• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2013

«О, ғажап!»

517 рет
көрсетілді

Бейжіңді тебіренткен қазақ әуендерін көрермендер осылай деп қабылдады

Бармасаң, келмесең – жат боларсың дегендей, өзінде барын көрсете алмаған елдің қандай екенін кім білген. Бірақ тәуелсіздік маңдайына бақ болып қонған Қазақстанды қысқа уақыт ішінде Елбасының көреген саясатының арқасында әлем танып, мойындап үлгергені анық. Бұған елдің барлық саласы өз үлесін қосып жатқаны және айғақ. Соның бірі ретінде әлемнің төрт бұрышын аралап, күй құдіретін әуелеткен қазақ әуені енді, міне, Аспанасты елінің аспанын да жан жадыратар жырымен көмкеріп алды. Қытайдың үлкен театрына жиналған бейжіңдіктер қазақ әнінің тұла бойды кернеген, жүрек қылын қозғаған ерекше сазы мен қасиетіне тік тұрып, қол соқты. Ілтипатпен құрмет көрсетті.

Бейжіңді тебіренткен қазақ әуендерін көрермендер осылай деп қабылдады

Бармасаң, келмесең – жат боларсың дегендей, өзінде барын көрсете алмаған елдің қандай екенін кім білген. Бірақ тәуелсіздік маңдайына бақ болып қонған Қазақстанды қысқа уақыт ішінде Елбасының көреген саясатының арқасында әлем танып, мойындап үлгергені анық. Бұған елдің барлық саласы өз үлесін қосып жатқаны және айғақ. Соның бірі ретінде әлемнің төрт бұрышын аралап, күй құдіретін әуелеткен қазақ әуені енді, міне, Аспанасты елінің аспанын да жан жадыратар жырымен көмкеріп алды. Қытайдың үлкен театрына жиналған бейжіңдіктер қазақ әнінің тұла бойды кернеген, жүрек қылын қозғаған ерекше сазы мен қасиетіне тік тұрып, қол соқты. Ілтипатпен құрмет көрсетті.

Иә, Қазақстаннан Қытайдың астанасы Бейжіңге еліміздің мәдени күндерін өткізуге барған бір топ өнер иелеріне мұн­­дай қошемет текке көрсетілмегені бел­гілі. Өйткені, еліміздің Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев: «Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет» деп айтқандай, бұрын да, қазір де тіршіліктің мәні де, сәні де мәдениетте екендігін адам баласы мойындап отыр. Бұл орайда, Қазақстанның әлем елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жылдан-жылға жандана түсуде десек, артық айтқандық емес. Жалпы, бұл тұрғыда, Қазақстан мен Қытай халықаралық мәдениет ұйымдарының, атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның ауқымында өзара байланыстар белсенді жүргізіліп келе жатқаны көңіл қуантады.

Қазақстан-Қытай қатынастарының ең негізгі құжаты – 2002 жылғы 23 жел­тоқ­сандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы ара­сын­да­ғы Тату көршілік, достық және ынты­мақ­тастық туралы келісім болып табыла­ды. Қазақстан-Қытай қатынастары өзі­нің саяси байланыстарының жоғарғы қар­қындылығымен сипатталады. Соның ішінде мәдениет саласындағы екіжақты қатынастарға айрықша мән берілуде. Жалпы, екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екендігін білдіретін шаралар жиі өтуде. Мәселен, соның бірі Бүкіләлемдік әмбебап көрмелер тарихын­да 2010 жылы Шанхай қаласында ұйым­дастырылған көрменің маңызы ерекше болғанын бар басылым жарыса жазды. Бұл «Тамаша қала – тамаша өмір» ұранымен өткізілген Дүниежүзілік әмбебап көрме Хуанпу өзенінің қос жағалауында, Наньпу және Лупу көпірлерінің ортасында қанат жайды. Осында біздің еліміз ЭКСПО-2010 көрмесіне тұңғыш рет өзінің павильоның салды. Сөйтіп, «Астана – Еуразия жүрегінде» атты Қазақстан павильоны ең жаңа және жоғары қарқынмен дамыған әлем астаналарының бірінен саналатын Астана қаласының тәжірибесі арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін айдай әлемге паш етті. Қазақстанда Конфуций институттары жұмыс жасауда.

