Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында құстың қырылуы тоқтады. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында қанаттылардың өлім-жітімі азайып келеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолдановтың айтуынша, екі облыста және бір республикалық қалада құс тұмауы расталмады. 48 елді мекенде карантиндік шаралар белгіленді.
– Соңғы тәулікте құс өлімінің төмендегенін байқадық. Карантинге жабылған елді мекендерде эпизотияға қарсы отрядтың 733 маманы жұмыс істеуде және 148 техника жұмылдырылған. Жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша бекітілген ветеринарлық іс-шаралар жоспарына сәйкес осы жылдың ақпан айында екпе жүргізу үшін құс тұмауына қарсы 3,3 млн-нан астам вакцина бөлінді. Сонымен қатар қыркүйек айында құс тұмауын жұқтыру ошақтарын оқшаулау үшін республикалық резервтен қосымша 3,1 млн доза қарастырылды. Осы аптаның соңында тағы 1,3 млн доза жеткізіледі. Осылайша, өңірлерге берілетін доза көлемі 7,7 млн болады. Вакцинация – отандық өнім, тегін жүргізіледі, – деді Т.Қабдолданов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде мәжбүрлі вакцинация аясында 8 облыстың 424 ауылдық округіндегі 1,7 млн құсқа вакцина салынған.
– Құс өсірушілер одағымен және жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен келісілген стратегия бойынша республикалық бюджет есебінен тек аналық құстарға, сондай-ақ құс фабрикаларының айналасындағы 20 шақырымдық аймақта орналасқан жеке ауладағы құстарға және жабайы құстардың ұшу жолына профилактикалық вакцинация жүргізіледі. Қолданыстағы ветеринарлық заңнамаға сәйкес құс фабрикаларының өздері вакциналау жүргізуге міндетті. Бұл ретте бройлер бағытындағы құс фабрикалары олардың өмір сүру мерзімінің қысқалығына (36-40 күн) байланысты екпе жүргізбейді. Олар бір тәуліктік балапандар мен инкубациялық жұмыртқаны құс фабрикаларынан алады. Ал ондағы аналық құс тұмауға қарсы егілген. Жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары тауықтарды вакциналайды, – деді Т.Қабдолданов.
Статистика комитетінің ресми дерегіне сүйенсек, республикада 46,7 млн құс бар. Оның 14 млн-ы жеке аулаларға тиесілі, қалғаны құс фабрикаларының иелігінде.
– Бүгінде бүкіл республика аумағындағы құстың шығынын есептеп отырмыз. Халық қазір бір құс өлсе де бізге хабарлайтын болды. Мәселен, Қызылордада 12 құс өлді. Олардан сынама алынып, зертханада тексеріледі. Зертханаға апарған сынаманың 50 пайызынан құс тұмауы анықталмайды. Бұл жерде табиғи шығын да жоқ емес. Қазақстанда осы уақытқа дейін қырылған 588 мың тауық көміліп, есепке алынды. Бірақ оның ішінде құс тұмауынан өлгені – 329 651 бас. Оларға өтемақы төленеді, – деп нақтылады ол.
Құс өлімі 7 облыстың 99 елді мекенінде тіркелген. Жеке аулаларда 23 854 құстың өлгені анықталды.
Т.Қабдолданов баспасөз мәслихаты барысында Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Якорь ауылындағы құс фабрикасында қырылған құсқа қатысты түсініктеме берді.
– Жұмыс тобы аталған ауылдағы құс фабрикасына барып, мән-жайға қанықты. Тексеріс кезінде анықталғандай, ондағы құстардың 256 мыңы ауа жетпей тұншығып өлген. Яғни құс тұмауынан емес, – деді Т.Қабдолданов.
Еске сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айында әлем бойынша 26 елде құс тұмауының 429 ошағы тіркелді. Бұл ретте, көршілес Ресейде аурудың 28 ошағы анықталған. Осыған байланысты Қазақстан өз тарапынан Омбы және Челябі облыстарынан құс және құс өнімдерін әкелуге, өткізуге уақытша шектеулер енгізді.