• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2013

Қазақстанның басты даму векторында

280 рет
көрсетілді

Өзінің жиырма жылдығын теңге кез келген валюта секілді биржалық бағамын айқындап алып, мәмілелер мен сатып алулар үшін бір күнде миллиардтарын «төлеп», түрлі мекенжайларға, карталарға, шоттарға аударымдар түрінде жіберіле отырып қаржылық оқиғалардың ішінде шыр айналып жүріп қарсы алады. Бәрі сол баяғы – теңгенің ісі. Теңгеміз жас болғандықтан болар, біз оның әрбір жылын санап, әр кезеңін атап өтеміз, тағдыры мен орнықтылығы туралы ойлап, қиналамыз. Сондықтан да теңгенің мерейтойы және Қаржыгерлер күні қарсаңында ұлттық валютамыздың жай-күйін, жүріп өткен жолын және қаржылық күшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Дина ҒАЛИЕВАМЕН талқыласақ деп шештік.

* 15 қараша – Ұлттық валюта күні

Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді

 Өзінің жиырма жылдығын теңге кез келген валюта секілді биржалық бағамын айқындап алып, мәмілелер мен сатып алулар үшін бір күнде миллиардтарын «төлеп», түрлі мекенжайларға, карталарға, шоттарға аударымдар түрінде жіберіле отырып қаржылық оқиғалардың ішінде шыр айналып жүріп қарсы алады. Бәрі сол баяғы – теңгенің ісі. Теңгеміз жас болғандықтан болар, біз оның әрбір жылын санап, әр кезеңін атап өтеміз, тағдыры мен орнықтылығы туралы ойлап, қиналамыз. Сондықтан да теңгенің мерейтойы және Қаржыгерлер күні қарсаңында ұлттық валютамыздың жай-күйін, жүріп өткен жолын және қаржылық күшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Дина ҒАЛИЕВАМЕН талқыласақ деп шештік. 

– Дина Төлеубекқызы, теңгенің екі он жылдығы – бұл валютаның күшін немесе әлсіздігін, қаржылық орнықтылығын және экономикалық маңыздылығын бағалау үшін жеткілікті уақыт. Теңгенің жүріп өт­кен тарихын қазақстандық және шетелдік қаржыгерлер мен экономистер қандай өлшем­дер бойынша бағалауда?

– Эмоциясыз, тек кәсіби өлшемдер бойынша бағаланамыз. Мамандар қазақстандық валюта өзінің қолданыста болған уақытында, өз тарихында түрлі оң және теріс кезеңдерді басынан кешіріп, толыққанды ұлттық ақша бірлігі ретінде қалыптасты деген пікірге келіп отыр. Ол өзінің негізгі: құн шамасы болу, төлем жасау, жинақтау және айналыс құралы болу функцияларын сәтті орындауда.

Халықаралық сарапшылардың мойындауынша, теңгенің дизайны ежелгі дәстүрлер мен заманауи технологияларды өзіне сәтті үйлестіре білген. Ұлттық валютаның банкноттары мен монеталары Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайының ең алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалануының және жоғары сапамен дайындалуының арқасында беделді көрмелер мен түрлі конкурстарда лайықты бағасын алуда.

– Теңгенің тарихы кең көлемді сынақтар мен айтулы оқиғаларға толы. Олардың қай­сысын кезеңдік деп атауға болады, олар кейіннен қаржы жүйесінің дамуында және оның жұмыс істеу қағидаларында қалай көрі­ніс тапты?    

– Қазақстан экономикасының ең күрделі кезеңі – егемендік алу кезеңінде өзіміздің ұлттық валютамызды енгізу жөніндегі шұғыл экономикалық және ұйымдастыру шараларының бағдарламасы әзірленді. Бұл ретте ең алдымен қолма-қол ақша айналымының құралдары – банкноттар мен монеталарды дайындауға назар аударылды. 20 жыл бұрын қажетті банкноттар мен монеталар көлемін айқындау және олардың купюралық құрылымы бойынша байыпты жұмыс жүргізу қажет еді. Теңгенің қалыптасқан алғашқы жылдарында теңгенің төлемдік функциясын күшейту және ұлттық валютаға деген сенімді арттыру негізгі міндет болды. Осы мақсатта экспорттық және импорттық баж салықтарын, кедендік төлемдерді теңгемен төлеуге көшірілді, шетел валютасымен бөлшек сауда жасауға тыйы­м салынды.