2011 жылғы 11-13 қазан аралығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астананың Бейжіңдегі мәдениет күндері өткізілді. Р.Рымбаева, А.Мұсақо­жаева және Н.Өскенбаева сияқты қазақ­стандық әртістердің қатысуымен гала-концерт өт­кен болатын. Сол сияқты, осы жылы күз­де Қытай Халық Республикасы Ганьсу провинциясының Ақсай қазақ автономиялы уезінде төл күресімізден тоғызыншы рет Азия чемпионаты өтті. Оған 14 елден 100-ге жуық балуан қатысып, қазақ күресінен құрлықтың бас жүлдесін сарапқа салды.

Енді, міне, жер жұмағы Сарыарқадан жеткен текті әуен үлкен театрдың, тіпті, Бейжіңнің, Қытай аспанын десек те артық емес, тербетіп әкетті. Қазақтың қасиетті қара домбырасының тілінен бал тамызып, ән мен күйдің керемет күйін келтірген Құрманғазы атындағы академиялық оркес­трі қаптаған қалың көрерменнің көңілін көгілдір көкке көтере түсті. Әлдебір тәтті де жұмбақ се­зім­ге бөленген жұрт: «О, ға­жап!» десті. Құлақ­тан кіріп, бойды ара­лаған тәтті күй мен әсем ән жан жылуын байытып, әр жүректің қыл пернесін дөп басып жатты.

Бұл сөзімізге нақты дәлел гала-концерт бағдарламасына қазақстандық және әлемдік музыкалық мәдениет мұрасынан классикалық және қазіргі таңдағы опера­ның шығармалары, вокальды, аспапты және би өнері қамтылды. Қазақстан би өнерінің ұлттық көркі – Astana Ballet хорео­графиялық ұжымының халықаралық тұсаукесері өтті. «Абай» операсынан «Той­бастарды» Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Т.Мұсабаев пен А. Ниязова орындағанда көрермендер көз алдына қазақ халқының мәуелі тұрмысын, үлгілі салт-дәстүрлерін елестеткендей болды. Өйткені, қазақ хал­қының негізгі мейрамдары осы «Той­бастар» деп аталатын салтанатты ән­мен ашылатыны анық.

Қытайдың Хань әулетінің елшісі 2 мың жылдан астам уақыт бұрын бейбітшілік пен достық миссиясымен қазақ даласына екі рет келіпті. Сол сапарлар Қытайдың Орталық Азиямен достық қатынастарының кеңеюіне ықпал етіп, Жібек жолының Шығыстан Батысқа, Азиядан Еуропаға барар бағыттарын ашқанын тарихшы­лар да жақсы біледі. Міне, осыған орай ертедегі Жібек жолының бойын жай­лаған қазақ жері Шығыс және Батыс өрке­ниетінің ықпалдастығына зор үлес қосып, түрлі ұлттар мен мәдениеттер арасындағы байланыстардың дамуына үлкен септігін тигізді. Жалпы, бұл орайда ұлы дала өнері, мәдениеті мен қазынасы туралы сыр шертетін деректер көп. Соның қазіргі кездегі бірі ретінде Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында Бейжің қала­сының Ұлттық мұражайында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала қазынасы» атты көрменің ашылуы болды.

