Күні кеше Еуропада жазғы және күзгі трансфер маусымы аяқталды. Ішкі біріншілікте жоғары нәтиже көрсету үшін және еурокубок бәсекелерінде сәтті ойнау үшін бұл – кейбір командаларға жақсы мүмкіндік. Ал кейбіріне ұжымға аса қажетсіз болған футболшыларын жақсы қаржыға сатып жіберуге ұрымтал сәт. Әр маусым сайын жанкүйерлерді таңғалдырудан жалықпайтын биылғы трансфер базары әдеттегідей қызықты саудаға толы болды.
Қайбір жылдары Уругвайдың мақтанышына айналған 33 жастағы Эдинсон Кавани жеті жыл өнер көрсеткен ПСЖ клубынан кетіп, еркін агент ретінде ағылшынның «Манчестер Юнайтед» командасын толықтырды. 2013 жылы «Наполидан» ПСЖ-ға 64 миллионға ауысып келген Кавани бірден бірнеше рекордты жаңартқан еді. Атап айтар болсақ, ПСЖ-ның ең қымбатқа сатып алған, ал «Наполидің» қымбатқа сатқан ең бірінші футболшысы атанды. Сонымен қатар Кавани Франция футболындағы ең қымбат ойыншысы деген атаққа ие болды.
Эдинсонды «Манчестер Юнайтедтен» бөлек, «Атлетико», «Рома» және «Челси» секілді клубтар да өз қатарынан көргісі келетіндерін айтқан болатын. Бірақ уругвайлық футболшы «МЮ-ді» таңдады.
2014 жылы футболдан Бразилияда өткен әлем чемпионатының ең үздік сұрмергені атанған колумбиялық Хамес Родригес Мадридтің «Реал» клубынан кетті. Кезінде Хаместің Франциядан Испанияға келуіне себепші болған сол кездегі «Реалдың» бас бапкері, қазіргі «Эвертонның» бас жаттықтырушысы Карло Анчелотти енді оны Англияға шақырды. «Реалда» қаңтарылып қалған 29 жастағы футболшы Англияға келе салып, жақсы ойынымен мамандардың көзіне түсе бастады. Ағылшын Премьер-лигасында Родригес 4 ойында жасыл алаңға шығып, үш рет мергендігімен көзге түсті.
Сондай-ақ «Реал» кейінгі жылдары бас бапкер Зинедин Зиданмен «әңгімесі» жараспай жүрген Уэльс құрамасының аңызына айналған Гарет Бэйлді өзінің бұрынғы клубы «Тоттенхэмге» жалға берді. Жанкүйерлердің есінде болса, 31 жастағы шабуылшы 2013 жылы «Реал» клубына келген болатын. Жеті жыл ішінде ол Мадрид клубында 251 матч өткізіп, 105 гол соққан екен.
«Барселона» Мессиді командадан жібермегенімен, басқа бір жұлдызы, яғни осыдан алты жыл бұрын 80 миллион еуроға сатып алған уругвайлық шабуылшы Луис Суаресті клубтың негізгі қарсыласы саналған «Атлетико Мадридке» тегін бере салды. Сондай-ақ «Барселона» Хавидің ізбасары деп бағаланған 24 жастағы бразилиялық талантты жартылай қорғаушы Артурды команда басшылығы «Ювентус» клубына 72 миллион еуроға сатты. Есесіне, «Барселона» Турин командасынан Мирал Пьяничті 60 миллион еуроға сатып алды. Осылайша каталониялықтар трансферден 12 миллион еуро табыс тапты. Алайда жанкүйерлер 24 жастағы ойыншының орнына 30 жастағы егде футболшыны сатып алған басшылыққа наразы екенін білдіруде.
«Бавария» Германия құрамасының ойыншыларын бір командаға топтастыру жоспарынан әлі де бас тартқан жоқ. Бундестим клубы осыдан бір жыл бұрын «Манчестер Сити» мен Германия құрамасының ойыншысы саналған Лерой Санені сатып ала алмаған-ды. Тұрақтылыққа және сөзге берік немістер биыл Санені өз командаларына қосып алды. Англиядан футболшы алдыртқан «Бавария» бір ойыншысын футболдың отанына жіберді. 29 жастағы Испания азаматы Тьяго Алькантараны былтырғы Англия чемпионы «Ливерпульге» 22 миллион еуроға сатты.
Еуропадағы трансфер базарының соңғы күнінде футбол жанкүйерлері ерекше трансфер саудасына куә болды. Лондонның «Арсенал» клубы команданың маскоты – Гуннерзаврмен қоштасқанын жариялады. Сүйкімді динозавр «канонирлердің» жанкүйерлерін клуб «Хайбери» стадионында ойнап жүрген кезден бері қуантып келген-ді. Клуб осылайша маскотты жұмыстан шығару арқылы ақша үнемдеуді жоспарлаған екен.