Жыл басынан бері елімізге шетелден келетін жүктерді тексеру кезінде өсімдіктер карантиніне қатысты 2,7 мыңнан астам заң бұзу фактісі анықталды. Пандемияға байланысты биыл карантин талаптары күшейтілгенін атап өткен ләзім.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, көп жағдайда өсімдік өнімдерін импорттаушылар тауарды міндетті фитосанитарлық сертификатсыз алып келуге тырысады. Сондай-ақ жалған немесе сәйкес келмейтін сертификатпен, тыйым салынған және зиянкестері бар өнімдерді елге кіргізбек болған әрекеттердің жолы кесілді.
– Осы фактілер бойынша 8 айдың қорытындысына сәйкес 2 мың 225 жеке және заңды тұлғаға 110 млн 879 мың теңге айыппұл салынды. 720 жағдайда жүк жөнелтуші елге кері қайтарылды, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Экспорттаушы елге кері жіберілген жүк көлемі 1 мың тоннаға, яғни 1259 текше метрге жуықтайды. Сегіз жағдайда өнім жойылып, үш жағдайда қайта өңделді.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты экспорттаушы елдерге 477 нотификация жіберілді. Нотификацияның 252-сі – Өзбекстан Республикасына, 127 – Ресей Федерациясына, 38 – Иран Ислам Республикасына жіберілді.
Қазіргі таңда елімізде 77 сыртқы және ішкі фитосанитариялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Оның 32-сі республиканың шекара маңындағы өңірлерінде карантиндік фитосанитарлық бақылауды күшейту үшін биыл ашылғанын айта кету керек.
Мемлекеттік карантиндік фитосанитарлық бақылау елге қауіпті карантиндік объектілердің – өсімдіктерді зақымдайтын өсімдік ауруларының қоздырғыштарын, кене, нематод сынды жәндіктердің, сондай-ақ арамшөп тұқымдарының Қазақстан шекарасынан ішке өтіп кетпеуін қадағалайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті биылғы 6 тамыздан бастап шығыс көбелегі мен комсток құртының табылуына байланысты Өзбекстан аумағынан жеміс-жидек алып келуге уақытша тыйым салған болатын. Сондай-ақ халықаралық сауда нормаларын, оның ішінде өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі халықаралық конвенция мен Еуразиялық экономикалық одақ талаптарын бұзғаны үшін министрлік Қазақстанға өсімдік өнімдерін фитосанитарлық сертификатсыз кіргізуге тырысқан бірқатар импорттаушыларды «қара тізімге» енгізді.