Ежелден қазақ пен қырғыз халқының төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас ел екені белгілі. Еліміз егемендік алған жылдардан бері екі ел экономикалық жағынан ынтымақтастықта болып қана қоймай, рухани тұрғыдан да пікірлес, мұраттас болып келеді.
Ұлттық келісім мен қоғамдық бірегейлікті одан әрі нығайту мақсатында Тараз қаласында «Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қырғыз этносының мәдениеті мен өнері күні өтті. Мәдени шара барысында аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Сағымбек Мырзабеков сөз сөйлеп, жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында жұмыс жүргізу бірлестіктің негізгі мақсаты екенін жеткізді. Сонымен қатар ол қазақ пен қырғыздың ұлттық дәстүрлеріндегі ұқсастықтар мен тамырластықты сақтау туралы әңгімеледі.
Атақты Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Молда Бағыш, Сарбас пен Қалмырза сияқты ақындардың айтыстары екі елдің де ортақ құндылығы болып саналады. Сол сияқты өнердің барлық саласында да қазақ пен қырғыздың рухани үндестігі бірден аңғарылады. Қырғыз этносының мәдениеті мен өнері күніне орай Әулиеата топырағында ұйымдастырылған шараға өңірдегі «Ақсақалдар мен Аналар» кеңестерінің өкілдері де қатысып, бірлестіктің «Жастар қанаты» көпшілікке өз өнерлерін көрсетті. Қобыз және домбыра аспаптарының сүйемелдеуімен «Арман-ай», «Жылқычының жыры» әндері шырқалды. Өнерпаздар мыңжылдықтарға жалғасқан рухани мұра «Манас» эпосынан үзінділер оқып, тараздықтарды тәнті етті. Сондай-ақ қырғыз халқының ұлы перзенті, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың туындылары жайында әңгіме өрбіді. Қаламгердің әрбір шығармасында қазақтың ұлы болмысы, тағдыры мен тарихы көрініс табатыны айтылды. Сонымен қатар жазушының «Қош бол, Гүлсары», «Ерте қайтқан тырналар» атты атақты шығармаларынан үзінділер сахналанды. Шығармада бейнеленетін тұлпар Гүлсарының тағдыры, Танабай мен Шораның достығы, жалпы, соғыстан кейінгі кезеңнің қиындығы, адамдардың арасындағы әділетсіздік сияқты көріністерге көпшілік куә болды.
Жиын соңында өнер көрсеткен өнерпаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Жамбыл облысы