Өндірістің дамуына, елге шетел капиталының келуінің ұлғаюына, ірі отандық инвесторлардың пайда болуына қарай ұлттық валюта нығая түсті. Бірқалыпты қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу жолы таңдап алынды, ол кейіннен дұрыс болып шықты. Кеңестік рубльді ауыстыру міндетін де орындаған қолма-қол ақшаның есептелген көлемі банк секторына деген сенімді біртіндеп қалпына келтіріп және баламалы төлем құралдарын дамыта отырып, басқармалы, инфляцияны төмендетуге бағытталған жағдайда экономикадағы өзгерістердің болжанған нұсқа­ларының біріне сәйкес келді. Соның нәтижесінде экономикада есеп айырысуды жүзеге асыру жаңа валютаны пайдалануға айтарлықтай жылдам көшіп кетті. Бұл ретте бөлшек саудада да, шаруашылық жүргізетін субъектілер арасындағы өзара қарым-қатынастарда да айтарлықтай немесе түзетілмейтін қиындықтар туындаған жоқ.    

– Сіздің пікіріңізше, теңгенің қалыпта­суынан және дамуынан қандай сабақ алынды, оны біз қаншалықты игердік?

– Теңгені енгізу кезіндегі негізгі міндеттер: ұлттық валютаның орнықтылығы мен тұ­рақ­ты­лығын қамтамасыз ету, оны жалған ақша жасау­дан қорғау және халықтың тарапынан оған деген сенімді арттыру болды. Өзінің тәуелсіздігін алған жылдарында республикамыз Қазақстанның басты даму векторы – әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуда едәуір жетістіктерге қол жеткізді. Елімізді дамытудың таңдап алынған саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі тиімділігі мен ұлттық валютамыздың орнықтылығын дәлелдеп берді.        

– Жуырда Халықаралық валюта қорының сарапшылары Орталық Азия аймағындағы елдер, оның ішінде Қазақстан үшін туындаған сын-тегеуріндерге тоқтала отырып, олардың ішінде долларландырудың бар екендігін атап өтті. Былай алып қарағанда, бұл «дерт» тек қазақстандық қаржы жүйесіне ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне де тән. Валюталардың америкалық долларға қатысты арасалмақтары әртүрлі. Теңгенің дамуының түрлі кезеңдерінде долларландыру деңгейінің түрлі болғанын ескерсек, экономикамызда да, реттеушіде де ықпал етудің белгілі бір құралдары мен тетік­тері болды деп айтуға болады. Жаһандану әлемінде мұндай ықпалды мүлдем жоюға бола ма, долларландырудың қандай деңгейі экономика үшін рұқсат етілген немесе қауіпті емес және құбылысты барынша азайту үшін ҚР Ұлттық Банкі қандай құралдар пайдалануда?

– Егер долларландыру деңгейін банктердің кредиттік және депозиттік базасына қатысты қарастырсақ, мына жағдайларды атап өткен жөн.

Халықаралық валюта қорының әдіснамасы бойынша экономиканы долларландырудың шекті деңгейі – 30%. Кредиттерді долларландырудың ең жоғарғы деңгейі Қазақстанда 2002 жылғы қаңтарда болды, ол кезде шетел валютасындағы кредиттердің сомасы кредиттік базаның жалпы көлемінің 71,9%-ын құрады. Одан кейінгі жылдары шетел валютасындағы кредиттердің төмендеуінің орнықты үрдісі байқалды, олардың үлес салмағы 2008 жылғы желтоқсанға қарай 44,2%-ға дейін төмендеді.  

