• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Қазан, 2020

Бюджет есебінен оқығандар ақысын еңбекпен өтейді

178 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген білім беру мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Білім ордасы дипломын бағалауы тиіс

Депутаттар әзірлеген өзге­ріс­тер білім беру процесін одан әрі жетілдіруге, оның ішінде білім беру жетістіктерінің мониторингін жүзеге асыруға бағытталған. Осы­ған байланысты ұсынылған білім беру жетістіктерін бақы­лау­дың қазіргі нұсқасынан айыр­ма­шылығы туралы мәселе көтерілді.

Заң жобасына байланысты баян­дама жасаған Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғановтың айт­уынша, Еңбек кодексінің 119-бабына сәйкес, білім алушылардың дуальды оқыту туралы шарт негі­зінде өндірістік оқытудан және кәсіптік практикадан өткен уа­қыты еңбек өтіліне есептеледі.

Әйтсе де, еңбек қызметін растайтын құжаттардың тізбесінде шарттың осы түрі қамтылмаған. Осыған байланысты құқықтық коллизияны болғызбау мақсатында жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың тізбесін жаңа құжат – дуальды оқыту туралы шартпен толықтыру ұсынылады.

«Білім беру саласындағы өкі­летті органға техникалық және кәсіптік орта білімнен кейін­гі білімі бар кадрларды даяр­лау­ға мемлекеттік тапсырыс­ты қа­лып­тастыру әрі бөлу қағи­да­ларын бекіту бойынша құзырет беру арқылы шешу ұсынылады. Мәсе­лен, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс жұмыспен қамту органдарының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының ұсыныстары негізінде өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктері ескеріле отырып орналастырылады. Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру рәсімі көзделмеген. Ұсынылып отырған түзету мемлекеттік тапсырысты орналастыру және оны беру кезінде сыбайлас жемқорлық факторының ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді», деді депутат.

Заң жобасында жоғары оқу орнын бітірушінің мемлекеттік білім беру тапсырысында оқу ұзақтығына пропорционалды түрде еңбекпен өтеу мерзімін белгілеу арқылы шешу ұсынылмақ. Осылайша, мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы білім алған азаматтар бүкіл кезеңде – барлық үш жылды да жұмыспен өтейді. Ал білім алушылар ішінара, яғни бір бөлігін ақылы негізде – мемлекеттік бюджет есебінен оқу кезеңіне сай жұмыс істеуі тиіс.

«Білім берудің жаңартылған мазмұнын ескере отырып, базалық білімді тексеруге бағытталған білім беруді сырттай бағалаудың «білім беру жетістіктерінің мониторингі» атты жаңа моделін енгізу арқылы шешу ұсынылады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру ұйымдарын сыртқы бағалау тетігі жетілдіріледі. Бұл білім алушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, заң жобасын қабылдау білім беру процесін жетілдіру, оның ішінде кәсіби кадрларды даярлау және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін барлық қажетті жағдайларды жа­сайды деп санаймыз», деді Ә.Бек­тұрғанов.

Заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Нұр­лан Нығматулин білім беру сапасы үшін жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктелетінін айтып, алайда білім беру қызметін бақылау сақталатынына тоқталды.

«Меніңше, бұл мәселені әлі де қарастыру қажет. Себебі, білім саласы – елдің болашағы. Сондықтан бұл салада барлық жаңалықтар өз уақытында жедел қолға алынып отыр. Мысалы, екі жыл бұрын ғана заң бойынша жоғары оқу орындарына академиялық және басқарушылық еркіндік берілді. Сонымен бірге, келесі жылдан бастап жеке диплом беру де қолға алынады. Осының барлығы оқу орындарының заманға сай, еркін, ашық және сапалы жұмыс жасауы үшін жасалып отырған қадам», деді Н.Нығматулин.

Сонымен қатар Мәжіліс Төр­ағасы 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары жеке үлгідегі дип­ломдарды бере бастайтынын айтып, заң жүзінде жоғары оқу орындарына білім беру қызметінде толық дербестік берілгеніне тоқ­талды. Мұндай жағдайда білім сапасы үшін жауапкершілік жоғары оқу орындарының өздеріне жүк­теледі. Н.Нығматулин жоғары оқу орындарының дербестігі дип­ломдарға мөр басу емес екеніне назар аударды.

