Алматылық әуесқой велошабандоз Дамир Көшеев велосипедке мініп Ақтөбеге бет алды. 2200 шақырымды шайтанарбамен еңсерем деген ерікті сапар барысында мұқтаж жанұялардан шыққан жеткіншектерге қайырымдылық көмек көрсетуді көздеп отыр.
Қызығы мен қиыншылығы қат-қабат мұндай айшылық сапарға шығуға екінің бірінің батылы бара қоймайтыны белгілі. Ал Дамир үшін бұл алғашқы тәуекел емес. Ол жаз маусымында «Абайға жол» акциясы аясында ақынның туған жеріне жаяу сапар шеккен. Алматыдан туған бауыры Дәулет Көшеевпен бірге Семейге алпыс екі күнде аяқ басқан азамат, бұл ісін ұлы ойшылдың мерейтойына қосқан аз да болса үлесім деп есептейді. Оның сөзінше, кезекті сапардың мәні тіптен бөлек.
«Жоспар бойынша 5 облысты велосипедпен жүріп өтуге тиіспін. Жол бойы кездескен ауыл-аймақтарды аралап, ондағы смартфон, планшет секілді техникаларға мұқтаж оқушылардың тізімін жасаймын. Ал шеру ұйымдастырушылары тиісті қаражатты жинап, көмекке зәру жандарға жіберіп отырады. Саяхаттағанды жаным сүйеді. Сүйікті ісімнің қайырымдылықпен қабысқаны тіптен тамаша болды. Жақсылық жасау – мен үшін ең абзал іс. Бұдан кейін де осы мақсатта еліміздің барлық облысын аралау ойымда бар», дейді Дамир Көшеев.
Айрықша жобаға демеушілік танытқандардың бірі кәсіпкер Қайрат Құдайберген. «Берсең балаға бер» деген қағиданы алға ұстаған азамат, «шеткері ауылдардағы интернеттің қалай жұмыс істейтінін, балаларға қашықтан білім алуға қандай жағдай жасалғанын білгіміз келеді» дегенді айтады. Қайырымдылық қанат қақса қандай жақсы. Мұндай шаралар жұртшылықтың назарын аудара отырып, игі істердің өркен жаюына серпін беретіні сөзсіз.
Ал Алматылық Дамир Көшеевке: «жолың болсын, жолаушы!» дегіміз келеді.
АЛМАТЫ