2009 жылғы ақпанда жүргізілген теңгенің бір сәттік девальвациясы күштердің арақатынасын қайтадан өзгертті, ол көбіне кредиттер бойынша да, депозиттер бойынша да есептілікті банктердің ұлттық валюта бағамының өзгеруін ескере отырып теңгемен беретіндігімен сәйкес статистикалық есепке алудың ерекшеліктеріне байланысты болды. Осылайша, 2009 жылы кредиттерді долларландыру орташа алғанда 50,8% деңгейінде қалыптасты.

Кейінгі жылдары шетел валютасындағы кредиттердің үлесі біртіндеп төмендеп, 2013 жылғы қыркүйектің аяғында 29,6%-ға дейін қысқарды. Валюталық кредиттеудің және тиісінше кредиттерді долларландыру деңгейінің төмендеуіне 2009 жылдың ортасынан бері жүргізілген ҚР Ұлттық Банкі Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің ынталандырмайтын саясаты белгілі бір тұрғыдан әсер етті. Бұл саясат валюталық түсімі жоқ не оффшорлық аймақтардың аумағында тіркелген қарыз алушыларға валюталық кредиттер беретін банктерге қойылатын талаптарды қатаңдатуға, сондай-ақ доллар бағамының белгісіз болашағына байланысты қарыздардың осы түріне сұраныстың төмендеуіне бағытталған болатын.

Банктердің депозиттік базасына қатысты айтатын болсақ, кредит нарығымен салыстырғанда долларландыру деңгейінің құбылмалылығы төмен болды, алайда, тұтастай алғанда үрдістер қайталанды. Валюталық депозиттер үлесінің 64,3%-ға тең ең көп шамасы сондай-ақ 2002 жылғы қаңтарда тіркелді, ол 2008 жылғы жел­тоқсанда 35,4%-ға дейін біртіндеп төмендеді. 2009 жылғы ақпандағы теңгенің девальвациясы дәл осылай депозиттердің долларландыру деңгейін көтерді, ол 2009 жыл бойынша орташа алғанда 46,9% болды. Кейінгі жылдары шетел валютасындағы депозиттердің үлесі біртіндеп төмендеп, 2013 жылғы қыркүйектің аяғында 37,4%-ға дейін қысқарды.

Қазақстанда халықтың депозиттерін тартатын барлық банктердің «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-тың (бұдан әрі – ҚДКҚ) салымдарға кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылатынын және оның ұсынымдарын орындауы тиіс екендігін атап өткен маңызды. 2008 жылдың ортасынан бастап жүйеге қатысушы банктер үшін қор жеке тұлғалардың жаңадан тартылатын депозиттері бойынша сыйақының ұсынылатын мөлшерлемелерін белгілей отырып, сол арқылы халықтың жинақ ақшасы бойынша кірістіліктің шекті деңгейін айқындайды.

2008 жылы ҚДКҚ ұлттық валютамен депозиттер бойынша ұсынылған шекті мөлшерлемені 13,5% деңгейінде, ал шетел валютасымен депозиттер бойынша 10% деңгейінде белгіледі. Содан соң мөлшерлемелер кезең-кезеңімен төмендеп, қазіргі уақытта ұлттық валютамен 9% және шетел валютасымен 4,5% болды. Осылайша, депозит нарығындағы басымдықтар жинақ ақшаның тартымды болуының бас белгісі болатын кірістіліктің деңгейіне байланысты айқындалады. Сондықтан теңгедегі салымдар бойынша сыйақының барынша жоғары мөлшерлемесі әдетте депозиттің түріне басымдық берудің негізгі себебі болып табылады.

2013 жылғы қыркүйекте жеке тұлғалардың ұлттық валютамен тартылған мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған мөлшерлеме депозит нарығында 6,3%; еркін айырбасталатын валютадағы депозиттер бойынша 4,8%; ал заңды тұлғалардың депозиттері бойынша тиісінше 4,4% және 1,8% болып қалыптасты.