«Әрбір ЖОО өздері берген дипломын бағалай білуі керек. Осыған байланысты жоғары оқу орын­дарында білім беру жетістік­теріне мониторинг жүргізу қан­ша­лықты орынды деген сұрақ туындайды? Оның үстіне, бұл мониторинг қандай да бір ЖОО-ның білім беру бағдарламаларының сапасы туралы ешқандай түсінік бермейді. Тағы бір айта кететін жағдай, білім беру қызметін бақылау керек. Енді университеттер бақылаусыз қалуы мүмкін деген пікір қалыптаспауы тиіс», деді Н.Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасы атап өткен­дей, мұндай бақылау кәсіпкерлік субъек­тілері ретінде барлық жоға­ры оқу орындарында Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүзеге асырылады. Н.Нығматулиннің айтуынша, Білім және ғылым министрлігі Бас прокуратураның Құқықтық статистика орталығы арқылы нарық субъектісі ретінде кіріп, қарай алады.

Сонымен қатар барлық ЖОО-лар қазір нарық субъектілері саналады және біліктілік талаптарына, білім беру стандарттарына сай келеді. Бұл уәкілетті органға, яғни Білім және ғылым министрлігіне жоғары оқу орындарының білім беру қызметін тереңірек талдауға жә­не оларға тиісті баға беруге мүм­кіндік береді. Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы екінші оқы­лым­ға дейін заң жобасын әзірлеу­ші­лермен бірге жұмыс тобына осы мәселені мұқият қарастыруды тапсыратынын айтты.

 

Заң көші-қон процесін реттейді

Сонымен қатар палата «Қазақ­стан Республикасының Мем­ле­кеттік шекарасы туралы» Қа­зақ­стан Республикасының заңына өз­герістер мен толықтырулар ен­гі­зу туралы» заң жобасын екін­ші оқы­лымда мақұлдады.

Құжаттың мақсаты – Мем­ле­кеттік шекара туралы қол­даныстағы заңнаманы жетілдіру. Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жанат Жарасовтың айтуынша, заң жобасында осы саладағы үш деңгейлі басқару моделі екі деңгейліге ауыстырылады.

Құжатта ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін әске­ри қызметшілер санатына ауыс­тыру және Ұлттық қауіпсіз­дік комитетінің жекелеген бөлім­шелерін Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің әскери құрамаларына қайта құру мүмкіндігі көзделген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы мәртебесін бере отырып, авиацияны Шекара қызметінен шығаруды көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады.

Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік органдарының оқу орындарын интеграциялау және кадрлар даяр­лау сапасын арттыру үшін заң жобасында Шекара қызметі академиясын Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің қарамағына беру қарас­тырылған.

Жалпы отырыста депутаттар Қа­зақстан мен Беларусь арасын­дағы көші-қон саласындағы ын­ты­мақтастық туралы Келісімді рати­фикациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Келісім екі мемле­кеттің көші-қон заңнамасы туралы, оның ішінде көші-қон процестерін реттеу, қос азаматтық фактілерінің жо­лын кесу, заңсыз көші-қонға қар­сы күресті ұйымдастыру, сон­дай-­ақ заңнаманың көрсетілген са­ла­лар­ындағы өзгерістер туралы ал­масуды жүзеге асыру үшін қо­лай­лы жағдайлар жасауды көздейді.

«Біріншіден, статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Екіншіден, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Үшіншіден, екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді», деді Ішкі істер ми­нистрі Ерлан Тұрғымбаев.

Келісімде көші-қон сала­сын­дағы қылмыстармен күресуге қатысты қадамдар ескерілген. Беларусь Парламенті келісімді 2020 жылғы 18 мамырда бекітті.

«Ішкі істер министрлігі көші-қон бойынша 23 халықаралық келі­сімді бекітті. Халықаралық дең­гейде тағы да 9 келісім дайындалып жатыр. Осы құжаттардың нәтижесінде заңсыз көші-қон бо­йынша ақпарат алмасу жолға қо­йылады. Адамдарды басқа елдер­ге қайтару мәселесі шешіледі. Сон­дай-ақ шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі анықталады әрі қос азаматтыққа жол бермеу тетік­терін қамтиды», деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, Мәжілістің Қар­­жы және бюджет комитеті Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

 

Ауылдағы ағайынның жағдайын кім ойлайды?

