Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстанда сандық телерадиохабар таратуды енгізу мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Сандық телехабар таратуға көшу Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының шешуші бағыттарының бірі ретінде қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық кеңістік құру қажеттілігіне және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына байланысты жүзеге асырылып отыр.
Байланыс және ақпарат министрлігі жүргізген ағымдағы техникалық және экономикалық мүмкіндіктерге талдау нәтижесінде елеулі техникалық және экономикалық артықшылықтарға ие хабар таратудың ұлттық операторын құру және сандық жерүсті, кабельді, спутниктік және мобильді тарату стандарттарын анықтау жөнінен бірқатар ұсыныстар енгізілді. Сол сияқты жергілікті жерлердің жер бедерін, климаттық жағдайлары мен халықтың орналасуын ескере отырып сандық хабар таратудың жоспары да әзірленетін болады.
Премьер-Министр бүтіндей алғанда ұсынысты қолдады және сандық теледидар енгізу, сондай-ақ оның нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру жөнінен бірқатар тапсырмалар берді.