Қазіргі кезде Жамбыл облысында мемлекет қолдауының нәтижесінде көптеген инвестициялық жобалар қолға алынуда. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өңірде «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» аясында 26 жоба бойынша 6 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған екен.
Аталған жобалар 2020-2025 жылдар аралығында іске асырылады. Олардың қатарында химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, металлургия, фармацевтика, машина жасау салаларындағы жобалар бар. Сондай-ақ бүгінгі таңда түрік және неміс инвесторлары да Жамбыл жеріне қызығушылық танытып отыр. Олар бұл мақсатта өңір қазынасына инвестиция салуға ниетті. Егер жобалар жүзеге асқан жағдайда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, өңірдің экономикалық әлеуеті артатын болады. Дегенмен бүгінде аймақта жұмыс істеп жатқан алып компаниялар да бар.
Мәселен, түріктердің «Yildirim Holding» компаниясы Сарысу ауданында кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Жуырда ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған компанияның өкілдерімен кездесіп, зауыт салу жобасын талқылаған болатын. «Yildirim Holding» компаниясының бас директоры Исмаил Джейланның айтуынша, зауыт құрылысы келесі жылы басталады. Алып нысанның жылдық жобалық қуаты 400 мың тоннаны құрайды. Болашақта бұл көрсеткіш жылына 1,2 млн тоннаға дейін артады деп жоспарланған. Ол нысан құрылысына 325 млн доллар инвестицияланатынын жеткізді. Ал оның құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылы басталып, оған 1500-ден астам адам тартылады. Жоба 2023 жылы пайдалануға берілетін болады. Ол іске қосылғаннан кейін бюджетке жыл сайын 8 млн доллар мөлшеріндегі салық түсімі түседі деп күтілуде. Онда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкердің айтуынша, кәсіпорын жұмысына жергілікті мамандар да тартылады. Сондай-ақ И.Джейлан өнімдері Қазақстанда ғана емес, әлемдік нарықта да сұранысқа ие болатынын айтты. Түріктер ашқалы отырған заманауи өндіріс орыны толығымен қалдықсыз жүйеде жұмыс істеп, қалдықтар қайта өңделетін болады.
Бүгінде Жамбыл облысында Германия мемлекетінің де екі компаниясы жұмыс істейді. Немістердің өңірдегі ірі жобаларының бірі «Monterro Qazaqstan» ЖШС қымбат металдарды өндірумен айналысады. Салынған инвестиция көлемі 600 млн еуроны құрайды. Аталған компания облыс аумағында 2014 жылдан бастап іске қосылған. Сондай-ақ өңірде биогаз қондырғыларымен айналысатын тағы бір германиялық компания бар. Алдағы уақытта германиялық алпауыт кәсіпорындар өңірге тағы да инвестиция салуға ниетті. Әсіресе олар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыру мәселесін қолға алуда. Бұл орайда, облыс әкімі Б.Сапарбаев Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Кристиана Маркертпен кездескен болатын. Ал экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында келесі жылдың наурыз-сәуір айларында Германия Бас консулдығының экономикалық делегациясы Жамбыл облысына келуді жоспарлапты. Ал бүгінгі таңда Баварияның делегациясы өңірдің ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріп отырса, өз кезегінде облыс әкімдігі неміс кәсіпкерлерімен баламалы энергия көздері саласында әріптестік орнатуға мүдделі болып отыр.
Бүгінде облысқа түріктер мен немістердің тарапынан түсіп жатқан ұсыныс көп. Бірақ жоба қалай жүзеге асады, жоспарланған қуаттылығына шыға ала ма, ол жағы уақыттың еншісінде. Мәселен, Мойынқұм, Меркі, Шу, Жуалы және өзге де аудандарда кезінде ашылып, бүгінде жабық тұрған кәсіпорындар көп. Алайда айтылған жобалар шынымен жүзеге асып, жоспарлар орындалған жағдайда Сарысу ауданы кальцийлендірілген сода өндіру жағынан өзгелермен бәсекелес болуы да мүмкін. Бірақ бұл әзірге болжам ғана. Сол сияқты, Жамбыл облысында қарасора өңдейтін зауыт салуға да өзге инвесторлар ниетті. Бүгінде облыс аумағында 100 мың гектардан астам көлемде жабайы қарасора бар. Әлемдік тәжірибе бойынша, қазіргі кезде каннабисті медициналық мақсатта зерттеу және пайдалану қарқын алуда. Енді өңірде басқа мемлекеттердің тиімді тәжірибесін негізге ала отырып, каннабисті дәрілік мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік беретін қауіпсіз және тиімді жүйе құрылатын болды. Мәселен, «Zhana Zhol Holding limited» ЖШС директоры Александр Ким облыс аумағында медициналық каннабис өсіру мен өндіру бойынша жобасын ұсынған. Егер бұл да жүзеге асқан жағдайда, өңірдің экономикалық қуатын жаңа өріске шығаратын жоба болмақ.
Жамбыл облысы