Депозиттер бойынша кепілдік беру мөлшерін 5 миллион теңгеге дейін ұлғайту жөніндегі мемлекет қабылдаған шаралар арқылы халықтың ұлттық валютаға деген сенімінің жоғары деңгейі, сондай-ақ экономикадағы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету депозит нарығын­дағы едәуір ықпал ету факторы екендігі сөзсіз.

– Теңгенің мерейтойы қарсаңындағы «көріністе» долларландыру жалғыз қыр көр­се­ту емес екендігі аян. Бүгінгі күні теңге және тұтастай алғанда банк секторы қандай тәуе­келдерге – жаһандық, өңірлік және ішкі тәуе­келдерге қарсы тұруда және 2007-2008 жыл­дардың қателіктері қайталанбас үшін рет­теуші қандай шаралар қолдануда?

– Айырбастау бағамын қалыптастыру мәселесі өзекті әрі талқыланатын мәселелердің бірі болып табылады. Алайда, халық қандай да болсын тұжырым жасамас бұрын мынадай жағдайларды ескеруі қажет. Теңгенің бағамына түрлі бағыттағы көптеген ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Сыртқы факторлар ең алдымен экспортталатын тауарларға бағалардың конъюнктурасына, әлемдік валюта нарықтарындағы ахуалға, оның ішінде біздің негізгі сауда әріптестеріміздің валюталары бағамдарының динамикасына байланысты. Теңгенің ішкі орнықтылығы елдегі бағалардың тұрақтылығына тәуелді. Бүгінгі күні жүргізіліп отырған саясаттың бағытын өзгертуге объективтік алғышарттардың жоқ екен­дігін айтуға болады. Валюта нарығындағы жағдайға Ұлттық Банк тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.

– Кезінде дағдарысқа қарсы бағдарлама, Еліміздің қаржы жүйесін дамыту тұжырым­дамасы және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған заңнамалық сипат­тағы бірқатар құжаттар қабылданған болатын. Тұтастай ал­ғанда бүгінде теңгенің және отандық қаржы жүйесінің дағдарысқа қарсы орнықтылығы мен стресс-орнықтылығы қа­лай және қандай өлшемдер бойынша бағала­нып отыр?

– Банк секторының теріс макроэкономикалық сценарийдің ықтимал дамуына қатысты орнық­­тылығын бағалау мақсатында Ұлт­тық Банк тұрақты негізде Қазақстанның банктеріне стресс-сынақ жүргізіп отырады. Теріс макроэкономикалық сценарий мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуі арқылы айқындалады, оның нәтижесінде нақты сектор қарыз алушыларының кредиттік тәуекелін іске асырған кезде банктердің әлеуетті шығындары бағаланады. Стресс-сынақтардың нәтижелері Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы жыл сайынғы есебінде тұрақты түрде жарияланады. 2012 жылғы есепте жарияланған стресс-сынақтардың соңғы нәтижелері күтілетін шығындардың жоғары мөлшеріне қарамастан банктер капиталының жеткіліктілігі деңгейінің тиісті деңгейде екенін көрсетті. Стресс-сы­нақтардың келесі нәтижелері қазір дайындалып жатқан 2013 жылғы есепте берілетін болады.

– Әрбір кезең дамудың келесі айналымына бір қадам екені белгілі. Қазіргі кезде теңгенің алдында қандай міндеттер тұр?

– Валютаның орнықтылығын және нарықтың тұрақтылығын сақтау. Осы мақсаттармен ҚР Ұлттық Банкі айырбастау бағамы динамикасының нарықтық алғышарттар арқылы орын алатын жалпы үрдісін қалыптастыруға әсер етпей, теңгенің айырбастау бағамының күрт ауытқуларын икемдеу мақсатында интервенция­ларды жүргізуін жалғастырады. Ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігінің дамуына және пайыздық мөлшерлемелердің реттеуші рөлінің артуына қарай Ұлттық Банктің ішкі валюта нарығына қатысуы қысқаратын болады.

