Маңғыстаудағы атышулы жобалардың бірінің аты да, арты да шулы болғаны бүгінде жалпақ жұртқа жария. Бұл туралы газетіміздің 22 қазандағы санында «Аққу бренді тығырыққа тірелді» тақырыбында мақала жарық көрген болатын. Айтпағымыздан бұрын, оқырмандарға түсінікті болуы үшін, мәселенің мән-жайына тағы да тоқталып өтуді жөн санадық.
Маңғыстаудағы атышулы жобалардың бірінің аты да, арты да шулы болғаны бүгінде жалпақ жұртқа жария. Бұл туралы газетіміздің 22 қазандағы санында «Аққу бренді тығырыққа тірелді» тақырыбында мақала жарық көрген болатын. Айтпағымыздан бұрын, оқырмандарға түсінікті болуы үшін, мәселенің мән-жайына тағы да тоқталып өтуді жөн санадық.
Қазақстандықтарды отандық планшет пен теледидарға қарық қыламыз деп күпінгендердің көксегені отандастардың қамы емес, өздерінің құлқыны болып шықты. Ал, біз осы уақытқа дейін қысыр сиырдан сүт дәметіп келіппіз...
2010 жылғы ел Үкіметінің тізгінін ұстағандарды еліміздің білім беру және басқа да мекемелерге қажетті планшет компьютерлерін өндіру туралы ой мазалаған болуы керек, аталмыш әңгіменің шетін шығарды. Әңгімені желге ұшырмай, жерде жүзеге асыруға теңіз арқылы оны-мұнысын тасымалдауға Маңғыстау өңірі қолайлы болды ма, көп ұзамай жобаның «тұсауы кесілді». Елімізде жақсы іс жасалып жатса, неге қуанбасқа?! Сендік, қуандық. 2011 жылы планшет құрастыру мақсатында «Caspiy Elektronics» ЖШС құрылып, желтоқсанда Мемлекет басшысының алдында «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» атты тікелей тележелі де ашылған болатын. Телекөпір арқылы ашылған 19 жаңа жоба мен «Халықтық құрылыстар» санатында Маңғыстаудың мерейін көтерген жобаны «Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына сый десті» құзіретті орындағылар. «Планшетті компьютерлерді білім беру саласына электронды оқулықтар ретінде енгізу мәселесін өзара ойластыру керек. Зауыттың ішкі істер саласына сандық бейнебақылау камераларын жинастыру мүмкіндігі де бар» десті риясыз сенгендер. Біз тағы сендік, себебі, Елбасы алдында, ең қымбат құндылығымыз – тәуелсіздікті ортаға салып тұрып айтқасын кім сенбесін. Елбасы да сенген. Сөйтсек, іс тізгінін қолына алған өңкей су жұқпастар болып шықты – сан соқтырып кетті! Планшет құрастыру құрғақ қиялы екен де, нағыз мақсаты «майлы жілікті» жымқыру болып шықты.
Мұны Маңғыстау облыстық қаржы полициясы тергеп, анықтап отыр. Әу бастан электронды техникалар жасауға емес, көзбояушылықпен ақша иемдену сынды жымысқы ойларын жүзеге асыру мақсатында құрылған компанияның ісі былыққа толы. Жаңа серіктестіктің жарғылық қорында 800 млн. теңге бар болса, оның 200 млн. теңгесін бөлген «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік қоры ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы» жобаға 25 пайыз қатысушы болады да, қалған 75 пайыз «JX Company» ЖШС-не тиесілі болып шығады. Алдымен «Вектор Плюс» ЖШС-мен келісімшартқа отырған «JX Company» ЖШС оларға зауыт құрылысын салдырады. «Тәуелсіздіктің мерейтойына тарту» болғасын жылдамдатқан болар, олар бес айда кілтін қолға ұстатады. Зауыт құрылысы, монтаждау жұмыстарының құны екеуара жасалған келісімшартта көрсетілмегенмен, бұл жұмыстары үшін «Caspiy Elektronics» ЖШС «Вектор Плюс» ЖШС есебіне 78 млн. 780 мың теңге аударады.Осыдан соң құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету міндетін мойнына алған «JX Company» ЖШС зауытқа қажетті жабдықтар сатып алумен «айналыса бастайды». Маңғыстау облыстық қаржы полициясындағылардың тергеуінше, «Анира» бағалау компаниясы аталмыш серіктестік сатып алған жабдықтарды толық қарамай-ақ сырттай 610 млн. 485 мың теңге деп баға кесіп береді.
Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жүргізген тергеу анықтамасы сұмдық фактіні алға тартып отыр – халықты, мемлекетті алдаудан шімірікпегендері соншалықты, «планшет құрастырушылар» «Анира» айтқандай 610 млн. 485 мың теңгеге емес, «Сатурн Электроникс» компаниясынан 20 млн. теңгеге «планшет жасауға арналмаған» жабдықтар сатып алады. Жылына 67760 планшет, 43560 монитор және 40414 теледидар құрастыруға міндетті кәсіпорын бар-жоғы 1000 теледидар құрастырады, ал планшетті өзгенің өнімін «өзінікі» ретінде жариялап «қулығын асырып кетеді». Сондай-ақ, Маңғыстау облысы бойынша сот сараптама қорытындысы «Вектор Плюс» компаниясы жасаған жұмыстар құнын 73 млн. теңгеге жуық қаржыға шағып отыр. Мақалада мемлекетке 200 млн. теңге көлемінде шығын әкелген «планшет шығару барысындағы былықтар мен шылықтар, құжаттастыру мен істі ұйымдастыруға қатысты заңсыздықтар қатары мұнымен шектелмейді» деп, кінәлілердің торға түсерін меңзеген болатынбыз. Айтқандай, Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Планшетті компьютер, тедедидар, мониторлар өндіретін зауытқа» қатысты қозғалған қылмыстық істі егжей-тегжейлі тергеу барысында «Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ инспекторына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған қызметтік жалғандық жасады деген күдік бар. Нақтырақ айтсақ, тараптан құны 174 млн. 291 мың теңге деп жалған көрсетілген мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісіне қол қойылған, сондай-ақ, осы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда, оның жобалау-сметалық құжаттары және мемлекеттік сараптау қорытындысы мүлдем болмапты. Індете жүргізілген тергеу, қаржы сомасының асырыла көрсетілгендігін, Маңғыстау облыстық Сот сараптау институтының қорытындысына сәйкес жасалған жұмыстардың құны 72 млн. 921 мың теңгені құрап отырғандығын айтады. Күдікті үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 314-бабының 2-бөлімі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Осылайша, аққу болуды армандағандар тұзаққа түсіп жатыр. Аққу киелі құс, оның атын жамылып қылмыс жасағандардың алысқа бармауы тегін емес...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
_________________
Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС.