Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен вице-министр Ажар Гиният брифинг өткізді. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлады.
Осыған байланысты ДСМ инфекцияның енуіне және таралуына жол бермеу үшін 5 қазаннан бастап шет елдермен рейстердің қайта басталуын тоқтата тұру, әуе қатынасы қалпына келтірілген елдермен рейстер санын арттырмау, Түркияға рейстер санын азайту жөнінде ұсыныс айтты.
Сонымен бірге екінші санаттағы елдерден келетін азаматтар үшін келесі талаптар қойылады. Айталық, термометрия, анкеталау, коронавирус бойынша тесттен өткені туралы мерзімі көрсетілген (3 тәуліктен аспайтын) анықтама міндеттеледі. Анықтама болмаған жағдайда шетелден келгендер карантиндік стационарда COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін оқшауланады.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қандай шаралар қабылданып жатқандығы туралы да хабарлады. Атап айтқанда, COVID-19 екінші толқыны болуы мүмкін жағдайда, 70 мыңға жуық төсек-орынмен жылдам қамту мүмкіндігі бар, қазір елде 51 мыңға жуық төсек-орын қарастырылған.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 11,4 млрд теңгеге COVID-19 дәрі-дәрмектерінің екі айға жететін қоры қалыптасты. Барлық өңірлерде ең қажетті дәрі-дәрмектерге жалпы сомасы 13 миллиард теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды. Сонымен қатар, амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді, COVID-19 нозологиясы енгізілген оған 5 дәрі-дәрмек кіреді.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттанудың жағдайы туралы айтты. Ол жоғарғы тыныс жолдарының вирустық ауруларының көбеюі жыл сайын күз-қыс кезеңінде байқалатынын атап өтті. Коронавирустық инфекция жағдайында эпидемиялық жағдай ушығуы мүмкін, соған байланысты Министрлік аймақтармен дайындық жұмыстарын жүргізуде.
"Өткен жылмен салыстырғанда 2020 жылдың қаңтарынан тамызына дейінгі кезеңде ЖРВИ-мен тіркелгендер саны 35,9% өсіп, 2 953 511 жағдайды құрады, биылғы тамызда тіркелгендер саны 30% -ға азайды. Қыркүйек айының 4 аптасында ЖРВИ-мен тіркелгендер саны 263 775 жағдайды құрады, ал 2019 жылдың қыркүйегінде 378 267 жағдай тіркелді", - деді А.Ғиният.