• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2010

АБАЙДЫ ТАНУ ОЙДАҒЫДАЙ МА?

694 рет
көрсетілді

Астанадағы С.Сейфуллин мұражайында ұлы хакім Абайдың 165 жылдығына орайлас әдеби-музы­ка­лық шара болып өтті. Елбасы Абайдың 150 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде: әлемге қазақты таныту үшін Абайды тану керек деген еді. Осы тапсырманы іске асыруда салғырттық басым сияқты. Дегенмен Абай мұрасымен жүйелі түрде жұмыс жасап келе жатқан ұйымдар да бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, халық­аралық “Абай” қоры. Әйтсе де мұндай қоғамдық ұйым­дар­дың қарымы қысқа. Демеушілердің бөлген қаржысы­мен күн көретіндігін алға тартқан “Абай” қорының президенті, ҚР еңбек сіңірген қызметкері Балтабек қажы Бәзілұлы қордың қалыпты жұмыс істеуі үшін жылына 5 млн.теңгедей ақша қажеттігін жеткізе отырып, мұны республикалық бюджетке енгізу дұрыс болар еді деген тілегін де білдірді. Сондай-ақ ол Абайдың 165 жылдық тойы 4 ай бұрын, ең бастысы ел орталығы Астана қаласында басталуында да үлкен мән жатқандығын айтты. 1990 жылы құрылған қорға бүгінде 20 жыл толып отыр екен. Кеште Абай әндері шырқалумен қатар, бірқатар қордаланып қалған мәселелер де айтылды. Мысалы, Абайдың қара сөздерінің орындарының ауысуы, данышпанның мұрасының жинақталуы жайында сөз қозғалды. Балтабек қажы Ерсәлімов бізбен көкейінде жүрген кейбір ойларымен де бөлісті. Атап айтсақ, түркі халық­тары арасында Абай атындағы халықаралық сыйлық болса оның дүниежүзіне таныла түсуіне қызмет етпес пе еді? Студенттерге Абай атындағы сыйлық тағайындаса да артықтық етпейді. Міне, осы секілді көптеген мәселелерді көтерген әдеби-музыкалық кешті абайтанушы ғалым Асан Омаров жүргізді. Венера ТҮГЕЛБАЙ.