Елдегі кинотеатрлардың есігі 13 наурызда жабылған-ды. Содан бері ашылған жоқ. Жұмыссыз өткен жеті айда олар шамамен 10,5 млрд теңгеден қағылды. Демек, ел қазынасына салық түріндегі қомақты қаржы да түспей қалды.
Ескі фильмдер ешкімді қызықтырмайды
Қазақстан кинотеатр иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудинаның хабарлауынша, жағдай дәл осылай жалғаса берсе, еліміздегі әрбір бесінші кинотеатр жабылуы мүмкін. Ал нарықтағы шығын көлемінің нақты ауқымын есептеу қиынға соғуда. Себебі саладағы белгісіздік болжам жасауға мүмкіндік бермей отыр.
– Кинотеатр – кино өндірісі нарығындағы соңғы аялдама. Сондықтан біздің жұмысқа кірісуіміз үшін ең алдымен контент, санитарлық дәрігерлердің нормасы, кинотеатрлардың дайындығы секілді бірнеше фактор сақталуы керек. Үшеуі үш бөлек мәселе, – дейді ол.
Алдымен контент жайлы. Контент деп отырғанымыз – көрерменге ұсынылатын фильм. CINEMAX кинотеатрлар желісінің бас директоры Бауыржан Бисимбаевтың пікірінше, халық ескі фильмдерге қызықпайды.
Ал жарыққа шыққан жаңа фильмдер жоқ десе де болады. Себебі пандемия жалпы киноөндірістің қарқынын баяулатты. Бұл өзекті мәселеге айналуда.
– Қазір ТМД көрермендерінің көңілінен шыққан бірнеше жаңа фильмнің бар екенін білдік. Контент жағынан әзірше сол дүниелер көңілге үміт ұялатуда, – дейді Мунира Ягудина.
Белгісіздік болжам жасатпай отыр
Қауымдастық басшысының айтуынша, көршілес мемлекеттер кинотеатрлардың мәселесін реттеуге тырысуда. Өкінішке қарай, біздегі жағдай көңілге қуаныш ұялатпай отыр.
– Эпидемияның таралуы төмендеді. Карантин талаптары да біртіндеп жеңілдеді. Бірақ мұның кинотеатрларға қатысы жоқ секілді. Наурызда жабылғаннан әлі ашылмадық. Бұл жағдайдың қашанға дейін жалғасатынын дөп басып болжау да мүмкін болмай тұр. Сондықтан санитарлық дәрігерлердің әр баяндамасын тағатсыздана күтіп жүрген жайымыз бар, – дейді М.Ягудина.
Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, санитарлық талаптарды қатаң сақтаған жағдайда ғана кинотеатрлардың жұмысына рұқсат берілуі мүмкін. Қазір комитет осыған байланысты бірнеше нұсқаны қарастырып жатқан көрінеді.
– Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның таяудағы отырысында кинотеатрлардың қызметін қайта іске қосу ұсынылады. Бірақ залдарды жүз пайыз толтыруға тыйым салынады. Сондай-ақ кинотеатр иелері санитарлық-эпидемиялық шараларды қатаң сақтауға міндетті. Комитет тиісті нұсқаларды ұсынғанымен, шешімді комиссия қабылдайды, – деді ол БАҚ-қа берген сұхбатында.
Мунира Ягудина тұрғындар арасында кинотеатрға бару мәдениеті жақсы қалыптасып келе жатқанын, пандемия адамдарды осы дағдыдан жаңылдырғанын қынжыла айтты. Оның қалпына келуі үшін біршама уақыт керек екен.
– Соңғы екі жылда қалыптасқан әдет бойынша айына екі мәрте отбасымызбен кинотеатрға барамыз. Өзім бас болып осы дағдыны қалыптастырып едім. Қыздарым бірден үйренді. Келіншегім артық шығын ғой деп қарсылық білдіргенімен, ол да көнді. Кейін «жақсы фильмдер шығыпты» деп өзі ұсыныс жасайтынды шығарды. Кәдімгідей демалып қайтамыз. Кешкі уақытта аядай ғана Екібастұздың кинотеатрында 20-30 адам отырады. Міне, кинотеатрдың есігін ашпағалы да жеті айдан асыпты. Ұмытыла бастаған дағдыны қайта жаңғыртар сәт туарына сенемін, – дейді Екібастұз қаласының тұрғыны Ерік Оралбаев.
Нарыққа Корея келе ме?
Қауымдастық президентінің айтуынша, жеті айлық үзіліс нарықты бес жыл бұрынғы деңгейге дейін төмендетіп жіберген.
