"Астана" Президенттік кәсіби спорт клубына кіретін спорт клубтарын қаржыландыру тәртібі өзгерді. Бұл туралы "Samruk-Kazyna Trust" Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Асқар Баталов онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ "Астана" Президенттік спорт клубын тарату туралы шешім қабылдады. Клубтарға қатысты барлық құқықтар мен міндеттемелер енді "Samruk-Kazyna Trust" қорына өтеді. Енді ол спорт клубтарының құрылтайшысы болады. Бұл шешім көп деңгейлі есептілікті болдырмау, сондай-ақ әкімшілік-басқару персоналын ұстауға қосымша шығындарды болдырмау мақсатында қабылданған.
"Астана" футбол клубы, "Астана" баскетбол клубы, "Барыс" хоккей клубы және "Astana Pro Team" кәсіби велокомандасы өз жұмысын жалғастыра береді, спорт клубтары "Самұрық-Қазына" қорынан тікелей қаржыландырылатын болады.
Таратылатын ПКСК экс-басшысы Асқар Баталов "Samruk-Kazyna Trust" қоры бас директорының спорт мәселелері жөніндегі орынбасары ретінде қызметін қадағалауды жалғастырады.
"Мақсат - көп деңгейлі есеп беру және қаржылық қызметті, сондай-ақ әкімшілік-басқару ұжымын ұстауға қосымша шығындарды болдырмау", деп атап өтті Асқар Баталов онлайн брифингте.
Естеріңізге сала кетейік, "Астана" ПКСК 2012 жылы спортқа мемлекеттік қолдауды күшейту, Қазақстан мен оның астанасының әлемдік аренадағы оң имиджін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттауға және жоғары спорттық жетістіктерді дамытуға ықпал ету мақсатында құрылған болатын.