• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 07 Қазан, 2020

Алматылық дәрігер халықаралық FameLab-2020 байқауына қатысады

208 рет
көрсетілді

Осы аптада FameLab Kazakhstan ғылыми коммуникациялық байқауы финалының трансляция мәреге жетіп, оған отандық 10 жас ғалым қатысты, оның ішінде сегізі Nazarbayev University өкілдері, деп хабарлайды Egemen.kz

Алдымен FameLab – ғылыми коммуникация саласындағы әлемдік көшбасшы байқау саналатындығын алға тарта кету керек. 2005 жылдан бері өткізіліп келеді.

Жарыста бағы жанған Нұрлан Сүлейменов 750 000 теңге сыйлыққа ие болып қана қоймай, халықаралық FameLab-2020 байқауына Қазақстанның атынан қатысу мәртебесіне лайық деп танылды. Екінші және үшінші жүлделерге ие болған Шохиста Исмаилжанова мен Әсел Ахметоваға 350 мың теңгеден тиді. Көрермендердің таңдауы бойынша Ш.Исмаилжанова үздік спикер атанып, Kindle электронды кітабына ие болды.

"Ішімді қуаныш кернеп тұр! Негізі, FameLab байқауына қатысу туралы шешімге соңғы күні келіп, видеоны тура соңғы сәтте жібердім, сондықтан финалға өтемін деп күтпедім. Мастер-класс өте  ұнады. Бізге өз стилімізді табуға көмектесіп, ғылым туралы қарапайым тілмен, әрі өте қызықты қылып жеткізуге болатынын көрсетті. Бұрын маған тек биология қызықты секілді болып көрінетін, бірақ енді қолыңнан келсе – барлығын қызықты жеткізе білуге болатынын көрдім. FameLab байқауының арқасында осыны үйренгім келетінін түсіндім", дейді байқау жеңімпазы Н.Сүлейменов.

Бүгінге дейін Қазақстандағы жүздеген жас ғалым қатысып үлгерген FameLab байқауын «Шеврон» компаниясының қолдауымен British Council (Британ Кеңесі) бесінші жыл қатарынан  ұйымдастырып жүр. Биыл байқаудың өтуіне OYLA ғылыми-көпшілік журналы да қолдау көрсетті.

Байқаудың мақсаты – ғылымды насихаттау және оны зерттеуге деген қызығушылықты арттыру. FameLab дарынды жас ғалымдарды анықтауға көмектесіп, олардың коммуникациялық машықтарын жетілдіруге ықпал етеді.

Байқау финалының қазылар алқасына Ұлыбританияның Қазақстандағы елші орынбасары Джонатан Лэйфилд, Causaly Inc техникалық директоры және негізін қаласушы Артур Саудабаев және The Village Kazakhstan негізін қалаушысы Айсана Ашим кірді.

"FameLab – керемет іс-шара! Британ Кеңесі FameLab байқауын 25 елде өткізеді. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар жиналып, ғылым жайлы сөйлесіп, ойлары бір тұстан шығатын тұлғалар тың идеяларымен бөлісіп, өзара пікір алмасады. Жеңімпаз өзінің ғылыми коммуникациялық машығын жетілдіруге, сондай-ақ тәжірибелі халықаралық тренерлер өткізетін мастер-класқа қатысуға мүмкіндік алады", дейді Британ Кеңесі Орталық Азия бойынша Серіктестік бөлімінің басшысы Бен Грей.

"Біз STEM бағытқа ерекше көңіл бөлеміз, сондықтан да FameLab байқауына қолдау көрсетеміз деп шештік, өйткені бұл күрделі ғылыми идеялармен бөлісудің қарапайым әрі қызықты тәсілі", дейді "Шеврон" компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің координаторы Жанар Қошпанова.