• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2013

Хамаңның хамсасы

310 рет
көрсетілді

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалиев шығармаларының бес томы оқырман қауымға жол тартты.

 

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалиев шығармаларының бес томы оқырман қауымға жол тартты.

Алаш жырының аламат бәйгесіндегі алапат ақын­дардың бел ортасынан өзіне тиесілі орынын ойып тұрып алған Хамаңның абыздығына, шалқар ойлы айдындылығына бұл күндерде ешкім де шәк келтіре қоймасы анық. Бұл – уақыт еншісіндегі баға, тарих таразысындағы таңдау һәм талғам. Өз дәуірінің өресінен өжет сөйлеген, айтарын бүгежектемей айта білген, қашанда шынайы да шын сырын толғаған арқалы ақынның өлең-жырлары мен дастан-толғаулары келер ұрпақ алдында да өз бағасын, қадір-қасиетін жоғалтпақ емес. Хамит Ерғалиев поэзиясы уақыт сынынан өтіп үлгеріп, болашаққа бет алған баянды керуен екендігін әдебиет білгірлері де айғақтап айтып отыр. Осы арада Орал қаласында сонау 1935 жылы жас шайыр Хамиттың бір топ өлеңдеріне жылы лебіз білдіріп жолын ашқан, 1947 жылы Алматыда «Әке сыры» поэмасын қолжазбасынан оқып, сол туындының жарқын талайын болжаған, ал 1952 жылы «Біздің ауылдың қызы» дастаны туралы арнайы мақала жазып, ақ тілеуін айтқан, сөйтіп, поэзия қыранының томағасын сыпырған жыр құдіреті Қасым Аманжоловтың әулиелігіне тағы бір тәнті болмасқа әддіміз жоқ.

Бүгінде Хамит Ерғалиевтай дастаншыл, толғаушыл, халықтық дәстүрдегі жырау ақыны болмаса, қазақ поэзия­сы толық келбетімен көріне алмас еді десек, ол да рас. Хамаңның «өртке тиген дауылдай» өр де өжет мінезін, теңізге лайық тебіреністерін, тау тұлғалы тазалығын, тағы басқа табиғи дарынға тән данышпан даралықтарын көбірек сағынатынымыз да рас. Сондайда Хамаңның шинелінен шыққан Иран-Ғайып, Рафаэль Ниязбек тәрізді ақындар Алматыны қақ жарып аққан Есентай өзені бойындағы Хамит Ерғали жағалауын толғана кезіп, жан сабатын тауып, орман ойларға берілер еді.

Хамаң өз дәуірінің, замананың шыншыл суретін өрнектеген өршіл ақын. Келер ұрпаққа сол керек. Келер ұрпаққа Хамаңның ұлы дастаны «Құрманғазысы», төрттағандары, сонеттері, «Күй-дастан», «Аңыз-Ата» поэ­малары, тәуелсіз ел рухын танытқан «Жедел толғауы» мен «Шер толғауы» керек. Мұның өзі Хамит Ерғалиевтың туған халқымен бірге жасай беретін тағдырлы талант екенін шегелеп аңғартады. Өйткені, Хамаңның өзі жырлағандай, қашан болсын, «Шын ақынның шырағданы маздайды».

Олай болса, жақында «Қазығұрт» баспасынан Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдар­ламасымен жарық көр­ген Хамит Ерғалиевтың көптомдық шығармалар жинағының бес кітабы жырсүйер қауымға лайықты тарту болғаны күмәнсіз. Алматыда осы ақжолтай әрі салиқалы басылымның тұсаукесері өткізілді. Академик Зейнолла Қабдоловтың зайыбы Сәуле апай бастап, Хамаңмен достас болған Сапабек Әсіп­ұлы, Ғаббас Қабышұлы, Төлепберген Тобағабыл, Мұрат Әуезов, Берік Шахан­ұлы, Смағұл Елубай сияқты қарымды қаламгерлер қостап, Хамаңнан тәлім алған Темірхан Медетбек, Рафаэль Ниязбек, Иран-Ғайып сияқты ақындар құптап, абыз ақынды сағыныш сазына бөледі, ғибратты естеліктер бесігінде тербетті. Ақынның балалары Мұрат пен Гүлжан тұсаукесер рәсіміне жиналған қауымға, бес томдықты шығарушылар тарапына алғыс-рақметтерін айтты. Хамаңның көктемдей көрікті, жаздай жарқын, күздей дана бес тарау, бес томдық хамсасы көз сүйіндіріп, көңілдерге қуаныш ұялатты.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

______________

Суретті түсірген

Юрий БЕККЕР.

Соңғы жаңалықтар