Кеше Ұлттық гвардияның Петропавлдағы Әскери институтында мұғалімдер күні аталып өтіп, онда инстаграмм желісінде интернет дауыс берудің нәтижесінде жеңімпаз болған оқытушыларға дипломдар берілді, деп хабарлайды Egemen.kz
Институттың бастығы, генерал-майор Бауыржан Әбжанов: "Бүгінгі мұғалімдер күнінде біз жылдың үздік мұғалімін анықтап отырмыз. Әскери институттың профессор-оқытушылық құрамының алдында курсанттарға үздік білім беру бойынша маңызды міндеттер белгіленген. Бүгін сол міндеттерді жетік орындаған мұғалімдер анықталып отыр", дей келіп, жеңімпаз болған оқытушыларға дипломдар тапсырды.
"Жылдың ең үздік оқытушысы" номинациясы бойынша ағылшын тілінің мұғалімі Елена Анцибор жеңімпаз атанды. Оған желіде ең көп дауыс берілген екен. Ол осындай шара ұйымдастырған институттың басшыларына алғысын жеткізді.
Осы номинация бойынша екінші орынды әскери педагогика мен психология кафедрасының оқытушысы Александр Митяев алды. Ал үшінші орынды дене күші дайындығы мен спорт кафедрасының оқытушысы, подполковник Мирас Бірімжанов иеленді.