– Тұңғышбай аға, өнерде жүргеніңізге елу жылдай болыпты. Осы жылдарда ұлттық театрымыз бен киномызға бір кісідей еңбегіңіз сіңді. Абылай хан, Әбілхайыр, Қайырхан, Жәнібек хан, Махамбет, Құнанбай сияқты қазақ тарихында ерекше орны бар тұлғалар образын сомдап, көрерменнің ықыласына бөлендіңіз. Өз пайымыңыз бойынша, еліңізге қандай еңбек сіңірдім деп білесіз? Жалпы елге еңбек ету ұғымын қалай түсіндірген болар едіңіз?
– Өнерге өмірімді арнағаныма елу жыл болды. Аз емес, әжептәуір уақыт... Жоғарыда аттары аталған тұлғалардың өмірі мен мұң-шерін сахна мен экран арқылы кешу – тағдыр-талайыма бұйырғаны басыма қонған бақ деп санаймын.Ұлтымыздың ұяты мен ар-намысы болған аруақты тұлғалар мені есейтті, сарайымды ашты, өздеріндей биіктеудің жолына салды... Ең бірінші еліме деген есепсіз махаббат пен перзенттік парызды қан-жүрегіме қадап, ұлтыма деген патриоттық сезімімді семдірместей шегеледі. Сахна мен экраннан бірде Қайырхан, бірде Абылай хан боп атой салып, ғасырлар қойнауында қалған қымбаттарымыз бен жоғымызды іздеп-жоқтап жүріп, арыдағы ата-баба аманаты мен тереңге тартқан тарихымызға ессіз ғашық болдым. Қырдым-жойдым, қыруар еңбек сіңірдім деп семіз сөйлемей-ақ қояйын, заманалар көшінде ұмыт қалған, кезеңдер керішінде тат боп қатқан шежіремізді іздеп шерленуге, есімізді жиюға, алдымен өзімнің, өзім арқылы өзегім-елімнің жадысын жаңғыртуға, ұйқыда жатқан қазақтың ұлттық намысын оятуға септігім тигенін зор еңбектің бір пұшпағы деп есептеймін. Елге еңбек ету – міндет қылудан емес, оны есепсіз сүюден басталады. Қағынан жеріген құланның күйінен аулақ болу, барымызды бажайлау, жоғымызды түгендеу – егемендік алып есін жиған біздің ұрпақтың көкейкесті мақсаты, борышы деп есептеймін. Елің барда – ұлтың бар, ұрпағың бар, өнерің бар... Өнер – білектің, еріккеннің ермегі емес – ұлттың жүрегі, еліңнің маңдайындағы жарқыраған гауһар тасы. Елің аманда, егемендігің барда, уайымың азда, азаматың мен ұрпағыңның елі мен ертеңіне деген сенімі молда жарқырайды ол гауһар тас!
– Осы тұста өзіңіз білім алған қара шаңырақ жайында, білікті ұстаз Хадиша Бөкеева туралы сөз қозғамай кетпеуге болмас. Қазақ мәдениеті мен өнерінде айрықша орны бар тұлғалар еңбек еткен шеберхана Сізге не үйретті?
– Адалдықты үйрендім, тазалықты үйрендім... Өнерде әсіреқызылдықтан аулақ болуды, арзан атаққа бой ұрмауды, қызғаныш пен кісәпірлікке құл болмауды, кердең мінезбен көкірек қақпауды, сахна мен экранда биік, өмірде кішік болуды, өзіңнен бұрынғыны сыйлауды, кейінгіні бағалауды, барға мәзір, жоққа сабыр көрсетуді үйрендім. Не айтсаң да, не жасасаң да біліктілікпен жасауды үйрендім, білімді болуға талпындым. Шалалыққа, шалапайлыққа қарсымын. Үйрене алмаған бірім бар, ол – әділетсіздікке қарсылық көрсетпеуге, әділетке араша түспеуге... «Неғылайының болсын» дейтін Ұстазым... Осыны әдет қыла алмадым, қысастықты көре тұра, көрмегендей бола алмаймын. «Неғылайын», менің не шаруам бар деп, шет қала алмайтын шатақ мінезім бар, таяқты содан көп жеймін.