– Қазіргі ахуалға қарап-ақ жақын болашақта бұл нарыққа жаңа инвесторлар мен ойыншылардың келмейтінін болжауға болады. Жаңа технологиялар енгізілуі де кәдік. Өйткені кинотеатр тәуекелге толы бизнес екенін анық байқатты. Әлбетте, әу баста жоспарланған жобалар қалайда жүзеге асырылады. Ал жаңа жобалар туралы әңгіме қозғаудың өзі артық секілді. Оның үстіне кейбір кинотеатрлардың қаржы тапшылығына байланысты жабылатыны қазірден белгілі, – деді ол.
CINEMAX-тың бас директоры Б.Бисимбаевтың айтуынша, Қазақстанда қалыптасқан ахуалды шетелдік ойыншылар тиімді пайдалануы мүмкін.
– Былтырдың өзінде Оңтүстік Корея инвесторлары Қазақстанға қызығушылық таныта бастады. Ал қазір олардың біздегі кинотеатрларды тиын-тебенге сатып алуға мүмкіндігі бар. Әрине, бұл индустрия үшін жақсы қадам емес. Өйткені отандық өндіріс ауыр соққы алады. Сондықтан мемлекет пайызсыз несие берсе дейміз, – деді ол.
Жеті кинотеатр жабылды
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 92 кинотеатр бар. Бұл нарықта 5-6 мың адам еңбек етеді. Белгілі болғандай, қазірдің өзінде 7 кинотеатр жұмысын тоқтатқан. Атап айтқанда, Алматы, Жаңаөзен қалаларындағы және Шығыс Қазақстан облысындағы кинотеатрлар жабылып қалған. Негізінен желілері жоқ кішігірім кинотеатрлар қауіпті аймақта тұр.
– Кино – өнер мен бизнестің синтезі. Егер нарықта желілері бар ірі компаниялар үстемдік етсе, кіші ойыншылар құрдымға кетеді. Ал бүгінде отандық нарықтың жартысын дәл осы кішігірім кинотеатрлар құрайды. Бұлардың да өз қызығы бар, әрине. Сондықтан бүгінгідей алмағайып кезеңде ірі ойыншылар ғана қиындыққа шыдас береді. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы кішігірім кинотеатрлар пандемияға дейін де қалт-құлт етіп жүрген еді, – дейді М.Ягудина.
Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенконың айтуынша, отандық нарықты дағдарыс шырмағандықтан, қызметкерлер амалы жоқтықтан басқа жұмыс іздеуде.
– Жылдар бойы іріктеліп, жинақталған командадан айырылғалы тұрмыз, – дейді ол.
Қауымдастық тиісті мемлекеттік органдарға көмек сұрап хат жазған. Бірақ әзірше одан нәтиже болмай тұр.
– Кинотеатрлар жұмысқа қайта кіріскен соң, салық ұстауды жеңілдетсе дейміз. Экономиканың елеусіз ғана бөлігі болғандықтан, біздің үнімізге құлақ асқан ешкім жоқ. Рас, бізге несиені төлеу міндеттемесін кейінге қалдыру жеңілдігі берілді. Алайда басқа да шығындар бар. Ашылған күннің өзінде залды толтырудың өзі қиынға соғады. Тиісінше, сеанстардың саны да аз болады. Бірден мол пайдаға кенелеміз деген ой жоқ. Әзірше саладағы кадрлар мен көрермендерді сақтап қала алсақ, соның өзі үлкен олжа болмақ, – дейді М.Ягудина.
Еске сала кетейік, осы жазда Қазақстан кинотеатр иелері қауымдастығы құрылған болатын. Оған еліміздің 14 қаласындағы 30-дан астам кинотеатр мүше. Мақсат – отандық кинотеатрларды қолдау, дамыту және ортақ мәселелерді бірлесіп шешу. Олардың биыл қиындықпен бетпе-бет келіп, титықтауы бір тудың астына жиналуға түрткі болды.
Айтпақшы, осы жазда тәртіп сақшылары Павлодар қаласында тұрғын үйдің ішінде заңсыз жұмыс істеп тұрған кинотеатрды әшкерелеген еді ғой. Карантиннің күйіп тұрған шағында жұмысын жалғастырған кинотеатрға қатысты келеңсіз жағдай өзгелерге сабақ болған секілді. Осыдан кейін бұл салаға қатысты заңбұзушылықтар тіркелмеген.
Кинотеатрдың ашылғанын көрермендер де, иелері де күтіп жүр. Сарыла күткен тағы бір топ бар. Ол – сауда, ойын-сауық орталықтарының өкілдері. Себебі кинотеатр ел қазынасынан бөлек, дәл осындай орталықтарды да шөміштен қағып отыр. Олар үшін кинотеатр «зәкірлік» жоба. Өйткені келушілердің дені соның айналасында топтасады. Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кинотеатрлардың жұмысына рұқсат бермеуінің бір сыры осында жатқан сыңайлы.