Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Шартта қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек рәсімдері, сұрау салудың нысаны мен мазмұны, беру шарттары, көмек көрсетуден бас тарту үшін негіздер жазылған.
«Шартты ратификациялау қылмыс жасаудағы күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеуге бағытталған барлық кешенді істерді жүргізуге, сондай-ақ Қазақстан мен Украинаның тергеу органдарына өзара тығыз іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Келісім қылмыстық істерді жедел әрі әділ тергеуге ықпал етеді», - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Шарт ратификацияланғанда Украина тарапымен қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты шарттардың толық топтамасын жасақтау аяқталады.
Бұл шарт қылмыстық-құқықтық саладағы басқа ұқсас шарттардан ерекшеленеді, онда барлық қазақстандық құқық қорғау органдары, Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Әскери полиция, Экономикалық тергеу қызметі өздерінің украиндық әріптестерімен өзара тікелей іс-қимыл жасауға өкілеттіктер беріледі.
Құжат Палатаның қарауына жіберілді.