• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қазан, 2020

Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанды аралады

185 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жылу маусымының басталуы қарсаңында Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанды аралады. Өңір басшысы алдымен оңтүстік бу қазандығында болды. Қаладағы 197-і көп қабатты үй, 5 балабақша, 10 медициналық мекеме, барлығы 763 нысан жылуды осы қазандықтан алып отыр. Жылу қазандығы газбен жылытылады, резервтік  отын ретінде 644 тонна мазут алынған. Аймақ басшысы дайындық жұмыстарын дер кезінде аяқтап, қала тұрғындарын уақытылы жылумен қамтуды қатаң тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мұнан кейін Г.Әбдіқалықова Ә.Бөкейхан көшесінде "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан УТ-15А магистралды жылу желілерін қайта құру жобасын назарға алды. Ұзындығы 1 567 метр жылу желісін "Авангард" ЖШС қайта жүргізуде.

"Пандемия уақытында біз тұрғындардың денсаулығына аса мән беруіміз қажет. Қазіргі уақытта күн суып келеді. Сондықтан қала халқына дер кезінде жылу берілу керек. Ол үшін мердігер мекеме осы жұмысты 10 қазанға дейін аяқтауы қажет", - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі №15 Автономды блокты-модульді қазандығының жұмысын да көрді. "Арай-2" шағын ауданында орналасқан "Қызылордажылуэлектрорталығына"  қарасты қазандық 2015 жылы пайдалануға берілген. Осы аудандағы 19 көпқабатты үйді жылумен қамтамасыз етеді.

Сырдарияның сол жағалауындағы үйлерді жылумен қамтамасыз ететін автономды блокты-модульді қазандығының құрылысы да 15 қазанға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Бүгінде 2 су қоймасының құрылыс-монтаж жұмыстары, қазандыққа қажетті жоғарғы қысымды газ құбырларын, ауыз су құбырларын тартып, қазандықты монтаждау, ғимараттың ішкі бөлмелерін салу, моржаларының монтаждау жұмыстары жүргізілген. Келісімшарт бойынша құрылысты аяқтау желтоқсан айы деп белгіленгенмен, мердігер мекеме жылу маусымының басталуына дейін жұмысты толық орындайтындығын жеткізді. Аймақ басшысы қазандық құрылысын сапалы аяқтап, сол жағалаудағы 32 көпқабатты үй мен 2 әлеуметтік нысанды дер кезінде жылу жүйесіне қосуды тапсырды.

Облыс әкімі "Қызылордажылуэлектрорталығына" да барды. Орталықтың биылғы маусымға негізгі жабдықтарын дайындау мақсатында "Жұмыспен қамту 2020 Жол картасы" бағдарламасы шеңберінде 1022 млн теңге бөлінген. Осының арқасында 156 адам жұмысқа орналасты. Аталмыш жылумен жабдықтау аймағының жылу энергиясын 995 нысан тұтынады. Оның ішінде 365 көпқабатты үй, 29 мектеп, 13 балабақша, 9 медициналық мекемені жылумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қуаттылығы 113,2 Мвт электр энергиясын өндіреді.

Аймақ басшысы 200 орынға арналған модульдік үлгідегі жұқпалы аурулар ауруханасының да құрылысымен танысты.