Ертеңнен бастап "Nur Otan" партиясының праймеризіне дауыс беру кезеңі басталады, деп хабарлайды Egemen.kz "Nur Otan" партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл елді елең еткізген партияішілік байқаудың ақтық сыны саясаттағы жаңа жұлдыздарға жол ашатыны анық. Іріктеуге қатысып, саяси аренада өз бағын сынап көргісі келетін азаматтар аз емес.
Тамыз айында өткен партияның Саяси кеңесі Бюросының отырысында Елбасы - Нұрсұлтан Назарбаев праймериздің барлық қатысушылар үшін әділ, ашық және тең жағдайда ұйымдастырылуы керектігіне баса назар аударған болатын.
"Жұртшылық елдің қоғамдық және саяси өміріне белсене қатысқысы келеді. Біз партияны қайта жандандырудың дұрыс бағытын таңдадық. Еліміздің мәселелерін бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз ету қажет. Праймериздің міндеті – халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру, қоғам қолдауына ие, нақты жағдайды білетін беделді көшбасшыларды, белсенді адамдарды бәсекелестік негізінде іріктеу", деді партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Партия мүшелері өздері таңдаған үміткерлеріне қазанның 1 мен 3 аралығында дауыс беретін болады.
Партияның әр мүшесі өз сайлау аумағынан додаға түскен үміткерлердің ішінен таңдағандарының барлығына дауыс бере алады, алайда бір телефон нөмірінен бір адам ғана дауыс беру құқығына ие болады.
Дауыс беру негізінен онлайн форматында жүзеге асырылады, алайда интернеті жоқ азаматтар үшін еліміздің барлық аймақтарында арнайы жабдықталған сайлау учаскелері жұмыс істейтін болады.
Онлайн-дауыс беру 2020 жылдың 1 қазанда түнгі сағат 00:00-де басталып, 2020 жылғы 3 қазанда күндізгі сағат 14:00-де аяқталады. Сайлау учаскелерінде дауыс беру 2020 жылдың 3 қазанында таңғы сағат 08:00-ден 14:00-ге дейін қолжетімді болады.
Партия мүшелері өз таңдауларын төрт түрлі жолмен жүзеге асырады. Біріншісі - смартфондарға арналған мобилдік жүктеме, ал екіншісі - primaries.kz веб-порталы арқылы.Интернет желісімен қамтамасыз етілмеген елді мекендерде тұратын 84 000 астам партиялықтар арнайы учаскелерге барып, қағаз бюллетень арқылы дауыс береді, ал қалған аймақтардағы учаскелердесайлаушыларға онлайн түрде дауыс беру үшін интернет желісіне қосылған арнайы орындар жабдықталатын болады.
5-ші қазан күні праймериз қорытындысы бойынша үміткерлердің барлық деректері мен рейтингтері партияның интернет-сайтында жарияланады.
Елімізде алғаш рет өткізіліп отырған партияішілік іріктеуге 10 000 астам азамат қатысуға ниет білдірген болатын.Олардың ішінде білім және ғылым, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт тағы басқа салалардың өкілдері бар. Үміткерлердің 31% білім және ғылым саласының өкілдері құрайды – бұл сала бойынша ең үлкен көрсеткіш.
Кандидаттардың 36,9% әйелдер, 29,6% - 35 жасқа дейінгі жастар, бұл әйелер мен жастардың саяси бесленділігінің көрсеткіші. Сонымен қатар, додаға қатысуға отандастар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтаржәне көп балалы аналар да тіркелген.
Үміткерлердің орташа жасы 43 жасты құрайды. Ең жасы 19-дағы Түркістандық Ақерке Талғатбек, ең үлкен кандидат - 83 жастағы Шымкент тұрғыны Басс Нина.
Бұл қоғамның да, партияның да саяси өмірдегі жаңа өзгерістерге дайын екендігінің көрсеткіші.
"Nur Otan" партиясының Қазақстан Республикасы бойынша мүшелерінің саны 800 000 асады.