Жалпы отырыстан кейін де­пут­аттық сауалға кезек берілді. Нұр­тай Сабильянов ауылдардағы меди­циналық көмекке байланыс­ты Денсаулық сақтау министрі­нің атына сауал жолдап, ауыл­дық елді мекендерде сапалы ме­дициналық көмек көрсету мәселесі жиі көтерілетінін мәлімдеді.

Қазіргі таңда заңдық тұрғыда халқының саны 50-ден 800 адам­ға дейінгі елді мекендерде меди­циналық пункт ашылуы тиіс. Ал 1500-ге дейінгі тұрғыны бар ауылдарда фельдшер-акушерлік пункт жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулатория ашу үшін халық саны 1500-ден 10 мың адамға дейінгі аралықта болуы керек.

Осы орайда, депутат Статис­тика комитетінің деректерін алға тартып, елімізде халық саны 50-ден асатын ауылдық елді мекендер саны 5691-ді құрайтынын жеткізді. Солардың ішінде тек мыңнан астамында ғана тұрғындар дәрігерлік көмек ала алады.

«Бұл жағдайда, қалған ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекке қалай қол жеткізе алады? Жоғарыда айтыл­ғандар негізін­де, медициналық пункті халық саны 50-ден 300 адам­ға дейін, фельд­шер-аку­шерлік пункті халық саны 300-ден 500 адамға дейін, дәрігерлік ам­булаторияны 500-ден 10 000 адамға дейін болатын әрбір елді мекенде құруды, денсаулық сақтау ұйымдары желісінің нор­ма­тивіне өзгеріс енгізуді сұраймын», деді Н.Сабильянов.

Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов білім саласындағы жан басына шаққандағы қар­жы­­лан­дыруды енгізу процесіне қа­тыс­ты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жан басына шақ­қан­дағы қаржыландыруға тек қа­ла­лық жалпы білім беретін 1594 мектеп ғана көшті.

«2018 жылы толық жинақты ауылдық мектептерде жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізу және кейіннен толық көлемде енгізу тоқтатылып, бұл реформа ауылдық білім беру ұйымдарын қамтымады. Еліміздегі 3987 толық жинақты мектептердің ауылдық мектептері 2393-ті құ­рай­­ды. Оларды жан басына шақ­­қан­­­дағы қаржыландырудан алып тас­тау, біздің пікірімізше, қала мен ауыл мектептері арасын­дағы ал­­шақтықты азайтпай, қайта одан әрі тереңдете түседі», деді депутат Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Ә.Бектұрғанов жан басына шақ­қандағы қаржыландыруға толық көлемде көшуді баяулатуға болмайтынын жеткізді. Депутаттың пайымдауынша, қолданыстағы модель «ақша оқушыға арналады» қағидатына сай келмейді. Өйткені оқушы бір өңірден екінші өңірге ауысқанда тиісті шығындар екінші өңірдің бюджетіне берілмейді.

«Жоғарыда айтылғандардың негізінде мынадай ұсыныстар ен­гіземіз. 2021-2022 оқу жылы­нан бас­тап толық жинақты ауыл­дық мектептерде жан басына шақ­қан­дағы қаржыландыру тетігін және олар үшін тиісті әдістемені әзірлеу жө­ніндегі мәселені қарау. «Ақша оқушыға арналады» деген негізгі қа­ғидатты іске асыру мақсатында, оқушылардың есебін жүргізу және ішкі көші-қонға мониторинг жасау үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру жөніндегі Ұлттық білім беру дерекқорында басқа мем­лекеттік органдардың қолда­ныс­тағы дерекқорларымен бір мез­гілде интеграциялай отырып, жеке жүйені әзірлеу», деді Ә.Бек­тұрғанов.

 

Ел болам десең, ақпараттық қауіпсіздігіңді түзе

Мәжіліс депутаты Берік Дүй­сенбинов Ақпарат және қоғамдық даму министрі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне депутаттық сауал жолдап, шекара маңындағы аймақтағы ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне назар аударды.

«Бүгінгі ақпараттық заманда, интернет, ұялы байланыс, теледидар, радио қоғам өмірінің ең бір маңызды тетігіне айналды. Сондай-ақ әлеуметтік желінің, теле­дидар мен радионың маңызды мақсат­тарының бірі – аудиторияға ақпарат таратумен қатар, саяси-мәдени, идеологиялық тәр­бие мен наси­хат жұмысын жүр­гізу екендігі де белгілі. Сондық­тан еліміз­дің ақпараттық қауіпсіз­дігін қам­тамасыз ету, өзекті мәсе­лелердің біріне айналып, ұлттық қауіпсіздік санатына жатқызу қажеттілігі туындап отыр», деді Б.Дүйсенбинов.