Көрмеде археологтар Қазақстан аума­ғынан тапқан ерте дәуір көшпенділерінің (скиф-сақ) алтын бұйымдары, сондай-ақ, мұражай қорынан алынған зергер-шеберлердің дәстүрлі бұйымдары келушілер назарына ұсынылды. Мұндағы басты экспонат 1969 жылы К.Ақышевтің басшылығымен Есік қорғанынан табылған б.з.д. V-IV ғасырмен белгіленетін «Алтын адам» болып табылады. Сол сияқты, аталған көрмеде Шілікті ханының қалпына келтірілген сақ киімі және 1999 жылы археолог-ғалым З. Самашев Аралтөбе қорғанында тауып алған Сармат жауынгері де көрсетілді. Сондай-ақ, мұнда Берел қорғанынан қазба жұмыстарын жүргізу кезінде табылған скиф-сақ аңшылық стилінде ресімделген ат сайманның, ер-тоқымның дүниелері және «Жалаулы қазынасынан» сақ дәуіріндегі әшекей бұйымдар, «Қарғалы қазынасынан» безендіру стилінде жасалған зергерлік заттар жиынтығы қойылды.

Қазақстанның зергер-шеберлері ежел­­гі қолөнерінің ең озық дәстүрлерін жал­ғастырып келгені анық. Олар металдың құндылығын шебер пайдалана отырып, сәукеле, белбеу, тұмар, алқа, шолпы, білезік, сырға және жүзік сияқты бұйымдарды табиғи жартылай бағалы тастармен бе­зендіріп, күмістен жасаған. Мұнда 4 мың­­нан аса алтын бұйымдар түрлі техни­калар – құю, қырлау, өрнектеу және т.б. арқылы орындалған. Сондықтан да кү­містен, алтыннан, табиғи және жартылай бағалы тастардан жасалған дәстүрлі қазақ зергерлік бұйымдарының түрлі-түсті көрмесі келушілерді таңғалдырды. Жылқы әбзелдері, қару-жарақ, әйелдердің зергерлік бұйымдары – бұлардың бәрі де үлкен шеберлікпен жасалып, күнделікті өмірде қолданылған. Материалы және орындалуы бойынша асқан шеберлікпен жасалған «Өңіржиек» – кеуде бұйымы, «сәукеле» – келіншекке арналған бас киім – жоғары маңызы мен мәні бар зергерлік бұйымдар. Оларды жасау техникасының тамыры тереңде жатыр – қазақ зергерлері көне шеберлердің дәстүрлерін жалғастырып, эстафета бойынша біздің қазіргі шеберлерге жеткізді. Біздің замандастарымыз – зергерлер ежелгі шеберлердің қалыптасқан дәстүрлеріне ұқыптылықпен қарайды. Осы орайда айта кету керек, елордамыз Астана төрінде орналасқан алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында табылған қазақ халқының рухани және материалдық құндылықтарын жұртшылыққа паш етуді көздейді. Сөй­тіп, «Ұлы дала қазынасы» көрмесі бей­жіңдіктерді тәуелсіз Қазақстанымыздың бай мәдени мұрасымен, тарихымен, өнерімен және дәстүрлерімен таныстырып, шынайы да мазмұнды мәліметтер берді.

Кең-байтақ жеріміздің асты да, үсті де қазынаға бай екендігі және оны тиімді пайдалана білу өз нәтижесін бергендігіне Қытай басшысы Си Цзиньпин де, яғни, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы экономикалық және сая­си дамуындағы жетістіктеріне таңданыс білдірген болатын. Қазақ елінің бұл тарапта едәуір ілгері кеткенін және бұл қадамы халықтың тұрмыс деңгейін айтарлықтай жақсартып, халықаралық беделінің артуы­на жол ашқанын атап өтті. Мұның тағы бір дәлелі Астананың қазіргі келбетінен де көрініп тұрғанын жеткізді. «Небәрі 10 жылдың ішінде нағыз заманауи қала деңгейіне көтерілген Астана Қазақстан жерінің тағы бір ғажайып құбылысы атанып отыр. Астана – еңбексүйгіштіктің, Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі мен жарқын болашағының символы», деді осы орайда ҚХР Төрағасы. Сонда Си Цзиньпин мәңгілік достық пен екі мың жылдан астам өзара қатынастардың жылнамасы, түрлі ұлттары, мәдениеттері, діндері бар елдер өзара сенім мен түсіністік, тең құқықтық әрі өзара тиімділік рухын басшылыққа алатын болса, бірлескен дамуға ұмтылып, бейбітшілік пен келісім жағдайында қанат жая алатынын атап өткен болатын.