2013 жылы ҚР Ұлттық Банкі АҚШ долларынан, еуродан және Ресей рублінен тұратын мультивалюталық қоржынның құнын жариялауға кірісті. Қоржынды енгізу мақсаты бағам саясатын жүргізген кезде болашақта операциялық бағдарды кейіннен өзгерту болып табылады: АҚШ долларына байланыстырудың орнына Ұлттық Банк жоғарыда аталған үш валютаның динамикасына бағдар жасайтын болады.

– Кәсіби мереке қарсаңында ұлттық валю­тамызға және қаржыгерлерге қандай тілек айтасыз?

– Ұлттық Банктің атынан еліміздің барлық қаржыгерлерін кәсіби мерекесімен – Қаржыгерлер күнімен және ұлттық валютамыз – теңгенің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Барлығына қаржылық әл-ауқат, қаржылық қыз­метінде жемісті жұмыс және кәсіби табыс­тар тілеймін.

Бұдан әрі де жұмыстарыңыз ел эконо­мика­сының қаржылық әлеуетін дамыту мен нығайтуға бағытталатын болсын.

№71 кодты құпия операция

Ағылшындық «Харрисон және ұлдары» деп аталатын банкнот фабрикасының Қазақстанның теңгесін басып шығаруға тапсырысы осылайша құпияланған болатын

Ресей 1993 жылғы 26 шілдеде 1961-1992 жылдар үлгісіндегі ақшаны біржақты тәртіппен ауыстырғаннан кейін қазақстандық рубль күрт құнсыздана бастады. Оның ресми бағамы бір Ресей рублі үшін 67 тиынды құрады. Ал экономикадағы ахуал одан қатты нашарлай бастады. Тамыздың басында жалақы бойынша борыш 200 млрд. рубльге жетті, ал кәсіпорындардың банктердің несиелері бойынша жартыжылдық берешегі 7,7 есе өсіп, 397 млрд. рубльге жетті. Республикамыздан ағылып кетіп жатқан тауардың орнына мүлдем құнсызданған рубль келіп жатты.

Сондықтан да 1993 жылдың ортасында ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы шешім қабылданды, оны Премьер-Министр Сергей Терещенко басқарды. Құжаттаманы сол кездегі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Дәулет Сембаев басқарған арнайы жұмыс тобы әзірледі. Топтың құрамына сол кездегі Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі Валентин НАЗАРОВ та кірген болатын. Қазіргі уақытта Валентин Константинович зейнет демалысында, алайда ол сол күндерді әлі де ұмытқан емес. Теңгенің 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында ол естеліктерін ортаға салған еді.

– Валентин Константинович, валютаның атын сол кезде Парла­менттің комитетін басқарған Сауық Тәкежанов бергенін білемін. Бұл даулы мәселе болған шығар, себебі жағдай істің мәнін шешуді талап еткен жоқ па?

– Оның төл валютамызды енгізу қажеттігі туралы дауыстап айтқан алғашқылардың қатарында болғанын еске сала кетейін. Ал валютамыздың атауы теңге болатыны Жоғарғы Кеңес­тегі пікірталас барысында айқындалды. Теңгенің жүзден бір бөлігі тиын деп аталды.

Ұлттық валютамызды енгізу мәсе­лесі, әсіресе ,1991 жылдың соңында 1992 жылдың басында өзекті болды. Ол кезде экономикада гиперинфляция болып, қолма-қол ақшамен қамту қиындығы туындады. Оның үстіне кейбір республикалар өздерінің меншікті валюталарын енгізіп те қойды. Айырбастау коэффициенті төмен, қолма-қол ақша көп болғандықтан, Қазақ­станға рубльдің бақылаусыз әке­лінуі басталды. Жайылып кеткен гиперинфляция, экономиканың құлдырауы, жалақының, зейнетақының төленбеуі аясында түбегейлі шаралар қабылдап, республиканың экономикасын ТМД-дан әкелініп жатқан ескі ақша легінен шұғыл қорғау қажеттігін сол кезде барлығы түсінді.

