АҚШ федеральды барлау бюросының қызметкерлері бұдан 30 жыл бұрын бортында 56 жолаушысы бар ұшақты заңсыз айдап, Кубаға өтіп кеткен Уильям Поттс деген адамды тұтқындады. Бұл туралы www.1TV.ru сайты хабарлады.
Уильям Поттс Бостандық аралында 30 жыл тұрған. Оның бір өкінетіні, «аңсап жеткен» елі маңдайынан сипай қоймапты. Сондықтан әлгі қылмысы үшін Куба түрмелерінің бірінде 13 жыл отырады. Жазасын өтеп шыққан соң Уильям үйленіп, екі қыздың әкесі атанады. Алайда, әйелі екі қызын ертіп, бұдан бір жыл бұрын АҚШ-қа қоныс аударыпты.
Кубада қалып қойған Уильям Поттс отбасына деген сағыныштың айдауымен қауіп-қатерден қорықпай, АҚШ-қа ұшып келеді. Бірақ, санасын сағыныш шырмаған әкені отбасы мүшелері емес, көптен бері тістерін қайрап жүрген АҚШ федеральды барлау бюросының қызметкерлері оны ұшақтан күтіп алады.
Кезінде «Қара қабылан партиясы» деген афроамерикалық ұйымның мүшесі болған Уильям Поттс енді бас бостандығынан өмір бойы айырылуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде, яғни 1960-1970 жылдар аралығында АҚШ-тан Кубаға оншақты ұшақ заңсыз «қуылып» кеткен. Бұл оқиғалар сол тұстарда АҚШ-тың беделіне үлкен нұқсан келтірген. Әсіресе, АҚШ өзінің КСРО секілді саяси бәсекелестерінің алдында қатты «ұялған».
Ал АҚШ өзінің абыройына кері әсерін тигізгендерді арада 30 жыл емес, 30 ғасыр өтсе де, кешірмейтіні белгілі.
Жолдыбай Базар.