Осы орайда, депутат Ата Заңы­мызда әркімнің еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар екеніне тоқталды. Дегенмен бүгінгі күнге дейін қазақстандық коммуникация желілері қамтымаған еліміздің аумақтары әлі де жетерлік.

«Мысалы, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының Қытай шекарасына жақын орналасқан кейбір аумақтарында қазақстандық не теледидар, не радио, не интернет ұстамайтын жерлер бар. Бірақ Қытай жақтан қазақ тілінде радио сайрап тұрады. Ал шекара маңындағы жергілікті халық тек қытай радиосын тыңдауға мәжбүр.

Тағы бір мысал келтірсек,  Шы­ғыс Қазақстан облысының Үржар ауданына табан тіреген кез келген азаматтың телефонына әп-сәтте-ақ «Добро пожаловать в Китай! Пользуйтесь выгодными тарифами в роуминге!», «Activ приветствует вас в Китае! Пользуйтесь выгодными тарифами в роуминге» сипатты хабарламалар келіп түседі де, ізінше телефоныңыздағы Нұр-Сұлтан уақыты дереу Қытай уақытына өзгереді екен», деді Б.Дүйсенбинов.

Депутаттың айтуынша, осыған ұқсас жағдай, Өзбекстан және Ресей шекарасының маңында да кездеседі.

«Биыл ұлттық тәуелсіздігімізге табандай 29 жыл толады. Сонда 30 жылдай тәуелсіздіктің бары­сын­да ақпараттық, байланыс жүйе­­міздің тәуелсіздігін қамта­масыз ете алмағанымыз ба? Хал­қымыз­дың, оның ішінде әсіресе жас ұр­пақтың отаншылдық, пат­риот­тық сана-сезімінің, ұлттық ар-намы­сымыздың, ұлттық қауіпсіз­ді­гіміз­дің тамырына балта шабатын мұн­дай құбылысқа Ұлттық қауіп­сіздік комитеті, Бас прокурату­ра және басқа да тиесілі мемлекеттік ме­ке­мелер неге назар аудармайды, не­ге тиесілі әрі табанды іс-шара қа­был­дамайды», деді Б.Дүйсен­бинов.

Мәжіліс депутаты Азат Перуа­шев Премьер-Министр атына жол­­даған сауалында «Жеке тұлға­­лар­дың банкроттығы туралы» заңды қабылдау қажет деп есептейтінін жеткізді.

«Соңғы кезде қоғам мен Мәжі­лістегі біздің әріптестер тарапынан несие рақымшылығын жүргізу мәселесі көтеріліп келеді. Бұл бастамаға пандемия кезінде халық табысының төмендеуі мен тұралап қалған шағын және орта бизнесті ескере отырып, назар аудару керек. Несие рақымшылығына қатысты та­быс­сыз қалған адамдардың тала­бы орынды. Дегенмен бұл талап­тар азаматтардың үнемі қарыз тұзағына түсуінің негізгі себеп­терін шешпейді. Осы себепті шешпей, рақымшылық туралы мәселе жыл сайын қайталана береді», деді А.Перуашев.

Осы орайда ол өткен жылы табысы төмен адамдардың банк қарыздары 106 млрд теңгеге жабылғанын еске салды. Алайда қазіргі кезде проблема ушыға түскен, өйткені оның себептері жойылмаған. Мұның мәні мынада. Біріншіден, банктердің пайыздық талаптары негізсіз жоғары болып тұр. Екіншіден, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңнаманы қабылдау мәселесі шешілмеген. Бұл құжат төлем қабілеті төмен отба­сыларға несиеден қорғалуға, бас­панасы мен әлеуметтік кепіл­дікті сақтауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, отырыс соңында бірқатар Мәжіліс депутаты мем­лекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Н.Жұмаділдаева, Қ.Ержан, К.Абсатиров, Т.Сыздықов, А.Жа­ма­лов, М. Пішембаев, Ш. Нурумов, Е.Никитинская, Д.Мыңбай, А.Нұр­кина, Н.Әшімбетов.