– Жұмыс тобына оңай болмаған шығар: дайын үлгі, тәжірибе еш­кімде бола қоймады ғой.

– Жұмыс тобында кәсіби мамандар болды, бірақ елдің басшылығы қойған міндет барлығы үшін қағидаттық тұрғыдан жаңа болды: алгоритмін ойлап табу, айырбастау бағамының, эмиссия көлемінің есептерін жүргізу. Сондықтан да теңгеге көшуге дайындық кезінде ТМД елдерін қоса алғанда, басқа елдердегі өз валюталарын енгізу тәжірибесін зерделедік. Кейіннен Ұлттық Банк реформаның барысын реттейтін құжаттардың 18 хаттамасын дайындады.

Сонымен бірге, валютаны енгізудің нұсқаларын да айқындау қажет болды: аралық, қатар, теңгені тікелей енгізу. Валюталық режімді таңдау қажет болды: еркін өзгермелі бағам; бағамның диапазон шеңберінде өзгеруі; бір валютаға байланысты ету; валюталар қоржынына байланысты ету. Рәсімдік мәселелер де маңызды болды: айырбастау коэф­фициенті мен лимиті, банк шоттарын және басқа қаржы активтерін айырбас­тау мөлшерлері. Ұлттық валютаның тұрақ­тылығын қамтамасыз ету және оны алтын-валюта резервтерімен қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажет болды. Қолайлы ақша-кредит саясатын айқындау да күн тәртібінде тұрды. Мұның барлығы жұмыс тобы дайындаған ұлттық валютаны енгізу тұжырымдамасында және іс-шаралар сценарийінде жазылған болатын.

Банкноттар мен монеталарды дайындау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Теңгенің дизайнымен Тимур Сүлейменов бастаған авторлар ұжымы айналысты. Бірнеше нұсқа қарастырылды. Тіпті, Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті бар банкноттар нұсқасы да болғаны есім­де. Президент бұл нұсқаны көріп, «жақсы» жұмыс істепсіңдер деп әзілдеді. Ол дизайнды тез арада ауыстыруды үзілді-кесілді талап етті. Солай істелді де.

– Ал сізге есеп-қисабын қамтамасыз ету міндеті жүктелгені есімде…

– Иә, маған және Галина Георгиевна Старастенкоға цифрлық көрсеткіштерді: эмиссия көлемін, айырбастау бағамын, айналыстағы рубль санын шығару қажет болды. Ол оңай болған жоқ, себебі инфляция өршіп тұрды. Мысалы, біз пропорцияларды енді санай бастағанымызда, айырбастау коэффициенті 100-ге 1-ді құрады. Ал айырбастау қажет болған бір жылдан соң коэффициент бес есе өсті. Көлемін бастапқы коэффициентке қарай басып шығарғанымызбен, Мемлекеттік комиссия 500-ге 1-мен айырбастау туралы шешім қабылдады. Теңгені үстеме басып шығаруға кеш болды, себебі инфляция 2000%-дан асып кеткен еді. 1994 жылды күтпей-ақ теңгеге ауысу қажеттігі барлығымызға түсінікті болды.

– Сіздерге түрлі халықаралық қаржы ұйымдарының консультантта­ры да көмектесті ғой. Олардың қайы­сысы есіңізде?

– Консультация беруі үшін ағылшын­дық қаржыгер доктор Л.С. Пейн шақы­рылды. Ол оған дейін осы мәселе бойынша бірқатар елдердің орталық банктеріне кеңес берген, Қазақстанға да қомақты көмек көрсетті. Пейн мырза еліміз бо­йынша орташа жалақыға тең болатын номиналды ең жоғарғы номинал етуді ұсынды. Ол кезде орташа жалақы, біздің есебімізше, 120-130 теңге болатын. Пейннің әдісін қолданып есептеп көрсек, республикамызға 2,3 млрд. жаңа теңге керек екен. 1993 жылдың басына қарай банкнотқа берген тапсырысымыз орындалған болатын. Ол тікелей арнайы рейспен Жамбылға жеткізілген еді, онда жақсы сақтау орны бар болатын. Қолма-қол валюта жөніндегі маман болғандықтан ақшаға Тұрсынов ілесіп жүрді.

