Жып-жылы төсектен жылыстап, тәтті ұйқыны тәрк ету көп адамдар үшін оңай болмауы мүмкін. Алайда таң алакеуімнен тұрып, таза ауада серуендеу талай дерттің таптырмас емі. Осы бір істі өмірлік дағдыға айналдырған жанның тәні мен жаны ұшан- теңіз пайдаға кенеледі.
Таңғы жұпарды тамсана жұтып, таза ауада жарты сағат серуен құру жүрек ауруының алдын алады. Статистиканы сөйлетсек, жыл сайын жер шарында 18 млн адам дәл осы дерттің салдарынан өмірмен қош айтысатын көрінеді. Ал Қазақстан тұтас ТМД ішінде жүрек қан-тамырлары ауруына шалдыққандардың саны бойынша көш бастап тұр.
Таңертеңгілік серуен ағзаның зат алмасуын қалыпқа түсіріп, жүрек жұмысын жақсартады. Ағзадан эндорфин, яғни қуаныш пен ләззат алу гармоны мен пайдалы ақуыздар түзіліп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы бойдағы уайым мен мазасыздықтан арылуға болады. Бұл өз кезегінде есте сақтау қабілетін жақсартып, ой ұшқырлығын да дамыта түседі.
Ғалымдар таңертеңгі күн сәулесінің дене сымбаты үшін пайдалы екендігін әлдеқашан дәлелдеген. Тәуліктің алғашқы бөлігінде денеге тараған күн сәулесі тәуліктің екінші бөлігіндегі күн сәулесіне қарағанда ағзадағы метобализмді жақсартуға бейім. Әсіресе шығармашылық адамдары үшін таңғы серуен нағыз шабыт сыйлайтын ерекше сәт.
– Таза ауада жаттығу мен серуен біздің рухани өміріміз үшін аса маңызды. Сыртқы сауыты мен ішкі жан дүниесі үйлесім тапқанда ғана адам өзін шынайы бақытты сезіне алады. Күйзеліске ұшыраған жан ерте тұрып серуен құрып, жаттығу жасаса жаңа күннен жаңа құлшыныс пен тың серпін алады. Өзіне деген сенімділігі артады. Көңіл күйі көтеріліп, айналасына нұр-шуақ себеді. Өйткені барлық тіршілік таңғы уақытта қайта тіріліп жаңа өмірге бет алады. Бұл кезең адамға рухани қуат береді. Алуан түрлі идеялардың тасқындайтын шағы да осы кез. Өкінішке қарай, ұйқыны жақсы көретіндер бұл олжадан құр алақан қалып жүр. Жаратушы адам баласына зор қабілет пен шексіз мүмкіндіктер сыйлаған. Таңғы жаттығудан қапы қалған жанның ағзасындағы зат алмасу үдерісі баяулап, иммунды жасушалардың құрылуы бәсеңдейді. Түрлі ауруларға төтеп беру қабілеті төмендейді. Жан мен тәнді баптаудың ең ләззатты әрі арзан түрі – таңғы серуен, – дейді психолог Дина Хасенова.
Дүние жүзінің ғалымдары әлемді әбігерге салған пандемиядан сақтанудың бірден-бір төте жолы қимыл-қозғалысты үдетіп, таңертеңгі уақытта көбірек серуендеу екенін жарыса жазды. Адамзаттың ардақтысы болған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Уа, Алла, таңғы уақытта менің үмбетіме береке бер» деп дұға жасаған. Бұл өз кезегінде таңғы уақыттың адамға әкелер ырысы мен пайдасын айғақтап тұр. Дені саудың – жаны сау. Әр күнімізді нәтижелі әрі табысты өткізу таңды қалай бастағанымызбен тікелей байланысты. Ендеше, таңмен таласа оянып таза ауада серуендеуді дағдыға айналдырайық.
АЛМАТЫ