– Өнерге деген құштарлық бойға бала кезден даритыны заңдылық. Дегенмен, неліктен осы жолды таңдадыңыз?
– Неліктен деріңіз бар ма... Өмір бойғы арманым еді деп айта алмаймын, себептен-себеп болды да. Кітап оқуға құмартып, поэзияға әуейі болдым. Мектепте жүріп әнге, домбыраға әуестендім. Тіпті каникул кезінде ауылдық клубта әртіс те болып әурелендік. Одан бұрындары, әріп танымай тұрып та, кірәсін шамның алакеуім жарығының айналасына жиналған атам-әжем, әке-шешем жылап отырып тыңдайтын ертегі-қисса, жырларды оқитын әкемнің де көз жасын сығып отырып әндететіні есімді алатын. «Дариға-қыз», «Мың бір түн», «Рүстем-дастанның» шым-шытырық уақиғалары ұйықтап кеткен менің шым-шымдап түсіме сапар шегетін. Бірақ өнерге барам деп шындап ойламадым. Әкем теміржолшы болғандықтан ба, техникалық мамандықты көбірек ойлаушы едім. Мәскеудегі Бауман атындағы жоғарғы техникалық оқу орнына түсуді армандадым, космонавт болу үшін емес әрине... Одақтағы ең атақты университет болғаны үшін... Бозбала көңілі аспанда еді ғой. Бірақ сорымызға қарай біз бітірген жылдарда «блат» деген ауру бой көтерген. Қой, Мәскеу сені неғылсын, бір айлыққа қараған әкеңнің он бір баласын асырауға әзер жететін тақыл-тұқыл ақшасы жол кіреңе де жетпес деген оймен, өз еліме, Тараздағы техникалық оқу орнына ат басын тіредім. Әнге құмарлық онда да жалғасты, студенттік оркестрде домбыра тарттық. Үшінші курста Әулиеатаға Асқар Тоқпанов келіп, мен бітірген Аса орта мектебінің директоры Ерімбет Қонақбаев арқылы тауып алды. Болды... Есім ауды... «Шайтан түртті...»
– Студент кезіңізден Әуезов театрының актерлік құрамына алындыңыз. С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Ә.Молдабеков, Ы.Ноғайбаев, Х.Бөкеева, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, Ф.Шәріпова т.б. қазақ өнерінің тұлғаларымен бірге еңбек еткен жылдар несімен есіңізде қалды? Қазақ театр өнерінің өрлеген тұсы «Мәмбетов дәуіріндегі» театр қандай еді?
– Студент кезімде сұмдық талантты болғандығымнан емес, Хадиша апам менің жұпыны киіміме көзі түсті ме, әлде естиярлығымнан болар, мүмкін орысшаға тәуірлігімнен бе, әйтеуір Әуезов театрына ілеспе аударма бөліміне орналастыруға себепкер болды. Ол орындағы кісі ауырып қалды ма екен, білмедім. Сорайып жүріп, сондағы аттары мен атағынан ат үркетін сүлейлердің көзіне ілініппін. Қадыр Жетпісбаев ағамыз бір кішігірім рөлге жекпесі бар ма! Жүрегім жарылып кете жаздады! Шатып-пұтып жүріп, екінші құрамда ойнадым, алайда не ойнағанымды білмеймін... Қойшы, әйтеуір Тараздағы техникалық ВУЗ-ды тастап, қайтадан бірінші курсына түскен жоғары оқуымды, консерваторияның актерлік бөлімін қызыл дипломмен бітірген жалғыз мені, «құдай жарылқап» Әзекеңнің өзі аттай қалап, әкемтеатрға алынуым жайында жоғарыдағы министрлікке жолдама бергіздірді. Ол кезде мамандарды жұмысқа орналастырумен министрлік айналысатын. Хош деңіз, өнер еліне, оның ішінде хас өнерпаздардың, «самородок сары алтындардың» ортасына түсуім – басыма бақ құсының қонғаны екенін көп ұзамай түсіндім, түйсіндім. Серағадан бастап, халықтың сүйіктісіне айналған суреткерлердің соңынан ердім, қолдарына