– Теңгенің алғашқы қатарын қа­таң құпиялылық жағдайында Англияда «Харрисон және ұлдары» компания­сы басып шығарғаны белгілі. Осы жо­бада жұмыс істеген Крис Мэтьюс Қазақстаннан алынған бұл құпия тапсырыстың 71 деген кодпен істелгенін айтып берген болатын. Қандай банкноттар өз елімізде басыла бастады?

– 2000-дық банкноттардан бастап барлық қазақстандық ақша өзімізде басыла бастады, себебі Ұлттық Банктің құрылымында Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайы пайда болды.

– Айырбастау жоспар бойынша жүрді ме?

– Теңгеге көшудің барлық рәсімдері қабылданған сценарийге сәйкес жүргізіл­ді. Соның қарсаңында Президент телевизиядан сөз сөйледі, БАҚ-та рубльді теңгеге айырбастаудың тәртібі, мерзімі мен талаптары жарияланды. Айырбастау 1993 жылғы 15 қарашада таңғы сағат 8.00-де басталды және сол жылы 20 қара­ша­да сағат 20.00-де сәтті аяқталды. Нә­тижесінде айналыстан 950,6 млрд. рубль сомасында 1961-1992 жылдар үлгісіндегі КСРО банкноттары айналыстан алынды. Ол сома республика аумағындағы рубльдің көлемі туралы болжамды дәлме-дәл растап берді.

– Бірақ тиындармен олай сәтті болмады: металл ақша оған деген қажеттілік болмаған кезде айна­лысқа шығарылды…

– Өкінішке қарай, арнайы цех іске қосылған Үлбі металлургия комбинатына Германиядан жабдық уақытында әкелінбеді. Бірақ 1994 жылға дейін күтуге болмайтын еді. Бірақ бұл жөнінде де: теңгені тиындар соғылғаннан кейін енгізу қажет немесе ұлттық валютаны тиынсыз енгізу қажет деген сияқты пікірталас басталды. Кейбіреулер «ұсақтамай» теңгені ғана енгізуді ұсынды. 200 теңге ең жоғарғы номинал болғандықтан, ұсақ ақшасыз болмайтын еді. Біздің жұмыс тобымыз ұсақ ақшаның болу қажеттігін айтты, сол кезде шешім табылып, қағаз тиынға тоқталдық. Олар бір апта бұрын ғана шығарылды, ал қолданыста одан сәл артығырақ болды, алайда ұсақтау монетасының рөлін орындады.

– Сіз осындай бірегей қаржы жо­басына қатыстыңыз. Жылдар өткен соң еліміз үшін бұл қадамның маңыздылығын қалай бағалайсыз?

– Бүгінгі күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы шешімнің қабылда­нуындағы еңбегінің зор екендігін барлығымыз түсінеміз. Оның маңызын қайта бағалау мүмкін емес: теңгеге көшкен бойда Қазақстан күрт алға жылжи бастады. Қысқа мерзімнің ішін­де 90-шы жылдардағы гиперинфля­ция, өндірістің құлдырауы, өзара есеп айырысу, жалақы мен басқа төлем­дердің кешігуі сияқты негізгі пробле­маларды еңсере алдық. Теңгеге көшу жас еліміздің күрделі проблемаларын ғана шешіп қоймай, Қазақстан экономикасының өсуі үшін маңызды алғышарттарды жасады, ол дағдарыстарға қарамастан, әлі де жалғасуда.

Әңгімелескен

Алевтина ДОНСКИХ.

Соңғы жаңалықтар