• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қазан, 2020

Атырауда жол апатынан 9 адам мерт болды

803 рет
көрсетілді

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жол апаты кеше, 4 қазанда Қызылқоға ауданындағы Жамансор станциясының маңында болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осы ауылдың тұсымен өтетін "Атырау-Ақтөбе" тас жолында Renault Duster мен Geely көліктерінің соқтығысуынан 9 адам мерт болды.

Renault Duster көлігіндегі төрт жолаушы Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылынан Атырау қаласына бағыт алған екен. Ал Geely көлігіне отырған бес жолаушы Атыраудан Сағыз селосына бару үшін жолға шыққан. Алайда бәрі діттеген жеріне жете алмады.

Тоғыз адамның өмірін үзген бұл оқыс оқиға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзін алаңдатып отыр. Министрдің мәлім етуінше, жол-көлік оқиғаларының 96% жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Патрульдік кезекшіліктер және бейнекамералар жоқ автожолдар мен тас жолдардарда жүргізушілер өрескел ереже бұзады. Нақтырақ айтқанда, жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдағы көлікті басып озуға тырысады. Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырады.

"ІІМ-нің статистикалық мәліметтері "тәжірибесіз" жүргізушілердің (көлік жүргізу өтілі 1 жылдан төмендер) үлесіне жол-көлік оқиғаларының тек 1,8 %-і ғана тиетінін көрсетеді. Жол апаттарының басым бөлігі тәжірибелі жүргізушілердің тарапынан орын алады екен. Олар қауіпті тәуекелдерге саналы түрде барып, өздерінің ғана емес, басқа адамдардың өміріне де үлкен қатер төндіреді. 

Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғасының негізгі себептерін қаперге салады:

– бірінші орында жылдамдықты арттыру (33,1 %);

– екіншісінде – маневр жасау ережелерін бұзу (17,7 %);

– үшінші орында – реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзу (7,6 %).

ІІМ автокөлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелері мен шектеулерін қатаң ескеруге шақырады. Ал жаяу жүргіншілерге жолда қырағы болуды ескертеді", деп жазба қалдырды әлеуметтік желіде министр Ерлан Тұрғымбаев.