су құйдым, тәлімін тердім, тәрбиесін алдым. Өнердің құдіреті мен кепиетін ұқтым, аузымды ашып, көзімді жұмдым. Аға-апаларыма ғашық болдым, сахнаны ессіз сүйдім! Сол кездерім, өнердің өрелі, бағалы кездері, қазір ойласам, көзді ашып-жұмғандай зу етіп өте шығыпты. Ол жылдарым – жығылған-тұрған, жүгірген-сүрінген, күйзелген-жылаған, үріккен-қорыққан, түңілген жылдардай емес, зымырап ұшқан, қанаттанып аспандаған, биікке талпынған, тереңге үңілген, кеңдікке құлаш сермеген сүйрікті жылдарым екен. Маған қанат бітірген сол ағаларым мен апаларымның тектіліктері мен таңдай қақтырар қарапайымдылықтары. Әзірбайжан Мәмбетов ағамыздың да «алтын ғасыры» осы аруақтылардың арқасы шығар деймін. Одақтың кезіндегі ортан қолдай атақты театр болдық. Мәскеу бардық, Франция, Иран астық, татар, башқұрт елін тамсандырдық, қырғыз, өзбекті таңғалдырдық. Чехов пен Шекспирді шемішкеше шақтық, Әуезов пен Мүсіреповтің шығармаларын тұлпар ғып жалын тарадық, ат қып мініп, бәйгеге қостық...
– Кинода қырыққа, театрда жетпіске таяу рөлдерді сомдаған екенсіз. Жалпы, Сіз үшін театр мен киноның арасы қандай? Шығармашылығыңызға қайсысы жақын? Бүгінгі ұлттық кино, театрдың беталысы қандай?
– Осы жылдарда кейіпкерлерімнің ғұмырын кештім, өмірін сүрдім... Театр жақын... Екеуінің арасы алыс емес, бір «ауру», бір «дерт»... Екеуіне де ессіз берілгендік, биік талғам, парасат пен толағай білім керек. Киноактерлердің көбі театрдың талабына, тәртібіне пар келе алмайды, жанды өнер жасай алмайды, көрерменнің алдында жанын жалаңаштап, бүкіл залды соңынан ертіп, ертегіге сендіре алмайды. Олардың көрермені – объектив, камера ғана. Олардың көмекшісі, сүйенері техника, қайталап ойнауға дубль деген мүмкіндігі бар. Ал театр актерлерінің ондай мүмкіндігі жоқ, сондықтан жалғыз көмекшісі, сүйенері суреткерлік жүрегі. Кинода да сол жүрек, сол білік, сол суреткерлік... Тереңдігің мен жүрегіңнің лүпілін, қызуың мен суығыңды үлкейтіп, көрерменнің көз алдына әкелер техникалық сиқыры бар кино, әйгілілікке тез жеткізеді, мұны мойындау керек. Алайда кино – қимылдайтын сурет секілді, ғашығың, көңілдесің сынды. Кино төңірегінде айқай көбейіп кетті... Ақша көп бөлінген соң, балға үймелеген арадай, тәттіден дәмелілердің ішінде суық қолдар сумаңдайды... Бөлінген қаржыдан бөлісу деген дерт бар... Бұл дертке көбіне «саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын» дөкейлер шалдыққан. Ауыз тигізбеген астам продюсер мен режиссер шүмектен қағылады. Амал жоқ, дөкейдің қолын майлайды да, таза өнер кірленіп, өресі мен қуаты арзандаған шала дүние туады. Бұл қалай болды деп тергейтіндер дөкейдің дүмпуінен қаймығады да, жабулы қазан жабулы күйінде қала береді. Бізде сұмдығы сол, бұл дерт әдетке айналып барады. Суреткерлік ожданына берік болмаған өнер адамы жалтақ, жағымпаз болған соң, еркіндігінен айырылады. Шынайы өнер құрсау мен кісенде тумайды, бүгінгілер Құрманғазы мен Мәди емес.
Бұрынғыдай не түсірем, кімді түсірем дейтін еркіндігі мен пәтігі биік Бегалиндер мен қамалы бұзылмас Қарсақбаевтардың, шенеуніктің шекпеніне құл емес Қожықовтардың заманы келмеске кеткен...