Ал бұл тұрғыдан қарар болсақ, Қытай мәдениеті әлемдегі ең байырғы мәдениет болып саналады. Өйткені, Қытай ғана дос­тық пен конфуциандық философиялық ілімдердің отанына айналды. Сондықтан да болса керек, конфуциандық әлемтану жүздеген жылдар бойы Қытайдың ресми идеологиясы болып келді.

Қытайдың сурет өнері мен поэзия­сы терең ойларға құрылған. Қытай ше­берлерінің қолынан шыққан суреттердің бояуы мен техникалық орындау шеберліктерімен таң­ғалдырады. Өйткені, қытайлықтар қашанда еңбексүйгіш, табанды, тапқыр. Сондықтан да, Қытайда талай ұлы жа­ңалықтар дүниеге келді, алғашқы компас пен оқ-дәрі де Қытайда жасалған. Қытайлық саяхатшылар Ұлы Жібек жолын ашып, Африка жағалауларына жетіп, Үндістан, Тайланд, Жапонияға жүзіп барды. Бір кездегі осы Ұлы Жібек жолы бойында қазір мұнай-газ құбырлары тартылып, екі елді автомагис­тралдар, темір және әуе жолдар байланыс­тары одан әрі жақындата жалғастырып жатыр. Міне, осылайша Қытай мен Қазақстан халықтарының мәдени-тарихи байланыстары көне тарих қойнауынан бастау алады. Бұл байланыстардың жалғасы ретінде екі халықтың ғасырлар бойы тату көрші, адал әріптес болуының айғағын Бейжің қаласындағы үлкен мұражайлардың қай-қайсысынан болмасын таба аламыз.

Ал Қытайдың каллиграфия өнері өз алдына бір әңгіме. Сол сияқты, қытайлық мәдениетте қоян-қолтық ұрыс өнері өте маңызды орын алады. Дәстүрлі көп­сайыстардың қайсыбірі қытайлық мәдени құндылықтардың арасынан орын тепті. Мәселен, арыстан мен айдаhар биі – дәс­түрлі қытайлық билер. Олар түрлі фес­тивальдер мен мейрамдарда, әсіресе, Жаңа жылда ерекше орындалады. Қытайлықтар өздерінің салт-дәстүрлерін, ырымдарын аса құрметтейді және былай қарағанда, жатқан бір жұмбақ халық болып көрінеді. Бірақ олардағы негізгі ережелерді сақтар болсақ, әлемнің басқа елдеріне қарағанда Қытайдағы өмір әлдеқайда жеңіл әрі тартымды екені байқала түседі. Мұны қытайлықтар еңбексүйгіштік, шыдамдылық, патриоттық, кішіпейілділік, этика ілімін жақсы меңгерумен байланыстырады. Мұның бәрі қытайдың ұлттық ерекшеліктері болып табылады. Қытайдың ұлттық ерекшеліктері, көбіне олардың тұрғындарының мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінен көрініс тауып жатады. Оларға әдептілік пен сыпайылық тән, олар онша көп сезімге бой алдырмай және оқиғаға ұстамды қарай біледі. Қытайлықтармен кездескенде жеңіл қол алысу мен сәл бас июдің өзі жетіп жатыр. Дегенмен, олар анау айтқандай, тұйық емес, керісінше, ашық және жарқын әңгімелесуге қашанда дайын.

