Шығыс Қазақстан облысында 9 айда 1287 жол-көлік апатынан 158 адам қаза тауып, 1615-і түрлі жарақат алған
Жол – тіршілік күретамыры. Жол сапалы болмаса, жүргізушілер апатқа жиі ұшырап, өлім құшып жататыны жасырын емес. Бір ғана мысал. Мәселен, биылғы жылдың он айында облыс көлемінде 1287 жол-көлік апатынан 158 адам қаза тапса, 1615 жол қозғалысына қатысушы әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Сөйтіп, 2012 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының саны 46,6 пайызға және жарақат алғандар саны 49,6 пайызға өскен. Қаза болғандар саны 11,2 пайызға төмендеген. Жол-көлік апаты соғыстан қиын болып отыр. Осыған орай жол қозғалысы қауіпсіздігінің мәселелерін білу үшін біз, ШҚО ІІД Әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары Дулат Нұрсолтановқа бірнеше сауал қойған едік.
Шығыс Қазақстан облысында 9 айда 1287 жол-көлік апатынан 158 адам қаза тауып, 1615-і түрлі жарақат алған
Жол – тіршілік күретамыры. Жол сапалы болмаса, жүргізушілер апатқа жиі ұшырап, өлім құшып жататыны жасырын емес. Бір ғана мысал. Мәселен, биылғы жылдың он айында облыс көлемінде 1287 жол-көлік апатынан 158 адам қаза тапса, 1615 жол қозғалысына қатысушы әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Сөйтіп, 2012 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының саны 46,6 пайызға және жарақат алғандар саны 49,6 пайызға өскен. Қаза болғандар саны 11,2 пайызға төмендеген. Жол-көлік апаты соғыстан қиын болып отыр. Осыған орай жол қозғалысы қауіпсіздігінің мәселелерін білу үшін біз, ШҚО ІІД Әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары Дулат Нұрсолтановқа бірнеше сауал қойған едік.
– Дулат Қадесұлы, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеу керек? Облыстық әкімдік сіздерге жүзден астам жаңа көліктер берді, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті. Шығыс Қазақстан облысында 2012-2014 жылдарға жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің салалық бағдарламасының жүзеге асырылуынан нәтиже бола ма?
– Жол-көлік апатының көбейіп отырғаны бәрімізді алаңдатып отыр. Елбасы Үкімет отырысында еліміздің күре жолдарында өлімнің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұдан тез арада қорытынды шығаруды тапсырды. Біз қабылданған бағдарламадан үміт күтіп отырмыз. Қала, тіпті кейбір аудандарда 13 бағдаршам орнатылған және қажетті белгілермен жабдықталған. 57 бағдаршамдық нысан таймерлі өлшеуішпен жабдықталған. 2013 жылы Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Зырян, Глубокое, Катонқарағай, Абай, Көкпекті, Ұлан аудандарында 33,8 шақырым көше бойында жарық беру жүйелері орнатылды. Ағымдағы жылы 9,5 шақырым көшеге қоса тартылмақ.
– Алысқа бармай-ақ, Өскеменнің өзін алайық. Осыдан бір жыл бұрын Тәуелсіздік даңғылында екі бірдей әйелді көлік қағып, екеуі де көз жұмды. Оның үстіне жүргіншілер өтпесінде адамды қағып кету фактілері күнделікті орын алып жатады. Осы орайда қандай іс-шаралар қабылданды?
– Жүргіншілердің қатысуымен 520 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, нәтижесінде 43 адам көз жұмды, 518-і жарақат алды. Әр төртінші жағдайда жүргіншінің кінәсі байқалады. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі күрделі мәселелердің бірі болуда. Көлік жүргізушілері жол жүру ережелерін бұзғандығы үшін жүргізуші куәлігінен айырылып немесе айыппұл салынатындықтан жолда аса жауапкершілікпен жүруі мүмкін, ал осы тұрғыда жаяу жүргінші өзінің жоғалтары аз, яғни тек қана айыппұл төлеумен шектелемін деп ойлайды. Бірақ та, бұл пайымдаулары Жол жүру ережелерін сақтамай жаяу жүргінші өткелінен емес жолдың кез келген жерінен қиып өткен кезде жол-көлік оқиғасына ұрынып жарақат алып, тіпті қаза тауып жатады.
Жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бағдарлама аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Өскемен және Семей қалаларында 15000 метр тротуарлар жөндеуден өтеді, оған қоса бордюрлер ауыстырылады. Жыл басынан 4600 метр жүргіншілер жасағына ұстау қоршаулары қайта орнатылса, 490 погондық метр құрайтын жүргіншілер қоршаулары орнатылды. 306 жүргіншілер өткелдері арнайы жол белгілерімен жабдықталған. Өскемен қаласындағы «45 дәріхана», «Дюймовочка», «Император», «Даниэль» сауда үйлерінің маңайында жер асты өткелдері салынады. Қазіргі таңда қаржыландыру мәселелері қарастырылуда.
«Құқық бұзушылықтың алдын алу» бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралар да аз емес, соның бірі мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерімен байланыс нығая түсті. Бағдарлама аясында биылғы жылы қозғалыс жас инспекторларының облыстық слеті өткізілді.
Жол-көлік жарақатының алдын алуда облыс аумағында кең көлемде «Қауіпсіз жол», «Абайла, балалар!», «Жүргінші» және т.б. іс-шаралары жүргізілуде.
– Жүргізушілердің Жол жүру ережелерін сақтамағандықтан, жолдың қарсы жолақ бағытына шығудың, жылдамдықты арттырудың салдарынан автокөлік құралдары бетпе-бет соқтығысып жатады. Осы орайда қаңдай жаңа технологиялар енгізіледі?
– Апаттылық деңгейі жоғары 23 тұрғын бекеттердің 19-ында тұрақты жылдамдық өлшеуіш орнатылды, оның екеуі «Автодория» жүйесі. Біреуі – Өскемен қаласында Бажов көшесінің «Бақтар» автобус аялдамасынан «Әуежай» учаскесіне дейін бақылауға алса, екіншісі – Ақмер кенті – Понтон көпірі телімі бойынша тестілеу тәртібінде жұмыс істеуде.
Облыс орталығы көше-жол жүйесінің 10 телімінде тұрақтандырылған жүйелер орнатылған. Осыған қосымша қараша айынан бастап 5 жол қозғалысын бақылайтын интеллектуалды жүйе енгізіледі. Олардың ерекшелігі, ішкі істер органдарының басқару орталығы басқармасының бейнебақылау жүйелерімен бірігіп жол қозғалысы ережелері бұзушылығын тіркеу функцияларын атқарады. Жүргізушілердің жылдамдықты асыру, «тоқта» сызығынан өтіп кету, бағдаршамның қызыл шамына өту және т.б. бұзушылықтарын анықтайды. Осы құрал арқылы тіркелген құқық бұзушылықтар бойынша көлік иесі немесе сол уақытта рульде отырған жүргізуші (растайтын құжат болған жағдайда) әкімшілік жауапқа тартылады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мәселе облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рашид Жақыповтың күнделікті бақылауында. Әрбір орын алған оқиғаларға, әсіресе, балалардың және жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын көлік құралдарының жүргізушілерімен болған оқиғаларға қызметтік тексерулер жүргізіледі. Осы жаңа әдістер арқылы жүргізушілер тәртіпке шақырылады.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.