– «Тамаша» ойын-сауық отауы Сіздің шығармашылығыңызда ерекше орны бар ұжым болғаны белгілі. Бүгінде ойын-сауық отауында Мейірман, Тоқсын, Уайс ағаларымыздың орны ойсырап тұрғаны байқалады. Қазақ сатира сахнасының мектебі туралы сөз еткенде жетістігіміз қандай, кемшілігіміз неде дейсіз?
– Алдымен «Тамашадан» мен кетіп, бір ойсыраттым-ау деймін... Эстрада жанры кезеңдік, уақытша өнер. Замана көші талғамды да таразылайды, әсіресе эстрада өнерінде. Құны арзандамас, біраз жылға азық боларлық тақырыптар баршылық әрине, некен-саяқ алайда... Бұл жанр өзі, фельетон сынды... Кезіндегі «Ара», «Крокодил» деген сатиралық журналдар қайда кетті? Ол кездерде сол журналға шыққан фельетонның арты үлкен уақиға болатын, сықаққа ілінген шенеунік орнынан алынып, сотталып та кететін. Ал қазір ше? «Ойбай, өлтіріп жатыр» десең де, қоғам селт етпейді... Керең қоғамда өмір сүріп келеміз... Оның үстіне қазіргі эстрада ақша қуып, арзан күлкі мен орынсыз ыржаңды айналсоқтап жүр. Халықтың болашақты, елдің ертеңін, ұрпақтың қамын ойлап қамықтырмау үшін, тек ойсыз, нәрсіз күлкіге тойғызып, есін жиғызбай, қымбат өнерге аш қарнын «тойғызуда»... Біле-білгенге бұл қылмыспен пара-пар! Ұлттың жадысына, талғам-таразысына шабуыл жасаудан артық қандай қылмыс бар! Біз онсыз да талай қымбатымызды жоғалтып алған, тіліміз бен дінімізден, арманымыздан, салт-дәстүрімізден айырыла жаздаған жұртпыз! Біресе орысқа, біресе арабқа еліктеп, өз өзегімізден адаса бастаған елміз. Өнердің тақырыбы осы болмаққа керек, ән де, жыр да, әзіл де, оспақ та, әдепті, мәдениетті, тәлімді, тәрбиелі түрде, ақшаның қамын емес, ел сөзін өнер тілінде айтпақ керек. Маған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «ел сөзін еститін мемлекет орнатуымыз керек» деген бастамасы өте ұнайды. Өнер адамдары қоғамның барометрі іспетті, оларды көбірек тыңдау керек, бағалау керек. Әлеуметтік желіде айғай салғаннан гөрі, өнер тілінде ой салған орынды. Әрине, ол ұлы мақсат ойы бұзық, қолы суық, құлағы бітеу, пейілі арам, білімсіз, жүрексіз шенеуніктер жоқ елде орындалады.
– Бір сұхбатыңызда «Менің жолым – ауыр, тұзым – сор. Кейбір «шенеуніктердің» шүйлігуінен, шеттетуінен сахнадан ажырадым. Сөйтіп 10-15 жылдай рөлсіз жүрдім» дейсіз... Жалпы қарапайым көрермен театр әлемін парасатты орда, руханият мекені деп қабылдайды. Пендешілік әрекеттер белең ала берсе, театрдан қадір қашпай ма? Соңғы жылдардың өзінде театр айналасында жағымсыз әңгімелер көп айтылып жүр.
