Түркияда өткен 7-ші Yed-i Velayet халықаралық кинофестивалінде Рахымжан Қалдыкөздің "Құйын" фильмі жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кинорежиссер Рахымжан Қалдыкөздің "Құйын" көркемсуретті фильмі Түркияның Бурса қаласында өткен 7-ші Yed-i Velayet халықаралық қысқаметрлі фильмдер фестивалінде үшінші орынды иеленді.
Марапаттау рәсімі 28 қырқүйекте өтті. Фестивальге келіп түскен 680 өтінімнің ішінен 7 фильм ғана ақырғы кезеңге өткен.
"Құйын" фильмі Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының "Дебют" шығармашылық-өндірістік бірлестігінде түсірілген. Оқиғасы анасын жалмаған және әкесін мүгедектер арбасына байлаған жол апатынан кейінгі өмірін баз қалпына келтіруге тырысқан отбасы жайында.