Алматылық экстремал жаяу жүргіншілер жүретін көпірдің аркасына шығып, тұрғындардың есін шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz
Оқиға орнындағы кадрлар әлеуметтік желіде тарап кетіп, қызу талқыға түсіп жатыр. Видеодан оқиғаның кеш құрым уақытта болғанын көруге болады.
Аталған жайт кеше, 8 қазанда болған. Тәртіп сақшылары бұл оқиғаны қала тұрғындары хабар бергеннен кейін ғана білген. Акробат Алматы қаласының 25 жастағы жергілікті тұрғыны болып шықты.
Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек: "Біздің қызметкерлер жігітті Әуезов ауданының полиция бөліміне жеткізді. 25 жастағы қала тұрғыны кәсіби түрде акробатикамен айналысатыны анықталды. Оның айтуынша, көпірдегі жағдайды досы дронға түсіріп тұрған. Олар видеоролик дайындаған. Бүгінде ол істеген әрекеттері үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша жауапқа тартылады", дейді ол.