– Бұл сұрағыңызға жоғарыда жауап бергендеймін... Мен театрды, күпірлік болмасын, қасиетті Қағбаға теңеймін! Қағбаны айнала бір Жаратушыға жалбарынған, үлкен-кіші, бай мен кедей, бастық пен жалшы, атақты да, атақсыз, ұлты мен жұрты есінде жоқ, көмескі көптің бірі боп жүрген миллиардтаған пенделердің сол тұста жүрегінде иман, пиғылында кіршік жоқ! Өнер сахнасында да солай болмаса, іштарлық пен пендешілік белең алса, өзін өзгелерден зор тұтса, кеудеге нан пісіп кісәпірленсе, өз талғамын өзгеге зорлап таңатын тәкәппарлық билесе, төңірегіндегі әріптестерін менсінбей, аярлыққа жүгінсе, бірін зор, бірін қор санап, өнердегі әділеттің белінен басса, есекті тұлпар, қарғаны сұңқар етсе – онда ол театр өлік, ырың-жырың, өсек-аяң жайлаған, мал да жайылмайтын, құс та саңғымайтын, шөбі қураған, елі көшіп кеткен, әдіра қалған жұрт. Кез келген өнер ұжымы басқарушының талғам-біліміне тура пропорционалды екені менің ашқан жаңалығым емес... Біздің театр Мәмбетов кеткен кезден біраз кейін жоғарыдағы келеңсіз жағдайды бастан кешті... Сол «аурудан» арылтпақ болған менің ары шауып, бері шапқан алаңғасар еңбегім еш болды. Басшы болып, бар-жоғы тоғыз жылға шыдас бере алдым... Иманды болғыр бір министр (өлгеннің артынан өзге сөз айтқым жоқ) белгілі болғанмен, берекесіз ағаларымның, Әзекеңнің кезіндегі ерке болған тотайлардың ығына жығылып, курстас редакторлардың газеттерінде шуылдатып, бір менің орныма үш туыс-жамағайынын отырғызып тынды... Содан театр да тынды... Сөз қылуға татымас кешегі экс-министрдің кезінде жағдай одан сайын ушықты... Амалын тауып, атақ алып, сахнаны сауық-сайранға айналдырар сүйіктілері келіп, кезінде Хадиша, Шолпан, Бикен, Фаридалардың пәк жүректерімен үйлесім тапқан қазақтың хас сұлуларының сүйрікті сөзін салқын сөйлеп, именбей сырғасын тақты... Басшылыққа парақорлар мен алаяқтар келді... Қағбалық қасиет қарадай қор болды...
– Режиссер ретінде «Турандот ханшайым», «Томирис», т.б. дүниелерді сахнаға шығардыңыз. Бұл отандық театр өнеріндегі бір кезең десек, бүгінгі режиссураның деңгейі, дәрежесі туралы қандай ой-пікір білдірген болар едіңіз? Жүзеге асқан жоспарларыңыз, тың қойылымдар бар ма? Алдағы жоспарларыңыз жайында айтып өтсеңіз.
– Сіз еске алған «Томирис», «Қазақтар», «Турандот ханшайым» атты режиссерлік туындыларымнан жалғыз сақ патшайымы Томирис жайындағы бұдан 20 жыл бұрын қойылған қойылым ғана кейіндергі «қасаң» қасапшылардың пышағына ілінбей аман қалды... Өзім сахнада өмірін кешкен, мұңын шерткен, көрерменнің көзайымына айналған Абылай хандар, Махамбет, Жәңгірлер, Әбілқайырлар, Сырымдар мен Эдип патшалар архивке сапар шекті... Шерхан Мұртазаның шері, қан жүрегінен жарып шыққан «Ай мен Айша» қойылымы да көркемдік жетекшінің «көңілінен шықпай» төрт жылға қаңтарылып еді, өйтіп-бүйтіп жүріп биыл көктемде Жеңістің 75 жылдығы деп «тірілтіп» едік, пандемия тұсау боп әзірге репертуардағы барлық қойылымдармен бірге тоқтап тұр... Қайсыбірін айтайық... Бәрі жоғарыда сөз қылған ұжым басшысының талғамы мен суреткерлік ожданына байланысты. Хо-ош деңіз... Алайда ауызды қу шөппен сүртпейік, «бақсы кетті, жын тарады» дегендей... Мәңгілік ештеңе жоқ қой. Жүрегі, аналық мейірімі бар, жағымды мінезді жаңа министр келді. Құдықтан шығып, дерттен айыға бастағандаймыз. Жас режиссерлер келіп, таза өнер теңізінің жағасына шыққандаймыз. Жас режиссер Жұлдызбек ерекше стильдегі екі қойылымды, О.Бөкейдің «Қар қызы» мен хакім Абайдың қара сөздерін сахнаға шығарды. Фархат Молдағалиев деген талғамы ерекше жігіт жақсы сөзге ілігіп жүр... Жоспарларым көп... Т.Ахтановтың «Антын» жаңа үрдісте қайта қойсам, В.Шекспирдің «Антоний мен Клеопатрасын» да сахналасам деген дәмелерім бар... Кезінде әлгі экс-басшының пәрменімен өз бетіммен, 70 жылдығыма орай дайындаған «Қуыршақтарыма» төл театрымның кіші залы да бұйырмап еді... Соны да сөйлетсем деймін... Шүкір, жаңа басшымыз мәдениеттілік пен суреткерлік сабырлық танытып, бұрынғылардың былығын ақырын жүріп, анық басып жөндеуге тырысып жүр. Актерлік труппаның штаты жөнді-жөнсіз толған, өз шәкірттері мен сыбай серілерінің селтеңбайлары мен бикелері бір орынға екі адамнан нығыздалған... Менікі ғана жөн деп «екі жеп биге шыққан» басшыға сеніп, ұжымға жаңа алынған жаутаңкөз жастарға обал...
