«Қазмедиа» орталығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелері мен тапсырмаларына байланысты өткен брифингте өзінің ойымен Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Омархан Өксікбаев бөлісті.
Депутат Президенттің сындарын мұқият зерттегенін білдіріп, Үкімет атына 22 түрлі сын айтылғанын жеткізді.
«Қазмедиа» орталығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелері мен тапсырмаларына байланысты өткен брифингте өзінің ойымен Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Омархан Өксікбаев бөлісті.
Депутат Президенттің сындарын мұқият зерттегенін білдіріп, Үкімет атына 22 түрлі сын айтылғанын жеткізді.
Соның 80 пайыздан артығы бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға байланысты сын-ескертпелер болды. Сондықтан да, мен сөзімді бюджет процесіне арнамақпын, деді ол. Депутат бұл мәселені жақсы білетінін көрсетіп, оны әзірлеу барысында тұрақты сипатқа айналған олқылықтарға тоқталды. Алдымен, деді ол, бюджеттік бағдарламалардың орындалуына жауаптылар заңды тұрғыда белгіленбейді. Жоспарлық мерзімде бюджеттік шығыстарға тапсырыс бергенде олар негізсіз артық етіп көрсетіледі. Өткен уақыт аралығындағы бюджеттік бағдарламалардың орындалған, орындалмағаны есепке алынбайды. Тіпті, бақылау-тексеруші органдар жұмысының қорытындылары да қаперге ілінбейді. Норма, норматив дегендерді есепке алу да ұмытылған. Бұларды Парламентте министр Е.Досаевтың өзі де мойындады. Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тұрақты түрде орын алып отыр.
Мәселен, деп жалғады сөзін депутат, 2012 жылдың бюджет шығыстары 98 пайызға орындалған. Ал оның тиімділігі 86 пайыз ғана болған. Осының кесірінен көптеген бағдарламалардың аяқсыз қалғандығы көрініп тұр. Бүгінгі күнгі бюджеттік заңнамада «қосып жазу» деген түсінік жоқ. Бірақ ол іс жүзінде бар. Елбасы осындай фактілерді Үкіметтің алдына жайып салды емес пе? Бюджеттік жоспарлауды әзірлейтін өкілетті орган шығыстар тапсырысындағы деректердің дәлдігін тексермейді.
Екіншіден, бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаражаттарды әкімдіктердің игере алмауы өз алдына, жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен бөлінген трансферттерді тиімді жұмсай білмеуі бізде жылдан-жылға қалыптасқан тұрақты жайға, Үкіметтің «бас ауруына» айналып отыр. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша игерілмеген соманың көлемі 303 млрд. теңгені құрайды екен. Соның 125 млрд. теңгесін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, 170 млрд. теңгесін жергілікті атқарушы органдар игере алмады. Осының өзі жауапкершілікті кімнен сұрауды білмейтін халге жеткізеді. Бұл да Үкімет жұмысының жіті еместігін көрсететін факт.
Үшіншіден, деп алып ол, үш жылдық мемлекеттің бюджеттің формальді түрде жасалатынын сынға алды. Өйткені, қаржылық жылдың өне бойында оған бірнеше рет анықтаулар жасалады. 2009 жылдан бастап 3 жылдық бюджет қабылдауға көшкенде мемлекеттік қаржы саясатының жалғасуын, алға қойған міндеттердің шұғыл өзгеруін реттеуді, мемлекеттік органдардың өз шығыстарын бақылап отыруды көздейді деген едік. Алайда, үш жылдық бюджеттің осы артықшылықтары іс жүзінде орындалмай отыр деп айтуға болады.
Төртіншіден, Елбасы бюджет есебінен салынатын нысандардың алғашқы бағасы артынан үлкен көлемге артып кететінін қатты сынады, дей келіп, депутат оның мәнісін ашты. Нысанды жоспарлағанда асығыстыққа жол беріліп, коммуникацияның мүмкіншілігі зерттелмейді; техникалық құжаттамалар тиянақты жасалмайды; құрылыс алаңы дұрыс таңдалмайды; міне, осының бәрі, сайып келгенде, құрылыстың алғашқы бағасын өте үлкен көлемге арттырып жібереді. Бұған орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кінәлі, деді О.Өксікбаев. Осындайларды болдырмас үшін Үкімет: біріншіден, бюджеттік бағдарламаларға нақты жауаптыларды қолданыстағы заңмен бекітіп алуы; екіншіден, бюджеттік сұраныстардың дәлдігін тексеріп беретін жауапты мамандарды анықтауы; үшіншіден, бюджет жобасын Есеп комитетіне зерттетіп, оның қорытындысын алуы керек.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».