Алматы облысындағы Саты ауылында «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің даму тұжырымдамасы қоғам өкілдеріне таныстырылды.
Тұжырымдама бойынша паркте заманауи 3 визит-орталық, глэмпинг, кемпинг этноауыл салып, караванингке арналған орындар дайындау көзделген. Бұл ретте туристік маршруттар мен соқпақтарды дамытуға басты назар аударылады. Аймақта күрделі құрылыстың орнына жеңіл конструкциялар қолданылады.
«Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің директоры Данияр Тұрғанбаев мұндағы экотуризмге арналған инфрақұрылым қоршаған ортаға зиян келтірмес үшін негізгі көлдерден алыс болатынын айтты. «Қайыңды, Көлсай көлдеріне бірде-бір нысан жақын салынбайды. Ғимараттардың бәрі төмен орналасады. Шатқалдың ішіне кірмейді. Бұл – табиғаттың сұранысы, қажеттілігі ескеріліп жасалған тұжырымдама. Концепцияның басты мақсаты – экожүйені бұзбау. Адамдар жаяу немесе велосипедпен жүріп, табиғатқа зиян тигізбей демалатын жағдайға келуіміз керек. Тағы бір мақсатымыз – елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамту. Тек ірі бизнес өкілдері емес, жергілікті халық та туризмнің пайдасын көруі тиіс», деді Д.Тұрғанбаев.
Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, экотуризм жобалары да 2020 жылы нәтижесін бере бастауы тиіс. «Алдын ала есептеулер бойынша туристік маршруттардың саны артады, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары пайда болады, қонақүй қоры кеңейеді және шатырлар мен лагерьлер үшін көбірек орын болады. Бұл ретте табыс жылына 150 млн теңгеге дейін өседі», деді «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің Бас директоры Данияр Тұрғанбаев.
«Даму тұжырымдамасын парктің жанынан құрылатын Қоғамдық кеңеске шығарамыз. Сол кеңес жан-жақты қарап, талқылап болған соң әрі қарай заңға сәйкес әрекет жасаймыз. Үлкен инвестициялық жоба арқылы нысандар пайда болады. Тұжырымдаманы ертең бизнес өкілдері инвестициялық жобамен келгенде біздің талаптарды толық түсінсін деп жасап жатырмыз. Байқауға қатысқан кәсіпкер біздің тұжырымдамадағы идея болған жағдайда ғана жұмыс істеуге мүмкіндік алады», деп ескертті Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
Осы саладағы отандық мамандардың пікірінше, алдағы жылдары Қазақстанда экотуризмге деген қызығушылық күрт артады. Kazakh Tourism ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев та осы пікірді қуаттайды. «Бұл тыңғылықты жасалған тұжырымдама. Оны Премьер-Министрдің және Экология, геология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт министрлерінің тапсырмасымен ұлттық парктің барлық шатқалдарын бірнеше рет аралап шығып, ұзақ уақыт дайындадық», деді Е.Еркінбаев қоғам өкілдері қатысқан жиында.
Ол БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымы ауылдық және экологиялық туризмді осы жылдың ұраны етіп алғанын атап өтті. Себебі пандемия әсерінен экотуризм жаһандық туризм үлесінің 30%-ын құраған.
«Экотуризм біздің еліміздегі туризм саласының ең келешегі зор бағыты. Мемлекет жерінің 10%-ы – ерекше қорғалатын аумақтар. Экотуризмге инфрақұрылым салып, жағдай жасасақ та, жасамасақ та ол жаққа баратын адамдар саны жыл сайын көбейе береді. Сондықтан егер туризмді дұрыс ұйымдастырмасақ, экожүйеге түсетін антропогендік жүктеме артып, биоалуантүрлілікке қауіп төнеді. Жаңа маршруттар ашпасақ, қазіргі бар орындарға зиян келеді», деп түсіндірді ол.
Сондықтан тұжырымдама бойынша ұлттық паркке келген туристер бұрынғыдай Көлсай, Қайыңды көлдерінің жағасында ұзақ бөгелмейді. Жоба жеке инвестор тарту арқылы жүзеге асады. Оның жұмысын, талапқа сай жұмыс істеуін «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамыту бойынша құрылатын қоғамдық кеңес бақылайды. Бас жоспарға сәйкес 2025 жылға қарай «Көлсай көлдеріне» келетін туристер саны 5 есе артады деген болжам бар. 2019 жылы ұлттық парк 87 мың адам қабылдаған.