– Шығармашылықпен қатар ұстаздықты да қатар алып келесіз. Бүгінде өнерге келген студенттердің беталысы, өнерді қабылдауы тұрғысында педагогтік пайымыңыз қандай?
– Қырық екі жылдан бері ұстаздық етіп келемін. Хадиша апам аманаттап кеткен актерлік мектепті жалғастырудамын. Ол мектеп апам айтып кеткен адалдық пен тазалықты ту етіп келеді. Жоғарыда өзім сөз еткен адам ретіндегі ұстанымдарым мен өнерпаз ретіндегі талғам таразысын шәкірттерімнің жүректері мен саналарына сіңдіруге тырысамын. Мен – өнер білектің емес, жүректің ісі деп есептеймін, олар да осы ойда... Екі жүзге таяу шәкіртім бар. Басым көпшілігі өнерде өз орнын тапқан таланттар. Қазақстанның 56 театрының көбінде қызмет етіп жүр. Бірен-сараны ғана пенделікпен сырт айналғаны болмаса, түгелдей дерлік шәкірттік шарт пен адамдық қасиеттерден алыстаған жоқ. Қиын жылдарымда түгелімен менің төңірегімде болды...
– Десек те, театрдан қол үзген жоқсыз? Қара шаңырақ өз таланттарын қалай қорғап, қандай қамқорлық көрсетіп келеді?
– Иә, еңбек етіп жүрмін. Ағымды репертуардағы қойылымдардың біразында сүйекті рөлдердемін. Ал таланттар тек қара шаңырақтың ғана емес, мемлекет қамқорлығында болғаны жөн. Өркениетті елдердің бәрінде осындай. Германия канцлерінің өнер мен мәдениет жайында айтқандарын естіген шығарсыз... Елбасымыз бен Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев та осы пікірде екенін білемін.
– Өнерлі ортада өскен балаларыңыздың беталысы қандай? Олар таңдаған мамандықтың өнерге жақыны бар ма?
– Балаларымның ешқайсысына өнерді таңдатпадым. Өзім көрген «қорлыққа» қимадым... Әртүрлі салада жүр, бірі дипломат, бірі банк қызметкері, бірі кеденші. Айтпақшы Ақсұлтан атты ұлым, кезінде өз арманым болған Мәскеудің Бауман атындағы жоғарғы оқу орнын бітіріп, магистратурасын аяқтауға жақын. Ұлдан кішім биыл мектеп бітіреді, кенже қызым 8-сыныпта, әнге, сурет салуға, спортқа құмар. Бәрі қазақ мектебінде.
– Бүгінгі биігіңізден қарағанда қандай арманға иек артқан болар едіңіз?
– Елімнің ертеңі баянды болса деген арман. Аналар жыламаса, балалар бақытты болса. Бабадан қалған кең байтақ жеріміздің ризығын қазақ көрсе... Тіліміз тұғырлы болса, өйткені тіл жоғалса, бәрі тұл. Ең бірінші өнер әдіра қалады. Өнерсіз елдің болашағы жоқ. Өкініп, «әттеген-ай» дейтін жастан кеттік. Болары-болды, бояуы сіңді, өткен өтті. Ешкімге де өкпе жоқ. Бұл – өмір. Тек қазақ деген ұлттың қаны сұйылмай, қадірі қашпаса деген үміт үзілмесе екен.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»