының өкілдері оқушыларға оқу үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етілген ноутбуктерді табыс етті. Қайырымдылық шарасы №26 мектеп-гимназиясында, №25 қазақ қыздар гимназиясында, №24 мектеп-гимназиясында өтті. Ноутбуктер материалдық жағдайына байланысты қымбат компьютерлік техниканы сатып алуға мүмкіндігі жоқ отбасыларға берілді. Балалар қа­шықтан оқитын кезеңде сый­лықтар өте пайдалы болды.

– Мұндай сыйлық туралы армандаған жоқпыз, – деді Айдана Смағұлова. – Біздің отбасымыз үшін бұл үлкен көмек. Ноутбук арқылы балаларға сабақ оқу оңайырақ болады.

Ноутбук алған 8-сынып оқу­шысы Аслан Керейбек IT ма­маны болуды армандайды. Болашақ бағдарламашы апасы мен атасының қамқорлығында.

– Мен зейнеткермін. Зей­нетақым аз, екі баланы тәрбиелеп отырғандықтан, осындай қымбат затты сатып алу қиынға соғады. Біз сыйлықты ризашылықпен қабылдаймыз. Немерелерімнің қашықтан оқуына мүмкіндік туды, – деді демеушілерге Асланның атасы.

 

Павлодар облысы