• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қыркүйек, 2020

Шу ауданындағы газ мәселесі бір аптада шешіледі

560 рет
көрсетілді

Шу ауданындағы газ мәселесі бір аптада шешіледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбыл облысының Шу ауданы, Төле би ауылына газ тарту талай жылдан бері өзекті мәселе болып келеді. Жергілікті тұрғындар бұл жұмысқа жауапты "Париев" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бағаны шарықтатып отырғанын айтып, шағымданған болатын. Аталған мәселе жуырда жалпыұлттық "Egemen Qazaqstan" газетінің бетінде де көтерілді. Төле би ауылына газ тарту мәселесі бойынша Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жиын өткізді. Ауылға газ құбыры осыдан бірнеше жыл бұрын тартылған. Бірақ, кейбір үйлер әлі күнге дейін көгілдір отынсыз отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, үйлерге газ жеткізуге жауапты мердігер "Париев" ЖШС. Бастапқыда, яғни 2016 жылы аталған серіктестіктің бағасы 420 мың теңге болса, кейіннен ол 570 мың теңгеге дейін өскен. Мердігер компания өкілдері бұл ретте құрылыс материалдарының қымбаттағанын айтқан. Енді бұл жағдай тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Қарапайым халық мұндай қаражатты тауып беруге бәрінің бірдей шамасы келмейтінін айтады.

Шу қаласынан аудан орталығы Төле би ауылына дейін ұзындығы 8,7 шақырым магистральды құбырды сатып алуға және мемлекет балансына қоюға облыстық бюджеттен 251,1 миллион теңге бөлінген. Бұл шешім "Париев" компаниясы қызметінің бағасын 475 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік берген. Бұл күнде Төле би ауылында 4200 үй бар болса, олардың 35,2 пайызы ғана газбен қамтылған. Қалған үйлер бағаның қымбаттығына байланысты газға қосыла алмай отыр. Мәселені анықтау үшін облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департамент "Париев" серіктестігіне қатысты тергеу жүргізген. Іс Меркі аудандық сотына жіберілгенімен, әкімшілік-құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Дегенмен, Құдайберген Қорғанбаев "Париев" өз міндеттемелерін толық орындамағанын мәлімдеді. Аталған компания техникалық қызмет көрсетуді жүргізуге мүмкіндік беретін шарт жасаспаған. Бұл жағдайдың салдарынан ағымдағы жылғы қыркүйек айында Төле би ауылында газ өшірілген.

"Париев" компаниясы қызмет көрсететін аумақта тұратын Шу қаласының тұрғындары да осындай мәселені бастан кешірген. Осы орайда, Бердібек Сапарбаев мәселе бір апта ішінде шешімін табуы керектігін жеткізді.

"Компанияның қызметтері басқа аудандарға қарағанда неге қымбат екенін саралаңыздар. Қордай ауданында осы секілді қызмет құны 350 мың, ал Шу ауданында жарты миллионнан асады. Олардың газы алтын емес шығар? Неліктен тұрғындар екі апта бойы газсыз қалады? Тұрғындар қызметтерге үздіксіз ақы төлейді, сондықтан газ да тұрақты берілуі тиіс. Олардың наразылығы орынды. Барлық кінәлілер әділ жазаға тартылуы керек. Ешкімге халықты алдауға жол берілмейді", деді ол.

Сондай-ақ әкім бұл мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын айтты.