Жалпы, Қытайдың мәдениеті сонау бағзы заманнан бастау алады және оның тамыры өте тереңде жатыр дейді білетіндер. Өйткені, қытайлық мәдениет қана адамзатқа Құдай арқылы берілген деп есептелінеді. Адамгершілік, әділдік, мінез-құлық ережесін сақтау, біліктілік және адалдық ежелгі Қытайдың түрлі дана императорларының, әміршілерінің өмірлік ұстанымдары болғаны анық. Міне, Қытайдың мәдениеті осы құндылықтар арқасында қалыптасып, дамып және сақталып келеді. Мәселен, Мей Ланьфанның есімі мен «Бейжің Операсы» теа­тры әлемді сілкіндіріп, жалпы, мойындалған символдардың бірден-бір кереметіне айналды. «Бейжің Операсы» дегеніміз, бұл театр өнерінің (опера, балет, пантомимо, трагедия және комедия) барлық жанрларының ұштасуы. Репертуар байлығы, сюжет күрделілігі, актерлердің шеберлігі мен сахналық қайталанбас сәттер арқылы көрермендер жүрегіне жол тауып, олардың қы­зығушылығы мен қошеметіне бөленеді. Бұл орайда, «Бейжің Операсы» секілді ашыл­­­­ғанына көп болмаса да, өзіміздің «Ас­­­­тана Опера» мемлекеттік опера және ба­­­­­лет театры заманауи жаңалығымен, теа­т­­­­р саңлақтарының шеберлік шыңындағы ға­­жайып өнерлерімен қазірдің өзінде-ақ таны­­лып қалғаны белгілі. Олар да өнерлерін Қы­тайда тағы бір мәрте асқақтата түсті.

«Бірлік бар жерде, тірлік бар», дей­ді дана халқымыз. Ендеше, мәдени ынтымақтастық саласын одан әрі дамыту туралы Елбасы Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммитінде де атап өтті. Мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді «Шанхай үдерісінің» маңызды бөліктері деп санаймын, деді Қазақстан Президенті.

Соның бір көрінісіндей, екі ел бас­шыларының уағдаластығына сай Қазақ­станның мәдениет күндерінің жалғасы Үрімші қаласының «Опера Хаус» атты опе­ралық залында одан әрі мәні мен маңызын байыта түсті. Мұнда Қазақстанның мәдениеті мен өнерін жан-жақты таныс­тырған гала-концерт өтті. Концертте Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Тілеухан, Майра Мұхамедқызы, ҚР халық әртісі Роза Рымбаева, республикалық жә­­не халықаралық конкурстардың лау­реаттары Біржан Әлиев, Төлебек Нұрғали, Нұржан Бажекенов, Салтанат Ахметова сияқты Қазақстанның танымал әртістері, «Орда» тобы, сонымен қатар, жоғарыда айтқанымыздай, «Астана Опера» мем­лекеттік опера және балет театрының әртіс­тері де өнер көрсетті.

Бұл халықаралық шара Қазақстан-Қытай мәдени ынтымақтастығының жал­­­ғасы іспеттес. Оның Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ұйымдастырылып отырғаны көңілге қуаныш әкеледі. Сөйтіп, бұл мәні зор мәдени күндердің ашылу салтанатына Қытай елінің мәдени мұ­ра және мәдениет қызметкерлері, дип­ломатиялық корпус, ел тұрғындары, қа­зақ диаспорасының өкілдері қатысып, ақжарқын тілектерін білдірді. Мәселен, Бейжің «Ұлттар» баспасының қызметкері Мұнай Әбілбайұлы Қытайда отыз жылдан бері тұрып келе жатқанын, жергілікті халықтың өнерімен таныс екенін, дегенмен, Қазақстаннан келген өнер адамдарының шеберліктері таңғалдырғанын жасырмай айтты. Сол сияқты, Үрімжі қаласының байырғы тұрғыны Нұрмұқан Жанұзақ, Шыңжаң телеарнасы қазақ редакциясының директоры Рақымжан Тоқтақын да концерттен алған әсерлерін, Қазақстанның тамаша жетістіктерін мақтана жырлады. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Дмитрий Мезенцев бұл концерттен алған жағымды әсерімді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, дейді. Өте тамаша өнер көрсетілді. Қазақстанның осындай мәдени жетістіктері, екі елдің арасындағы мызғымас достық қарым-қатынастары, бір-біріне деген үлкен құрметі, концерттегі өнер көрсеткен әртістердің шеберліктері адамға үлкен мақтаныш сезімін тудырады. Бұл тек әртістердің сахнада өнер көрсетуі ғана емес, осы ар­қылы екі елдің достығын әлемге паш ету болып табылады, деді Дмитрий Федорович.

Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндеріне байланысты жалғасқан ән мен күйдің нағыз мәуелі әуені шары­қ­тады. Көрермен жұртшылық лық толған зал сахнасы шымылдығы сыпырылып, одан Құрманғазы атындағы Қазақ Мем­лекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі көрінгенде иін тірескен зал ішін ду қол соғу үні көміп жіберді. Шын кө­ңіл­ден шыққан құрмет халықаралық конкурстардың лауреаты Арман Жүдебаев дирижерлік еткен оркестр Құрманғазының «Сарыарқа» күйін төгілдіріп, тамсандырып, таңғалдырып әрі шаттандырып орындап шыққан соң да қызу жалғасын тапты. Бұдан кейін де сол А.Жүдебаевтың дирижерлік етуімен «Біржан-Сара» операсындағы «Айтысты» оркестрмен қо­сыла халықаралық конкурстардың лау­реа­ты Нұржан Бәже­кенов, Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова орындағанда айтыс өнерінің құдіреті мен қасиеті, тапқырлық пен сөз шеберлігі ұштастырыла айқындалды. Ал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бекболат Тілеухан А.Сейдімбектің «Дәурен-ай» және «Молдабайдың әнін» орындағанда ән сазы мен орындау шеберлігіне риза болып қол соқпаған жан қалмады.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова қазақтың халық әні «Саған халқым» және Сегіз серінің «Гауhартас» әндерін нақышына келтіріп орындап берді. «Бұл, бұл заман» композиция­сын халықаралық конкурстардың лауреаты Еділ Құсайынов, Ерболат Ахмедияровтың дирижерлік етуінде халықаралық конкурс­тардың лауреаты Нұржан Бажекенов Мариям Жагорқызының «Дударайын», сол сияқты, сопрано шеруін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова және халықаралық конкурстардың лау­реаттары Салтанат Ахме­това, Әсем Сембина, Ықыластың «Жез­киігін» қобызшылар триосы Әсел Рақымжан, Анар Қабдыманова, Айнагүл Әділова, халықаралық конкурстардың лау­реаты Салтанат Ахметова Латиф Хамидидің «Бұл­бұлын» асқақтата орындады.

Қазақ биі «Аққу қыздарын» «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі мен оркестр шалқыта төгілдіріп, көрер­меннің көңіліне көрікті күйінде жеткізе білді. Ал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы қазақтың халық әні «Ағажай Алтайды», ұйғырдың халық әні «Бір пиала» және қытай халқының «Қытай менің сүйікті елім» әнін, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Н.Тілендиевтің «Куә бол», Чен Джин Синнің «Шаттық үнін» және Талғат Мұсабаев, Андрей Треу­бенко, Олег Татамировпен қосылған кон­церттің барлық мүшелері толығымен сахна төрінде тізіліп «Атамекенді» шырқай шарықтатқанда, шіркін-ай, шаттанбаған жан қалмады-ау! Зал толы халық орындарынан тік тұрып қол соқты. Ұзақ соғып тұрып алды. Олар тамаша Қазақ елінен келген өнер адамдарымен қоштасқылары келмеді.

Осылайша, Қазақстан Республикасының мәдениет күндерін Қытай Халық Респуб­ликасында өткізу бүкіл қытай көрермендері үшін қазақ мәдениетіне деген үлкен қызы­ғушылықты оятып, Қазақстан-Қытай мә­дени байланыстарын дамудың жаңа сатысына көтере түскені ірі жетістік әрі үлкен абырой деп білеміз.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА – БЕЙЖІҢ – ҮРІМЖІ – АСТАНА.

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар